Аймақтар • Бүгін, 08:22

Шілікті шертер сыр көп

30 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Түстігін Тарбағатай жоталары қапталдаса, солтүстігінен жалман жортқан Маңырақ тауы менмұндалайды. Күншығысында ұшар басын мәңгі мұз басқан Сауыр шыңы жатыр. Сақ бабамыздың ізі қалған осынау құдіретті де қасиетті мекен әлімсақтан Шілікті деп аталған. Алтын адамның табылғаны да – дәл осы шежірелі жер. Ендеше, тарих таңбаланған төңірекке неге музей салып, әмбеге әйгілемеске? Бұл туралы қоғам белсенділері ұсыныс тастаған.

Шілікті шертер сыр көп

Тарихи деректерді па­рақтасақ, ғалымдар Ші­лікті жазығынан 200-ден астам қорған тапқан. Олардың кейбіреуінің биіктігі 8–10 метр­ге, диаметрі 100 метрге жетеді. Бұл үйінді – топырақ қана емес, кешегі өт­кен сақтардың үні. Өркеш-өркеш қор­ған­дар көшпелілердің дүниетанымы мен мәдениетінің айнасы. Әр тастың тү­бінде тарам тағдыр, терең тарих жатыр. Біз білсек, Шілікті жазығын алғаш ғы­лыми тұрғыда зерттеу ХХ ғасырдың орта тұсында басталды. 60-жылдары архео­ло­гиялық қазбаға кіріскен ғалымдар алтынмен апталған, күміспен күптелген әше­кейлер, қару-жарақтар, қыш ыдыстар мен қола айналар тап­қаны мәлім.

«Осынау тарих тұнған даламыздың иен жатқаны көңілге қонбайды. Барды бағалауымыз керек еді. Елімізден шыққан «Алтын адам» сүйектерінің бірде-біреуі Юнеско қарамағына алынбаған. Қазба жұмыстары жүреді, құнды жәдігерлер табылады. Өкініштісі, «табылды» деуден аспаймыз. Оны әрі қарай насихаттай алмай жүрміз. Ол үшін Шілікті жазығына ашық ас­пан астындағы музей қажет. Ертеңгі күні Сауыр тауларын аралауға барған турист «Ал­тын адам» шыққан шежірелі жерді де көргісі келеді. Сонда қу даланы көрсетеміз бе? Де­мек меймандар ат шалдырып, Ші­лік­­ті та­рихымен танысатындай орын болса», дей­ді қоғам белсендісі Айдын Егеубаев.

Айтқандай, 2003 жыл қазақ тарихы үшін ерекше жыл еді. Сол жылы қазба жұмыс­тары кезінде Шілікті даласынан үшінші «Алтын адам» табылды. Жерленген адам­ның үстінде үш мыңнан астам алтын әшекей болған. Әр әшекей терең философияға толы. Жарқ-жұрқ еткен құс­тың, жануар­дың бейнелері сақ­тардың дүние­танымынан сыр шертер еді. Ар­хеологтер бұл олжаны ғылыми жаңалық қана емес, ұлт тари­хы­ның алтын қақпасын қайта ашу деп бағалаған. Неге десеңіз, «Алтын адам» – Ұлы дала өркение­тінің символы.

сми

Ал Шілікті қорғандарынан табылған жылқы сүйектері көш­пелілер өмірінің ажырамас бөлігі. Жылқы көлік қана емес, жауын­гердің сенімді серігі, халық­тың қа­наты еді. Осының бәрін қорыта келген тарихшылар Ші­лікті жазығы жерлеу орны ғана емес, сол дәуірдегі саяси-мәдени ор­талық болған деседі. Географиялық ор­­наласуы да жайылым мен саудаға қо­лайлы болған. Бұл жерде тайпалар бас қосып, келісімдер жасасқан, мерекелер мен рә­сімдер өткен. Шілікті – Ұлы да­ланың жү­регі соқ­қан жер­лердің бірі деуге әбден негіз бар.

Бүгін ше? Қазіргі таңда Шілікті жазығы археологтер мен тарихшылардың ғана емес, туған жерін тануға құмар әр қазақтың жүрегін тартатын мекенге айналып келеді. Мұнда келген турист табиғат сұлулығын ғана емес, мың­жылдық тарихтың тынысын сезеді. Енді осынау алқапта туризм әлеуетін арттыру қажет. Ол – тарих пен болашаққа бейжай қарамайтын  қоғам белсенділерінің пікірі. Ондағы мақсат – көне мұраларды сақтап қана қоймай, оны елге, әлемге таныту. Шілікті адамзаттың ортақ қазынасы болғандықтан, көлеңкеде қалмауға да тиіс. Айтқандай, Шілікті қорғандары Берел мемлекеттік тарихи қорық-музе­йінің құрамын­да. Ендеше, бұл ме­кеменің бас­шы­лы­ғы не дейді?

«Шілікті жазығы – біз үшін өткеннің естелігі ғана емес, бола­шаққа аманат. Мұндағы әр жәдігер ата-бабамыздың қолтаң­басы, олардың өмір сүру салты мен рухани әлемінің айнасы. Біз бұл мұраны сақтап, зерттеп, кейінгі ұрпаққа жеткізуге міндет­тіміз. Алайда музей салу, оны далалы жерде ұстап тұру оңай шаруа емес», дейді Берел қорық-музейінің директоры Алмас Сарбасов. 

Сауыр мен Тарбағатай арасында жатқан бұл далаға сапарлаған жан бір сәтке болсын тарихпен тілдескендей, өткенмен үндескендей болады. Аспан астындағы музей ашылса, табиғатта серуен­деуге барған жұрт Шіліктіге бұрылып, сақтардың табы қалған мекенге соқпай кетпес пе еді?

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Зайсан ауданы