
Министрліктің мәліметінше, Астана, Бішкек және Ташкент 2026 жылға дейінгі су-энергетикалық баланс бойынша келісімге келген. 2025 жылдың 7 қыркүйегінде Шолпан-Ата қаласында өткен кездесуде Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Қырғызстан және Өзбекстан өкілдерімен бірқатар хаттамаларға қол қойған.
Келісімдер шеңберінде үш негізгі бағыт қарастырылған. Тоқтағұл су қоймасынан су жіберу тәртібі реттеліп, еліміздің оңтүстігі суармалы сумен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ Қазақстан мен Өзбекстан Қырғызстанға электр энергиясын жеткізеді, бұл үшін Ресей энергиясы Қазақстанның жүйелері арқылы транзиттеледі. Үшінші келісім бойынша Өзбекстан 2026 жылдың наурызынан желтоқсанына дейін Қазақстанға шамамен 900 миллион кВт-сағат электр энергиясын жеткізеді. Бұл кезеңде елдің оңтүстігіндегі электр станциялары жаңғыртылады.
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов келісімдердің маңыздылығын атап өтті.
«Қол қойылған хаттамалар – көрсеткіштері, мерзімі мен бағалары көрсетілген нақты жұмыс құжаты. Біз жеткізудің техникалық шарттарын нақтылап, өзекті мәселелерді шештік. Қазақстан өз міндеттемелерін толық орындайды және серіктестер тарапынан да осындай ұстанымды күтеді», деді министр.
Министрлік дерегінше, 2024 жылы Қазақстанда электр энергиясын тұтыну 4,3 пайызға артқан. Қазіргі таңда ел электр энергиясының негізгі бөлігін Ресейден импорттайды.