ЖОЛДАУ • Бүгін, 12:50

Мемлекет басшысы жастардың ғылымға ұмтылысын қолдауға шақырды

30 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында қазіргі ұрпақтың патриотизмді қабылдау ерекшелігіне тоқталды. Мемлекет басшысының айтуынша, жастар елге деген сүйіспеншілікті жаңалық ашумен, жаңа іс бастауымен байланыстырады, деп жазады Egemen.kz.

Мемлекет басшысы жастардың ғылымға ұмтылысын қолдауға шақырды

Фото: ашық дереккөз

«Қазіргі көкірегі ояу жас ұрпақ отаншылдықты басқаша түсінеді. Жастардың басым бөлігі әсіреұлтшылдықты да, әсіредіншілдікті де қолдамайды. Олар үшін патриотизмнің басты көрсеткіші – жасампаздық пен жаңашылдық. Бұған қоса «Елді сүю дегеніміз – халыққа пайдасы тиетін жаңа іс бастау» деп ойлайды. Жастар Қазақстанды дамыған, өркендеген мемлекет ретінде көруге ұмтылады», деді Президент.

Мемлекет басшысы өскелең ұрпақтың бойындағы патриотизмді болашаққа деген шынайы ұмтылыс деп бағалады.

«Бұл – қоғам санасында болып жатқан өзгерістің айқын көрінісі. Мен жастардың күш-жігеріне, дарыны мен біліміне сенемін. Біз қолға алып жатқан барлық ауқымды жұмыс – олардың жарқын болашағы үшін жасалып жатыр», деді Тоқаев.

Президент жастардың ғылым-білімге деген талпынысын қолдаудың маңызын атап өтіп, жаңа дәуірде жасанды интеллекттің орны ерекше екенін айтты. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Абайдың «Адамның адамшылығы ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» деген нақылын мысалға алды.

«Өркениетті әрі озық елдің заңы әділ, билігі білікті, азаматтары саналы және белсенді болуға тиіс. Мемлекеттік деңгейде қабылданған әрбір шешім халықтың тұрмысын жақсарту, экономиканы тұрақтандыру, әлеуметтік әділдік орнату үшін жасалған іспен өлшенеді. Сонда ғана біз жаңа тұрпатты, мықты ел боламыз»,  деді Президент.