
Фото: turkystan.kz
Мемлекет басшысы бұл қатарда тарифтерді ырықтандыру, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының инфрақұрылымын басқарудың жаңа моделін қалыптастыру сияқты шаралар атқарылуы керектігін айтты.
«Мұндай үлгі бойынша, тарифтер өскен сайын халыққа сенімді әрі сапалы қызмет көрсетілуге тиіс. Бұл іске «Ақылды қала» құру тұжырымдамасының көмегі тиері сөзсіз, оны еліміздің барлық өңіріне тарату керек. Оған озық халықаралық тәжірибелерді қолданып, білікті басшыларды, соның ішінде шетел мамандарын тарту қажет. Қазіргі жағдайда мемлекет пен бизнес серіктестік орнатпаса, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мүмкін емес. Бұл – аксиома. Кейбір тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы нысандарын әкімдіктердің қарамағында сақтап қалу қажет пе, жоқ па дегенді жаңаша зерделеген жөн», деді Президент.
Қ.Тоқаев жеке коммуналдық нысандарды мемлекет меншігіне алу даулы мәселе екенін ескеріп, ерте ме, кеш пе, қайтадан жекешеге өтпеуі үшін саланы реттеудің маңыздылығына тоқталды.
«Ал оның инфрақұрылымын жаңғырту және жаңа технологияларды енгізу – жеке сектордың шаруасы. Билік құрылымдары негізінен цифрлық тәсілдерді қолдана отырып, инфрақұрылым жобаларының ашықтығын қамтамасыз етуге міндетті. Сонда Үкіметке және әкімдіктерге азаматтардың сенімі нығая түседі. Коммуналдық шаруашылықты жаңғырту ісі инфрақұрылымдар мен тұрғын-үй қорын энергияны үнемдеуге көшіру шараларымен қатар жүруге тиіс», деді Мемлекет басшысы.