Өндіріс • Бүгін, 08:25

Өңір өнеркәсібінде өсім бар

50 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Өңірдегі 941 өнеркәсіптік кәсіпорынның шамамен 800-і өңдеу секторына тиесілі. Былтыр кәсіпорындар 3 трлн теңгеден астам өнім өндіріп, жаңа межеге қол жеткізді. Мемлекеттік қолдаудың арқасында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі өткен жылмен салыстырғанда 64%-ға өсіп, шамамен 1,5 трлн теңгені құраған. Ал биыл 1,5 трлн теңгеден астам инвестиция тарту көзделіп отыр. Оның ішінде 723 млрд теңге өнеркәсіп саласына бағытталады дейді облыс басшылығы.

Өңір өнеркәсібінде өсім бар

«Қарағанды облысы эконо­ми­касының өсімі тұрақты сипатқа ие. Бұл – Мемлекет басшысы межелеген міндеттердің уақтылы әрі сапалы орындалуына негіз болып отыр. Жыл сайын барлық салада даму қарқыны артып келеді. Оның ішінде жетекші рөлді өнеркәсіп, әсіресе өңдеу секторы атқарады.

Өңірде еліміздегі кокстелетін көмірдің түгелі, энергетикалық көмірдің үштен бірі, түрлі-түсті және қымбат бағалы металдар­дың қомақты бөлігі, сондай-ақ жал­пақ прокаттың 100%-ы өндіріледі. ­Бұл – аймақтың ғана емес, тұтас ел­дің өнеркәсіптік қуатының тіре­гі», дейді облыс әкімінің орын­ба­сары Әлібек Әлденей.

Бизнес өсімі мен инвестиция тартуға, экономиканың түрлі салаларын дамытуға жан-жақты жағдай жасалып отыр. Соның нәтижесінде облыс ел экономикасының дамуына айтарлықтай үлес қосып, жалпы ішкі өнім көлемі бойынша төртінші орынды иеленіп отыр.

Биыл 7 айда облыста 2,7 трлн теңгенің өнімі өндіріліп, бұл көрсеткіш 7,3%-ға артты. Өңір ішкі жалпы өнім көрсеткіші жөнінен республикада 4-орын алып отыр. Былтырдан бастап облыста жалпы құны 4,5 трлн тең­гені құрайтын 120 инвестиция­лық жоба пулы жасақталып, 20 мың­нан астам жаңа жұмыс орны құрылмақ. Биылдың өзінде 29 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған, соның 15-і – өнеркәсіп пен өңдеу саласында.

Жыл басында мырыш зауыты өз жұмысын бастады. «Silk Road Electronics» кәсіпорнын­да «Samsung» теледидарлары мен кір жуғыш машинала­рын шығару желісі іске қосылды. Жыл соңына дейін тағы бірне­ше өндіріс нысаны пайдалану­ға беріледі. «Тэмпо Казахстан» болаттан тік жікті құбырлар өндірісі, «Силумин оф Казахстан» алюминий радиаторларының жаңа легі, «Qaragandy Power Silicon» кремнийлі қорытпалар ісі, «Гиперборея» атты қуаты 150 МВт жел электр стансасы іске қосылады деп күтіледі. Әкім­дік инвесторлармен тікелей жұ­мыс істеуге ынталы. Бұл рет­те Инвесторларға қызмет көр­сету орталығы жұмыс істеп, ин­вес­тициялық штаб өзекті мәсе­лелерді жедел қарастырып, нақ­ты шешімдер қабылдайды.

«Сарыарқа» арнайы эконо­ми­ка­лық аймағы да бүгінде айтар­лықтай нәтижелерге қол жет­кізді. Мұнда жалпы көлемі 211 млрд теңге инвестиция тартылды. Өндіріс орындары 258 млрд теңгенің өнімін шығарып та үлгерді. Соның нәтижесінде мемлекет қазынасына 26 млрд теңге салық түсті. Аймақта 1 300 тұрақты жұмыс орны ашылды. Мұнда 24 қатысушы тарап тіркелген, оның ішінде 11 жоба іске қосылып, 13-і жүзеге асырылып жатыр.

«Дәстүрлі металлургиядан бө­­лек, машина жасау, резеңке мен пластмасса бұйымдары өнді­рісі және басқа да салаларды да­мытып жатырмыз. Машина жа­сау өндірісінің өсімі 1 400 автобус пен арнайы техника­ның шығарылуы есебінен қамтама­сыз етілді. Бұдан бөлек, 131 мың тұрмыстық техника мен 372 мың автокөлік шинасы өндірілді. Мұның барлығы өңір экономи­касын әртараптандырудың негізгі қоз­ғаушы күшіне айналды», дей­ді облыс әкімінің орынбасары.

«Saran» индустриялық ай­мағында «HOWO» маркалы жүк техникасын шығаратын зауыт­тың құрылысы басталды. Жоба ауыр техниканы импорттау­ға тәуелділікті азайтуға бағыттал­ған. Оның жүзеге асуы шамамен 1 000 жаңа жұмыс орнын ашу­ға мүмкіндік береді. Толық қуат­қа шыққан соң зауыт жылына 10 мыңға дейін техника өндіреді.

Жұмысшы мамандықтар жылы аясында кәсіпорындар мен колледждердің байланысы күшейген. Қазір 8 жоғары оқу орны, 52 колледж бар, оның 40-ы дуалды оқыту жүйесінде. Жалпы, 33 мың студент білім алып жатыр. Саран қаласында да өндірістік қажеттілікке сай жаңа мамандықтар ашылды. Атап айтар болсақ, резина-техникалық өндіріс, шиналар өндірісі, «Qaz­Tehna» үшін автокөлік бояушы­сы және автоқұрастырушы маман­дықтары. «Qarmet» оқу орталығы базасында корпоративтік университет құрылып, «Jumys tap» және «WorldSkills» жобалары арқы­лы қайта даярлау мен біліктілік­ті арттыру бағдарламалары қолға алынды.

«Өңірдің кен байлығын ескере отырып, шетелдік компа­ния­лар барлау жұмыстарын жүр­гі­зіп жатыр. Яғни ми­не­рал­ды-шикізат базасын кеңей­­тіп, сирек кездесетін және қымбат металдарды қайта өңдеуге ар­налған жаңа өндірістерді салу­ға тың мүмкіндік береді. Мыса­лы, Құйрықтыкөл кен орнында геологиялық барлау жұмыс­та­ры аяқталды. Сирек кездесетін жер металдарының болжамдық қоры – 28,2 млн тонна. Алтын, мыс және вольфрамның әлеуеті зор кен орындары да қосымша анықталды», дейді облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей.

 

Қарағанды облысы