
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Астананың таңы енді бозарып келеді. Ұйқым шайдай ашылып кетті. Қайтадан жастыққа бас қойып едім, екі көзім ине тіреп қойғандай ілінбеді. Ойымнан қызыққа толы балалығым өткен ескі үй кетпеді. Соншалықты әспеттеп айтатын да жай емес. Кәдімгі екі басты үйдің бір жағы. Шағын ғана төрт бөлме. Мынау – әжем екеуміз ұйықтайтын кішкентай бөлме. Анау апам арқасын пешке сүйеп отыратын ауыз үй. Осы жерде тамақ ішеміз. Одан кейін қонақтарға арналған төр бөлме. Арғы жағында тәтемдердің түпкі бөлмесі. Бар болғаны – осы. Бірақ маған зәулім сарайдай көрінетін. Бір қызығы, тас үй болғандықтан қақаған қыста жиі суып кетеді. Сондықтан апам марқұм қар түскеннен жаз шыққанға дейін пешпен алысатын. Тонналап көмір жағатын.
Мен ес білгенде бізбен қабырғалас Айтжан ағаның отбасы тұрды. Марқұм артық сөзі жоқ, момын кісі еді. Ауылда трактор айдады. Ал әйелі – Қаншай апа ептеп шайпаулау болатын. Кейде көршілермен балалары үшін сөзге келіп қалады. Бірақ қайтымы тез. Ештеңе болмағандай күліп жүре береді. Бұдан соң Қатша кемпірдің қызы Дәметкен апа көрші болды. Олардан кейін Бөкеш ағаның отбасы көшіп келді. Барлық көршімен жақын туыстай сыйластық. Бізден соң Ерғали аға мен Талқанбай әкемнің үйі. Талқанбай әкем – майдангер. Соғыста зеңбірекші болып, ерен ерлік көрсеткен. Үшінші дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталған. Ал оң жағымызда Серік пен Айжан ағалардың үйі орналасқан. Айжан аға көктем шыға бие байлайды. Әсіресе Дәкіш апа қымызды керемет баптайды. Бал татиды. Ауылдың үлкендері сол үйден жиі қымыз ішетін. Қораның артында Қалдидің еңселі үйі қоныс тепкен. Бұл кісі баяғының батырлары секілді алып денелі адам. Торғай өңіріне танымал азамат. Оның ақындығы, әңгімешілдігі, шежірешілдігі, атбегілігі – бөлек жыр. Біраз жыл ауылдық кеңестің төрағасы болып істеді. Қалди ағаның түс кезінде жұмыстан үйіне нар түйедей маң-маң басып келе жататын бейнесі әлі күнге дейін көз алдымда...
Біздің көше ауылдың қыр жағында орналасқан. Сондықтан «Қыр көше» аталамыз. Өзіміз басқа көшенің балаларына «Қыр көшенің қырандарымыз» деп қыр көрсетіп жүретін едік. Ұйымшыл болдық. Арман, Медет, Рүстем – бәріміз бір сыныпта оқыдық. Сабаққа бірге барып, бірге қайтамыз. Неше түрлі ойынның «көрігін» қыздырамыз. Бір жағынан, үйге көмектесеміз. Қыс мезгілінде мал жайлаудан қолымыз тимейді. Шанамен су тасимыз. Көктемде тасыған су үй іргесіне дейін келетін. Бұл біз үшін бір мереке еді. Тасқынның беті қайтқаннан кейін балық аулаймыз. Қазір ойласам, соның бәрі ертегі секілді көрінеді. Өйткені сол кездегі ауыл қазір жоқ. Біраз үйлердің орны төмпешік болып қана қалған. Көршілеріміздің де көбі өмірден әлдеқашан озған.
Өткенде ауылға жол түскенде ескі үйге арнайы соқтым. Балалық шағымның ізін іздеп, төңіректі айналып біраз жүрдім. Сағынышымды басқандай болдым. Аяулы әжемнің сүйегі осы үйден шығып еді. Сондықтан мен үшін бұл орын қасиетті. Ескі үй: «Балам, менің күйім осы дегендей» үнсіз мұңайып тұрды. Көзімнен жас ыршып кетті...