
Сонымен қатар басқосуда биылғы 15–25 қараша күндері Жапонияның Токио қаласында өтетін XXV Сурдлимпиадаға ұлттық құраманың дайындығы талқыланды. Аталған жарысқа 80 елден 3 мыңнан астам спортшы қатысады деп күтілуде. Қазақстан ұлттық құрамасы 8 спорт түрі бойынша қатыспақ. Қазіргі таңда команда 11 оқу-жаттығу жиынын өткізіп, спорттық тамақпен, дәрумендермен толық қамтамасыз етілді, спорттық киім-кешек пен арнайы құрал-жабдықтар сатып алынды. Сонымен бірге әрбір спортшының физикалық дайындығы мен жағдайына талдау жасалып, ықтимал қарсыластар анықталды.
«Мемлекет басшысы инклюзивтілікке, спортты дамытуға айрықша көңіл бөліп келеді. Биыл біз алғаш рет «Мүгедектігі бар спортшыны сүйемелдеуші» ұғымын заң жүзінде бекіттік. Бүгінде елімізде 19 паралимпиялық спорт түрі белсенді дамып келеді, жыл сайын 800-ден астам жарыс өткізіледі. Сурдлимпиадаға дайындық бойынша мемлекет өз міндеттемелерін толық орындады. Дайындықтың жекелеген мәселелері бойынша қысқа мерзімде шешім қабылдауды тапсырамын», деді министр.
Сондай-ақ министр халықаралық тәжірибені ескере отырып, сурдлимпиялық спорт түрлерін дамытудың жол картасын әзірлеу, ғылыми негіздерді енгізу, әсіресе балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту қажетін атап өтті.