
Осы күні заманауи мектепте білім алып жатқан балалар мен ата-аналардың қуаныштарында шек жоқ. Апта соңында Алмалыбақ ауылындағы 1500 орындық орта мектепте «Ашық есік» күні ұйымдастырылды.
«Мұндағы мақсат – қоғам өкілдерін мектептің оқу-тәрбие үдерісімен, материалдық-техникалық базасымен, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жасалған мүмкіндіктермен таныстыру, білім сапасын арттыруға бағытталған ашық диалог орнату», дейді қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айнұр Әшірбаева.
Алмалыбақ ауылындағы жаңа мектептің ашылуына куә болған ата-аналар да қуанышымен бөлісті.
«Мен осы ауылдың тұрғынымын. Үш балам осы мектепке барады. Біз мектептің ашылуын ұзақ күттік. Аты айтып тұрғандай, шын мәнінде келешектің мектебі болды. Сыныпта барлық жағдай жасалған. Әр сынып таза ауызсумен қамтамасыз етілген. Бастауыш сыныптың кабинеттері жас ерекшеліктеріне сай жасалған. Орындықтары, парталары, тақталары заманауи үлгіде орнатылған. Барлық балаға жеке шкаф берілген. Асханасы өте кең. Спорт залдың бастауыш пен жоғары сынып оқушыларына жеке-жеке жасалғаны, тіпті, қуантты. Ел келешегі – жас өскінге осындай мүмкіндіктерді сыйлаған Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлына айтар алғысымыз шексіз», дейді ауыл тұрғыны Гүлшат Жанғожаева ағынан жарылып.
Жаңа мектептің ыңғайлы сыныптары мен кең залдары жас ұрпақтың ғылымға, өнерге, спорт пен әдебиетке еркін қадам басуына жол ашатынын алға тартқан мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айжан Меңліхожаева сәулетті білім шаңырағында оқушылар дәстүрлі пәндерді терең меңгерумен қатар, ақпараттық технология, инженерия, биотехнология, роботтехника, басқа да жетекші салаларда жан-жақты білім алып, болашақ мамандықтарына алғашқы қадам жасайтындығын айтты. Осындай игі бастамаларды қолдаған ел басшылығына, білім басқармасына алғысын білдіре келе, білім мен тәрбие ұштасып, болашақ білімдар тұлғалардың қалыптасуына негіз болатын мектеп ұжымына шығармашылық табыс, оқушыларға шабыт пен сәттілік тіледі.
«Ашық есік» күніне қатысқан қоғамдық бірлестік өкілдері мен ата-аналар мектеп ішін аралап, материалдық базасымен танысты.
Алматы облысы