Қоғам • Бүгін, 07:55

«Кітап оқитын ұлт» жобасы жалғасады

40 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қанатқақты жоба өскелең ұрпақты бала кезінен кітап оқу­ға дағдыландыру, халық ара­сында оқу мәдениетін қалып­тас­тыру, түптеп келгенде, бүтін ел болып әлемдегі ең көп кітап оқитын он елдің қатарына ену сияқты биік мақсат қойып отыр.

«Кітап оқитын ұлт» жобасы жалғасады

Жоба Мемлекет басшы­сы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың Атырауда өткен Ұлт­тық құ­рылтайда айтқан тұжы­рым­дамасы негізінде жүзеге асырылады. Жоба аясында «Кітап оқитын мектеп», «Кітап оқитын колледж», «Кітап оқитын университет», «Кітап оқитын педагог», «Кітап оқитын әулет», «Кітап оқитын мемлекеттік қыз­метші» деп аталатын алты бағыт бойынша байқау ұйым­дастырылады.

Әр бағытқа қатысушы­лар­дың жасы мен қызығу­шы­лық­тары ескеріле отырып 15 кітап дайындалған. Жал­пы, тізімге «100 кітап» жал­пы­ұлттық сауал­нама нәти­же­сінде таңдалған шығар­малар мен әлемдік бестселлерлер енгізілді. Мысалы, «Оқи­тын мектеп» бағыты үшін 6–10 сынып оқушыларына әр сы­ныпқа 15 кітаптан, жалпы 75 кітап тізімі әзірленген.

«Кітап оқитын ұлт» жо­ба­­сы аясында байқауға қа­ты­­су­шылар кітап оқиды, шы­ғар­машылық тапсырмалар орын­дайды, зияткерлік байқауларда бақ сынасады.

2025 жылы аталған жоба­ға Қостанай облысының 40 мың­­нан астам тұрғыны қаты­са­ды. Байқауды «Amanat» пар­тиясының қолдауымен «Кітап оқи­тын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры мен Қос­танай облысының әкімдігі ұйымдастырып отыр. Бас де­меуші – «Alageum Electric» компаниясы. «Біздің басты мақ­сатымыз – елімізде кітап оқу мә­дениетін қалыптастыру, бала­лардан бастап барлық са­нат­тағы азаматтарымыз­дың кі­тап­қа деген сүйіспенші­лігін ояту», дейді аталған қор­дың ат­қарушы директоры Аян Сакошев.

Мұның сыртында, мектеп­терде оқырмандар клуб­тары құ­­рылып, оқылған шығар­ма­ны талдау, талқылау кеш­тері өтеді.

«Бүгін біз облыста «Кітап оқитын ұлт» жобасының бас­­талғанын жариялаймыз. Аталған жобаға Қарағанды облысы мен Шымкент қаласы да қатысады. Сондықтан өңір тұрғындарын көштен кейін қалып қоймай оқырмандар сайысына белсенді қатысуға шақырамын. Бұл – жаңа білім көкжиегін ашатын, жеке тұлғаны дамытатын және зияткерлік әлеуетті нығай­татын, оқу мәдениетін қалып­тастыруға жасалатын маңызды қадам», дейді Қостанай облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов.

Байқау жеңімпаздары қо­мақты қаржылай сыйлық­пен марапатталады.

 

Қостанай облысы