
Суреттерді түсірген – автор
Мұнда түскен студенттер техник-құрылысшы, кең бейінді құрылыс шебері, бейін жобалаушы-сәулетші және интерьер-дизайнер, ландшафт-дизайнер, техник-дизайнер секілді мамандықтарда білім алады. Колледж басшысы Әсел Сапарованың айтуынша, биыл студенттеріне 50 грант қосып отыр. Ал бұған дейін 300-340 шамасында мемлекеттік тапсырыс негізінде бала қабылдаған.
Бастысы, мұндағы оқу үдерісі көбіне тәжірибеге бағытталған. Алғашқы курстан бастап білім алушылар заманауи жабдықтармен қол жаттықтырып, жұмыс істей бастайды. Оқу орнында BIM-жобалау, зергерлік іс, дәнекерлеу, жиһаз өндірісі, құрылыс саласы, дизайн бағыттары бойынша 20-ның үстінде шеберхана мен зертхана бар.
Колледж жаңа оқу жылына сақадай сай. Оқуға енді түсетін студенттер білім ошақтарын жаңғыртуға арналған «Жас маман» мемлекеттік жобасы бойынша алынған заманауи құрал-жабдықтармен жұмыс істеп үйренеді. Бір қызығы, сатып алынған кейбір жабдықтар тіпті кәсіпорындардың өзінен таптырмайды екен. Мысалы, «Жас маман» жобасы негізінде 360 млн теңгеге құрал-жабдықтар алынып, 2 зертхана, 8 шеберхана жабдықталған.
– Оқушыларды міндетті түрде әуелі қауіпсіздік техникасымен таныстырып аламыз. Заманауи құрылғылардың игілігі мол. Мысалы, студенттер виртуалды дәнекерлеу аппаратының маскасын киіп, түрлі режімде жұмыс істейді. Сондай-ақ өндіріс саласына арналған үлкен диаметрлі құбырларды жалғауға арналған кәсіби дәнекерлеу құрылғысы да колледж базасында бар. Яғни студенттер колледжге қажетті жиһаздарды өздері құрастырып, дәнекерлеу жұмыстарын да жасайды, – дейді өндірістік оқыту шебері Дархан Біләлов.
Мұнымен қоса, оқу үдерісінде BIM-технологиялары, автоматтандырылған жобалау жүйелері және жаңа бағдарламалық кешендер енгізілген.
Айдын Аяғанов аталған колледждің белсенді студенті. Биыл өткен өңірлік «WorldSkills-2025» чемпионатында І орын алған ол болашақ техник-құрылысшы.
– Қыш тақтайшалар әр үйде, әр ғимараттарда бар. Мұнымен жұмыс істеп үйрену де – өнер. Құрылыс – өлмейтін мамандық. Осы салада жұмыс қашанда табылады. Бала кезімнен құрылыс саласы қызықтыратын. Бұл мамандықты таңдауым да содан. Колледжде біз үшін барлық жағдай бар, шеберханадан көп дүние үйрендік, – дейді Айдын.
Айтпақшы, Айдын өзінің тобындағы жігіттермен бірге Жұмысшы мамандықтар жылы логотипін қыш тақтайшаға салыпты. Ол туындылары колледждің төрінде сән беріп тұр.
Колледж студенттері өңірлік, республикалық, халықаралық, тіпті еуропалық чемпионаттардан олжалы оралып жүр. Оқу орны мұндай түлектерді шебер мен оқытушы ретінде жұмыс істеуге қалдырады.
Колледж BIM – жобалау атты жаңа мамандықты да оқытады. Мұны оқып алған маман салынатын ғимаратты алдын ала модельдейді. Құрылысқа қатысты барлық детальды қамтиды. Инженериясы, дизайны, құрылыс материалы, кәріз жүйесі, яғни ғимараттың сызбасы секілді 3D форматқа түсіреді. Оқытушылар мұндай мамандықтың қазір сұранысқа ие екенін айтады. Сәйкесінше, студенттер де қызығып келіп жатқан көрінеді.
Дәнекерлеу ісі мамандығын тәмамдаған түлектер жүз пайыз жұмыспен қамтылады екен. Жылда бұл топқа 25 студент қабылданады. Колледж жанындағы «Центрэнергомеханизация» компаниясымен ынтымақ орнатып отыр. Колледждің көп түлегі осы компанияда жұмыс істеп, шамамен бір миллионға жуық жалақы алады.
Оқу орны облыстағы жетекші кәсіпорындармен әріптестік байланыста. Мысалы, «Аспап» ПК, «Стройка и К» ЖШС, «Alina Group», «КТК Строй» ЖШС, «ЖАККО Караганда» ЖШС, «Сантехпласт» ЖШС секілді серіктестіктер студенттерді өндірістік тәжірибеден өткізіп, қабілетіне қарай жұмысқа да қабылдап отыр.
