
Осы жағдайды ескерген еліміз қазір аталған салада үздіксіз құлшыныс танытып келеді. Осы ойымыздың жарқын дәлелі ретінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің қолдауымен Space Days Kazakhstan – 2025 халықаралық форумы өтті.
Аталған форумның негізгі мақсаты – ғарыш саласындағы стратегиялық әріптестікті тереңдету, заманауи технологияларды ілгерілету, сондай-ақ ғылым, білім беру және өндіріс салаларының әлеуетін біріктіру.
Шараға 50-ден аса мемлекеттің делегациялары, халықаралық ұйымдар, университеттер, ғылыми-зерттеу орталықтары мен бизнес өкілдері, сонымен қатар ғарыш саласының жетекші мамандары қатысты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма Төрағасы- Ректор Жансейт Түймебаев форумды ашып,аталған іс-шараның маңыздылығын атап көрсетті. «Соңғы жылдары еліміз ғарыштық технологиялар мен цифрландыруды дамытуға ерекше мән беруде. Жасанды интеллект, үлкен деректер, платформалық экономика секілді бағыттар бәсекеге қабілеттіліктің жаңа өлшеміне айналды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кешегі Жолдауында «Біз бәріміз жаппай цифрландыру және жасанды интеллект дәуіріне қадам бастық. Бұл үрдіс бүкіл әлемде қалыптасқан тәртіпті және адамдардың өмір сүру салтын біржола өзгертуде. Біз жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын барынша енгізу арқылы экономиканы жаңғыртуымыз қажет», деп атап өткен болатын.
Президенттің айтуынша, Қазақстандағы кешенді аэрогеофизикалық, зерттеулер ескірген. Сондықтан бұл салада заманауи цифрлық құралдарды қолдана отырып жаңа зерттеулер жүргізуіміз керек. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бұл бағытта ауқымды жобаларды іске асыруда. Оқу орнымыз зерттеу университеті ретінде цифрландыру, аэроғарыш салалары бойынша шетелдік әріптестермен бірлесе жұмыс атқарып келеді. Университет ғалымдары ғарыштық мониторинг жүйелерін дамытуға және ғарыштық зерттеулерді кеңейтуге қатысты кешенді шараларды іске асырып жатыр»
Форум аясында БҰҰ-ның Ғарыш кеңістігін бейбіт мақсатта пайдалану комитеті (КОПУОС) басшысының орынбасары Дрисс Эль Хадани, жобалар директоры Харун Нуруллах Танзи, ҚР цифрлық даму вице-министрі Марат Олжабеков, Бахрейн ғарыш агенттігінің басқарма төрағасы Шейх Залид бен Али Әл Халифа, «Uzbekkosmos» директорының орынбасары Мухиддин Ибрагимов, Мысыр ғарыш агенттігінің өкілі Шериф Седки және басқа да беделді сарапшылар баяндама жасады.
Ғарышты зерттеу – адамзаттың болашағына жол ашатын ұлы мүмкіндіктің бірі. Спутниктік технологиялар бүгінгі күні байланыс, интернет, навигация, метеорология, жерді қашықтан зерттеу және ауыл шаруашылығын дамытуда кең қолданыс тауып отыр.
Ғарыш саласы аса күрделі болғандықтан, бір мемлекеттің оны толыққанды егер де қиынға соғып отыр. Сондықтан бұл салада халықаралық ынтымақтастық пен тәжірибе алмасу ерекше маңызға ие. NASA және сол сияқты Қытай мен Үндістанның ғарыш агенттіктері түрлі бағдарламалар арқылы бір-бірімен ынтымақтастық орнатып, ортақ жобаларға атсалысып келеді. Халықаралық ғарыш станциясы – соның айқын мысалы.
Осындай мүмкіндіктерге қол жеткізуге құлшыныс танытқан еліміз ғарыш саласында әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, өзінің ғылыми-техникалық әлеуетін нығайтып келеді. Байқоңыр ғарыш айлағы – бүкіл адамзатқа ортақ тарихи мұра. Еліміз қазірде жерді қашықтан зондтау, байланыс және навигациялық спутниктерді ұшыру арқылы тәжірибесін арттырып, кадрлар даярлау ісіне ден қоюда. Бұл процесте шетелдік серіктестермен ынтымақтасу, жаңа технологияларды меңгеру және бірлескен ғылыми жобалар жүргізу – басты шарт.
Атап айтқанда,ғарыштық зерттеулер – жаһандық сын-қатерлерді еңсерудің де бір жолы. Жарты әлемнің мазасын алып тұрған климаттың өзгеруі, табиғи апаттардың алдын алу, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету сияқты мәселелерде спутниктік мәліметтердің маңызы айтарлықтай болмақ. Сондықтан да еліміздің өз ғарыш саласын дамытуды жалғастырып, халықаралық тәжірибемен ұдайы ортақтасуы ел игілігіне саятын сара жол екені айқын.