
Биыл форум «Мәдениетке оралу – жаңа мүмкіндіктер» тақырыбында ұйымдастырылды. Қатысушылар мәдени мұраны сақтау жолдарын, цифрлық технологияның рөлін, креативті экономиканы дамыту мен өнер арқылы халықаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады.
Министр форум барысында мәдениет саяси құрал емес, рухани бірлікке, жасампаздыққа және шабытқа жетелейтін қайнар көз екенін айтты. Сондай-ақ ол мәдени кеңістіктің тәуелсіздігі мен тазалығын сақтауға бағытталған бірлескен шаралар қабылдауды ұсынды. Аида Балаева негізгі мүмкіндіктер ретінде мәдениеттің білім беру қызметін, мәдени дипломатияны, креативті экономиканы және цифрлық технологияларды атап өтті.
«Кейінгі онжылдықтарда жаһандану, цифрландыру, урбанизация өмірімізді күрт өзгертіп жатыр. Бұл үдеріс ынтымақтастыққа жаңа жол ашқанымен, дәстүр мен тарихи жадтың жоғалуына да қауіп төндіреді. Сондықтан мәдениетке оралу мұраны сақтау ғана емес, оны заманауи әлемге бейімдеудің айқын көрінісі», деді министр.
Форум аясында А.Балаеваның Ресей Федерациясының Мәдениет министрі Ольга Любимовамен екіжақты кездесуі өтті. Жиында тараптар Қазақстан мен Ресейдің мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастығының қазіргі жағдайын және келешегін талқылады. Аида Балаева ресейлік тарапқа мәдени бастамаларды тұрақты қолдап келе жатқаны үшін алғыс білдірді.
Атап айтқанда, қазан айында өтетін Ресейдегі Қазақстан мәдениеті күндерінің бағдарламасы мазмұнды болғалы тұр. Жаңа Третьяков галереясында Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің топтамасынан алынған жауһарлар көрмесі ашылады. Кіші театр сахнасында заманауи философиялық драма «Парасат майданы» ұсынылады. Бұл күндері ресейлік көрермен Қазақстан киносы мен заманауи қазақстандық кинематографияның жаңа есімдерімен, өзекті тақырыптарымен танысады. Қазақстан мәдениеті күндерінің қорытынды іс-шарасы еліміздің өнерпаздары қатысатын Гала-концертпен аяқталады деп жоспарланып отыр.
Кездесу қорытындысында қос министр серіктестікті тереңдетуге, үздік тәжірибе алмасуға, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға және екі елдің мәдениет мекемелері арасындағы тікелей байланыстарды дамытуға ниетті екендерін растады.