Аймақтар • Бүгін, 08:55

Өңір әлеуеті – экономикалық өсім негізі

20 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қарағанды облысы әкімдігінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты биылғы Жолдауына арналған облыстық отырыс өтті. Маңызды жиынға өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаев төрағалық етті. Әр сала өкілдерімен Президент Жолдауы жан-жақты сараланып, алдағы уақытқа жоталы жобалар жоспары пысықталды.

Өңір әлеуеті – экономикалық өсім негізі

Суретті түсірген – Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Халыққа Жолдауында Президент елдің транзиттік әлеуетін күшейтіп, оны Еуразиядағы жетекші әуе хабына айналдыруды тапсырды. Қарағанды облысында бұл міндеттің қалай орындалып жатқаны туралы облыс әкімдігінде өткен жиында айтылды.

Өңірде электрондық коммер­цияға арналған «Teez» сауда-логисти­ка­лық қоймасы іске қосылды. Оның қуаты жылына 27 миллионға дейін тап­сырысты өңдеуге мүмкіндік бере­ді. Бұл шағын және орта бизнесті дамытады. Сонымен қатар Сарыарқа әуежайы жаңғыртылып, онда мультимодальды аэрохаб – CargoHUB Karaganda құрылуда. Осы мақсатқа 354 гектар жер бөлініп, кірме теміржол жолы жобаланып, көлемі 6 мың текше метр болатын жанармай құю кешені салынып жатыр.

– Президенттің тапсырмасына сәйкес, CargoHUB Karaganda мультимодальды аэрохабын және Сарыарқа әуежайы аумағында АЭА-ның субаймағын құру мәселесі пысықталу үстінде. Бұл нысан болашақта Орталық Қазақстан ғана емес, оның аумағынан тыс халық­аралық жүк тасымалының негізгі орталығына айналады. Жаңа жанармай құю кешенінің құрылысы бас­талды. Достық – Мойынты теміржол учаскесінде қос жолдың құрылысы аяқталуға жақын. Балқаш әуежайы жаңғыртылып жатыр. Мұның бәрі өңірдің транзиттік әлеуетін күшейтеді, – деді облыс әкімінің орынбасары Азамат Тайжанов.

2030 жылға қарай Қарағанды әуежайы арқылы өтетін жүк көлемі жылына 15 мың тоннадан 200 мың тоннаға дейін ұлғаймақ. Бұл шамамен 2 мың жаңа жұмыс орнын ашып, бюджетке қосымша кіріс әкеледі.

Жиын барысында облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Президенттің «Бүгінгі дәуірдегі біздің басты байлығымыз – мұнай емес, білім мен интеллект» деген сөзін негізге ала отырып, Қарағандының ежелден білікті кадрларымен, мықты білім беру әлеуетімен танылғанын тілге тиек етті. Өңір басшысы ғылымға, өнеркәсіпке, медицинаға өлшеусіз үлес қосқан мамандарды даярлаған өңір бүгін, заман талабына сай, алгоритммен, жасанды интеллекті­мен  жұмыс істейтін кадр тәрбиелеуі керектігін баса айтты.

Сонымен қатар, облыс әкімі: «Қарағанды өңірі болашақ Қазақ­станның зертханасына айналуға тиіс – мұнда дәстүрлі өндіріс пен жаңа технология, ауыр өнеркәсіп пен жасанды интеллект тоғысуы қажет. Сонда біздің белсенділігіміз бен бастамашылдығымыз тек өңір­дің емес, тұтас елдің даму қар­қынына әсер етеді», деді.

Басқосу барысында облыс әкімінің бірінші орынбасары Азамат Тайжанов тұрғын үй-коммуналдық және көлік инфрақұрылымын кешенді жаң­ғырту мәселелері жөнінде баяндама жасады. Ол заманауи технологиялар мен цифрлық шешімдерді енгізу аталған сала жұмысын жандандыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.  

Ал инвестиция, туризм, кәсіп­керлік және өңдеу өнеркәсібіне қатысты өңірде атқарылып жатқан жұмыс барысын облыс әкімінің әлеуметтік-экономикалық даму бағытына жауапты орынбасары Ермек Алпысов баяндады. Оның айтуынша, қазірде облыста 120 инвестициялық жоба қолға алынды. Соның арқасында 20 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылуға тиіс.

