Тағзым • Бүгін, 08:00

Күйшілер есімі қашалған белгітас

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астананың ортасында ерекше аллея бар. Абылай хан даңғылы мен күйші Дина көшесінің қиылысындағы Күйшілер аллеясының маңдайын жарқыратып, даңқын асырған Дина Нұрпейісова ескерткішінің алаңында екі үлкен ескерткіш тақтаға қазақ күйші-композиторлары мен жырау-жыршыларының есімі жазылған. Домбыра мен қобыз мүсіні және бар. Бұл жерде рухани шаралар өтіп тұрады. Осы жолы мұндағы халық күйші-композиторларының аты-жөндері қашалған үлкен ескерткіш тақтаға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күйші-композитор, профессор Орынбай Дүйсен есімі жазылды. Былтыр дүние салған күйшінің қазақ күй өнері мен музыкасына еңбегі сіңгенін көзіқарақты көпшілік білсе керек.

Күйшілер есімі қашалған белгітас

Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Аталған іс-шараны ұйымдас­тырушы «Күй анасы» қоры­ның жетекшісі, қоғам қай­рат­кері Төлеген Қуанышев мазмұнды жиын ашылуында мәйекті ой ағытты. «Тіршілігінде ұлт өнеріне өлшеусіз еңбек сіңіріп, қасиетті күй өнерін дә­ріптеп қана қоймай, жүздеген домбырашы, күйші тәрбиелеген, күй өнерінің шын мәніндегі нар тұлғасы Орынбай Дүйсен есімі қандай құрметке болсын лайық. Сондықтан өнер иесінің есімі қазақ халқына даңқы жайыл­ған күйшілер қатарына қашалуы заң­ды­лық. Игілікті іс Құрманғазы атындағы консерваториясы ғылыми кеңесінің шешімі негізінде Астана қаласы Мәдениет басқармасы, Алматы ауданы басшыларының, Нұрлан Бекенов бастаған шәкірттерінің қолға алуымен жүзеге асырылып отыр», деді Төлеген Қуанышев.

ааа

Құрманғазы, Абыл, Қазанғап сынды ұлы күйшілер мұрасын шебер орындауымен қатар, Орынбай Дүйсеннің авторлық шығармалары өз алдына бір төбе. Автордың «Отпантау» күйін шәкірті Табыс Құдайберген нақышына келтіріп домбырада көсілтті. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркіт Аяған мұндай ұлы күйшілер қатарына енген Орынбай есімі үшін қуанышын білдірді. Шешен домбыраның қазақ өміріндегі мән-маңызы мен тарихқа әсері төңірегінде тоқтала келе, оны ұстағандардың орны әрдайым төрде екенін қаперледі. Күйші, домбырашы Айтжан Тоқ­таған Орынбай күйшінің дүниеден ерте кеткеніне өкініш білдіріп, Астанада алғашқылардың бірі ретінде ЖОО-да домбыра бөлімін орнықтыруға күш салғанын еске алып, еңбегін жоғары бағалады.

Іс-шара барысында басқа да зиялы қауым өкілдері сөйлеп, халық компо­зиторларының күйлері тартылды.