
Фото: Ерлан Омар
«Президентіміз Жолдауда құрылыс саласын қатаң бақылауға алу үшін арнайы Кодекс қабылдауды тапсырған еді. Бұған дейін Алматыда және оның таулы аймақтарында нүктелік құрылысқа тыйым салынған болатын. Бірақ, өкінішке қарай, бұл шешімдер әлі күнге дейін орындалмай келеді», деді депутат.
Ол Алматы тұрғындарынан ең көп шағым түсетін RAMS құрылыс компаниясының қызметіне жеке тоқталды. Аталған компания елдегі ең ірі сегізінші құрылыс компаниясы саналғанымен, оның тұрғын үй кешендері халықтың қатаң сынына ұшырап отыр.
«Менің телефоным тұрғындардың RAMS компаниясына қатысты шағымдарынан тыным таппайды. Бұл компания бұрынғы жобаларын дұрыс аяқтамай жатып, жаңа алып нысандарға кіріседі. Олардың уәделері орындалмайды, ал салынған үйлерде жарық пен су үнемі үзіліп қалады, жертөлелерін көгеріп, шатырлары ағып тұр, паркинг жетіспегендіктен көшелерде көлік кептелісі күшейген. Тіпті уәде етілген мектеп қала балансына берілмей, жекеменшікке айналып, қарапайым тұрғындар үшін қолжетімсіз болып отыр», деді депутат Пономарев.
Оның айтуынша, RAMS компаниясының «Сакура», «Nef uptown» секілді басқа да тұрғын үй кешендері де дәл осындай мәселелерге толы. Соған қарамастан, компания қазір «Beyond» деп аталатын 40 қабатты зәулім мұнара салуға кіріскен. Бұл жоба қоғамда үлкен наразылық туғызған.
«Депутаттардың араласуымен аталған құрылыс уақытша тоқтатылып, заңдылығы тексеріліп жатыр. Біз Алматының архитектуралық бейнесін қорғап қалуымыз керек», деді Пономарев.
Сергей Пономарев сондай-ақ Президент ұсынған жаңа бағыт Алатау-сити жобасына назар аударды.
«Алатау – болашақтың қаласы. Бұл инновация мен технология тоғысқан орталық Алматыны айтарлықтай жеңілдетуі тиіс», деді ол.
Сөзін қорытындылай келе депутаттың соңғы бес жылда RAMS компаниясы салған нысандардың барлық рұқсат құжаттары мен сапасын тексеруді ұсынды.
Сонымен қатар жобалық-сметалық құжаттамасыз, экспертизасыз басталған 40 қабатты «Beyond» мұнарасын салуға тыйым салып, оның орнына саябақ немесе әлеуметтік нысан тұрғызу мүмкіндігін қарастыруды атап өтті.