– Драйверлер қатарына машина жасау, резеңке және пластмасса бұйымдарын шығару, сондай-ақ қайта өңдеудің жаңа бағыттары жатады. «Сарыарқа» АЭА мен «Saran» индустриялық аймағы табысты жұмыс істеп тұр. Инвесторларға қызмет көрсетудің «бір терезе» қағидаты негізінде жұмыс істейтін орталық бар, – дейді Е.Алпысов.

Өңірде геологиялық барлау да­мып келеді. Бұл минералдық-шикі­зат базасын кеңейтіп, сирек жер метал­­дарын қайта өңдейтін кәсіп­орын­­дарды іске қосуға мүмкіндік береді.

Қарағанды облысында агро­тех­но­логиялық хаб құрылады, мұнда озық ғылыми әзірлемелер, білім беру бағдарламалары және бизнес-платформалар шоғырланады. Ол ауыл шаруашылығының инновациялық өсуіне, өнімділік пен оның сапасын арттыруға, сондай-ақ білім мен технологияларды экспорттау алаңына айналуға тиіс.

– Биыл 1 100 басқа арналған, жылы­на 9 мың тонна сүт өндіретін тауар­лы-сүт фермасы іске қосылды. Сонымен қатар жылына 200 тонна сүт өнімдерін шығаратын зауыт пай­далануға берілді. Қуатты­лы­ғы жылы­на 55 мың тонна болатын, 6 мың басқа арналған ірі сүт фер­ма­сы салы­нып жатыр. Бұл жобалар­дың жүзе­ге асуы жаңа жұмыс орын­дарын құрып, өңірдің азық-түлік­пен қамтамасыз етілу деңгейін арттырады. Облыста қайта өңдеу өнеркәсібі де белсенді дамуда: ет, сүт, ұн тарту және нан-тоқаш өндірістерін қоса алғанда, 207 кәсіпорын жұмыс істейді. Мұның бәрі отандық қана емес, шетелдік инвесторларды да тартып отыр, – дейді облыс әкімінің орынбасары Руслан Кенжебеков.

Техникалық қайта жарақтан­дыруға да айрықша назар аударылады: ауыл шаруашылығы техникасы паркі жаңартылып, лизингтік қаржыландыру дамуда, жанар-жағар­май, тұқым, тыңайтқыш пен асыл тұқы­мды мал шығындары субси­дия­лану­да. Мұнымен қоса цифрлық тех­ноло­гия­лар және аграрларды оқы­тудың за­манауи тәсілдері енгізіліп жатыр.

Ақпараттандыру, мемлекеттік қызмет­тер көрсету және архивтер бас­қар­масының басшысы Констан­тин Ильницкий «Digital Qazaqstan» ұлт­тық стратегиясы аясында атқары­лып жатқан жұмыспен таныстырды.

Сондай-ақ алдағы 5 жылда «Qarmet» АҚ-на тиесілі өндірісті жаң­ғырту, жаңа технологияларды ен­гізу және компанияның инвестиция­лық жобаларын іске асыруға байланысты жоспарын бөлісті. Кәсіпорынның тұ­рақты даму жөніндегі басқарушы ди­рек­торы Ербол Исмаиловтың айтуын­ша, аталған жобаға 1,6 трлн теңге бөліну жоспарланып отырған көрінеді.

Қоршаған ортаны қорғау, суды үнемдеу, экологиялық мәдениет­ті қалыптастыру мәселелерін шешу жол­дарын облыстық Қоғам­дық кеңес­тің төрағасы Серікжан Байбосынов ұсын­ды. Баяндамашы «Таза Қазақ­стан» рес­публикалық жобасының ма­ңыз­ды­лығына айрық­ша тоқталып өтті.

Отырысты түйіндеген облыс әкімі Ермағанбет Қабдулаұлы: «Тұрақты даму – бұл тек экономика мен экология ғана емес, сонымен бірге мызғымас құқықтық негіз. Мықты мемлекеттің іргетасы – әділетке негізделген заң, парасатты билік және жауапкершілігі жоғары азаматтар. Осының бәрінің түпқазығы – Заң және тәртіп. Олай болса, Президент белгілеген стратегиялық бағыттар бойынша жұмысымызды жүйелеп, нақты қадамдарға көшейік», деді.

 

Қарағанды облысы