Мұнымен қоса, колледж 2019 жылдан бері қаламыздағы ең ірі құрылыс «Жилой фонд» құрылыс компаниясымен тығыз байланыста. Осы уақыт ішінде шамамен 400 студент өндірістік іс-тәжірибеден өткен. Солардың 30-ға жуығы осы компанияда еңбек етіп жүр. Олардың қатарында «Құрылыс шебері» мамандығы бойынша бітірген түлек Артур Бекметов бар. Ол «Жилой фонд» компаниясына тиесілі «Метрополь» тұрғын үй кешенінің құрылыс алаңында жұмыс істейді. Алғашқыда шебер-тағылымгер болып жұмысқа қабылданған ол қазір құрылыс учаскесінің шебері.
Техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орнында дуалды оқыту жүйесі үлкен маңызға ие. Дуалды оқытудың бәсекеге қабілетті білікті кадрларды қалыптастыруда өз ықпалы бар. Бүгінде дуалды оқыту алты мамандық бойынша жүзеге асырылады. Бұл жүйеге Қарағанды қаласының 20-дан астам кәсіпорын базасында тәжірибелік дайындықтан өтетін 289 студент қатысады. Олардың қатарында «Жилой фонд» ЖШС, «Prof Invest» компаниясы, «Центрэнергомеханизация» ЖШС, №1 эксперименттік зауыт және кадр ресурстарының сапалы пулын құруға мүдделі қаланың басқа да негізгі кәсіпорындары бар. Жүйе аясында білім алушылар серіктес кәсіпорындарда өндірістік тәжірибеден өтіп, өз саласында жетістікке жеткен түлектермен кездеседі.
Мәселен, техник-құрылыс мамандығы бойынша колледж түлегі Асанәлі Батыршынов қазір құрылыс саласында.
– Оқуды ойдағыдай аяқтаған соң, құрылысқа жұмысқа тұрдым. Кейін өз бригадамды құрып, жеке коммерциялық және мемлекеттік нысандарға құрылыс жұмыстарын жүргізіп келеміз. Шамамен, жылына 35-40 мың шаршы метр тапсырысты ойдағыдай орындайды, – дейді Асанәлі Батыршынов.
Бүгінде колледжде ерекше қажеттіліктегі 82 студент инклюзивті білім беру тобында оқиды. Алайда олардың толыққанды білім алуы үшін мүмкіндіктер жасалған. Ерекше қажеттіліктегі студенттер дәнекерлеуші, жиһаз ісі, ландшафтық-дизайн мамандығын да меңгеруде.
Есту қабілеті төмен студенттер жиһаз өндірісін жедел меңгереді екен. Ал ақыл-ой кемістігі бар студерттер сәндік-қолданбалы өнерді үйрене алады. Сонымен қоса оқытушылар былғары, киізден жасалған бұйымдарын сатып, қаражат табуға бағыт-бағдар береді.
Мұндай санаттағы студенттер қосымша біліммен де қамтылады. Олар, әсіресе, қол моторикасын дамытатын жұмысқа бейімделеді. Мәселен, колледжде керамикалық бұйымдардың жасалуын үйрететін шеберхана бар. Бұл жерде студенттер қазақтың ою-өрнектерімен бедерленген қыш құмыра, ыдыс-аяқ, әшекей бұйымдар жасайды. Ерекше қажеттіліктері бар студенттерді Түркияда 7 жыл білімін жетілдіріп келген шебер Гүлжан Абдикашева үйретеді. Бұл топта 30 студент білім алып жатыр.
Өкінішке қарай, ерекше студенттерді жұмысқа орналастыру мәселесі өткір екенін колледж басшысы жасырмады. Дегенмен түлектерінің еңбекке араласуына барынша көмек қолын созады екен.
Қазір оқу орнындағы қабылдау комиссиясының жұмысы қызу. «Ландшафт дизайнері» мамандығын таңдаған талапкердің анасы колледжде шеберлікпен қатар, шығармашылықты да шыңдауға мүмкіндік барын естіп келіпті.
– Балам – шығармашыл. Осы колледжді таңдауы да содан. Заманауи шеберханалар студенттерге мол мүмкіндік береді. Тағы бір айта кетерлігі, студенттер теориямен ғана шектелмей, тәжірибені қатар алып жүретіндігі. Бұл – өте жақсы мүмкіндік. Ал «Ландшафт дизайнері» сұранысқа ие мамандық. Себебі қаламызда көгалдандыру жұмыстары күшейіп келеді, – дейді анасы Наталья Беспалова.
Қарағанды облысы