
Кешегі «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш...» дейтін кесек мінезді қазақтың бүгінгі ұрпақ-жұрнағы, біз қандаймыз?
Осындайда ел ішінде болған мына оқиға есімізге оралады. Ағайындардың аты-жөнін айтуды жөн көрмедік.
... Өзара ренжісіп жүрген ағайынды екі жігіт бір-бірімен уатсап арқылы сөйлесіп отыр.
Бірі өзінен жасы кіші бауырына кешірім берудің, кешірімді болудың үлкен сауапты іс екенін айта келіп, «бұл өмірде мәңгі жүрмейміз, уақыты келгенде кететін пендеміз. Бір-біріне кінә артқан адамдар ертең бірі о дүниеге аттанғанда «кешірдім, кешірдім» деп жылап-сықтап, мейірім танытып жатады. Бірақ одан не пайда?.. Бәрі кеш болады. Өстіп тірі жүргенде бір-бірімізге кешірімді болмасақ, өлгеннен кейін берген кешірім әдіре қалсын» деген жазбасын, сондай-ақ оған қосымша бір имамның аталған тақырыпқа қатысты бейне уағызын да жолдаған.
Бұл хат-жазбаны оқыған бауыры мұнда не меңзеліп, не ишарат тұрғанын сана сарабына сала келіп, «ол менің кешірім сұрауымды қалап, не талап етіп тұр» деп ойлады. Бұл аз-кем үнсіз отырды да өз пікірін былай деп таңбалады: «Иә, бір-бірімізді өлген соң ғана кешіріп жатамыз, бұл ескі әдет. Оның өміршең болуының себебін ұқпай келеміз. Ол не себеп дейсіз бе? Айтайын, өз кінәмізді түсінбейміз, білгеннің өзінде менмендікпен мойындамаймыз. Содан келіп арада кешірім сұралмайды. Ал Тәңір саналыға өмірден озғаннан соң емес, тіршілікте, тірі жүргенде кешірім сұрауды, кешірім беруді бұйырады. Осынау бұйрықты орындауға өре жетпесе, тәкаппарлық жібермесе, берілген үлкен мүмкіндікті көрмесе, қайтпекпіз? Әрине, алдыңда жазықты болған жан өлген соң оған кешірімшіл бола қаламыз... Кешірім беру үшін, алдымен кешірім сұралу керек қой».
Тақырыпты бірінші болып қозғаған жігіт бауырының өзіне жіберген хатынан «сен алдымен менен келіп кешірім сұра, сен кінәлісің...» деген ойды бірден ұқты. Ызасы келді, шытынап кетті. Дегенмен, өзді-өзін басып, сабырға келді. Ойланып қалды.
Екеуі де өзара реніштің неден басталғанын қайта-қайта ой електерінен өткізді. Сондағысы арзымайтын нәрсе, тіпті, айтуға ұят... Олар өздеріне мін тақпады, еш кінә қоймады. Бірін-бірі іштей кінәлаудан өзге ойларына ештеңе кірмеді. Екеуі де «мен емес, ол кінәлі» деумен болды. Менмендік бойды билеп тұрғанда кішіпейіл болуға, кеңдік жасауға шама қайдан келсін?
Арада біраз уақыт өтті. Бірі өмірден озды. Тірі жүргені бақиға кеткенді кешірді. Қабір басында «кешір» демеді, «кешірдім, кешірдім» деді, өзін кінәлағысы келмей, оны жазықты санауын қоймай. Қыстыға жылады. Әйтеуір бір кезде «егер мен кінәлі болсам, кешір» деп айтты-ау ақыры. Бірақ бәрі кеш еді...