Технология • Бүгін, 19:56

Жасанды зерденің игілігі мол

40 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың таяуда жарияланған «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауын мұқият тыңдап, онда айтылған мәселелердің маңыздылығын байыптадық.

Жасанды зерденің игілігі мол

Биылғы Жолдау еліміздің IT қауымдастығына қарата айтылғандай әсер қалдырды. Аты айтып тұрғандай, оның басты арқауы – жасанды интеллектке арналды, яғни тың технологияның еліміздің дамуына әсері жайлы орамды ойлар қамтылды. Әсіресе отандық қаржы жүйесіне қатысты біраз мәселе қозғалды. Айталық, Президент мемлекеттік кірістер саласында цифрландыру үдерісіне қарқын қосуды тапсырды. Қасым-Жомарт Кемелұлы жауапты ведомство жасанды интеллекттің және басқа да озық технологияның әлеуетін салық төлеушілердің мүддесіне сай тиімді қолдануы керек екенін айтты. Бұл бағытта Электрондық қаржы орталығы Мемлекеттік кірістер комитетімен бірлесіп, жүйелі жұмысты атқарып келе жатқанын айта кетейін.

Оның нақты мысалы – Салықтық әкімшілендірудің интеграцияланған жүйесі. Бұл – Қазақстандағы салық процестерін автоматтандырып, Интеграцияланған салықтық ақпарат жүйесі, Салық есептілігін өңдеу жүйесі және СТК сияқты бұрыннан келе жатқан 7 платформаны алмастыруды көздейтін цифрлы өнім. Осы жоба арқылы МКК бизнес-процестерін оңтайландырып, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру жоспарланған. Бұған қоса электронды түрде, оның ішінде «Электрондық үкімет» порталы және халыққа қызмет көрсету орталықтары үшін интеграцияланған ақпараттық жүйе (ХҚКО ИАЖ) арқылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді ұлғайту қарастырылып отыр. Сонымен бірге, көлеңкелі экономиканы азайтып, адами факторды тежеп, салық төлеушілердің уақыты мен қаражатын үнемдеу көзделген.

Бұдан бөлек, жасанды интеллект мүмкіндіктерін республикалық бюджетті тиімді басқарып, артық шығынды болдырмау мақсатында пайдалануды көздеп отырмыз. Тың технология алуан түрлі қызметті ұсынатын әрі үлгілерді анықтап, сын-қатер жайлы ескертіп, ұсыныстар беретін көмекші ретінде қарастырылады. Жүйенің архитектурасы мен үйлестіру мәселесі Қаржы министрлігі және Электрондық қаржы орталығының қарауында. Сондай-ақ бұған техникалық және ғылыми бағытта қызмет ететін әріптестер қолдау көрсетіп келеді. Әр ішкі жүйе болжау, бақылау, талдау ретінде дербес дами алатындай, бірақ тұтастай цифрлы платформамен үйлесім табатын модульдік архитектура негізге алынып отыр. Әлбетте, тізбектесек дайындап жатқан жобамыз жетерлік. Олардың нәтижесі мен пайдасын отандастарымыз алдағы уақытта көре жатар. Түйіндейтін болсақ, Президент белгілеген мақсаттар мен міндеттерді білек сыбана орындауға дайынбыз. Бірқатар жұмыс іске асырылып та жатыр. Мұның бәрі елімізді өркендетіп, халқымыздың әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты қадамдар.

Дияс КРАМШЕЕВ,

Электрондық қаржы орталығының басқарма төрағасы