Форум • Бүгін, 09:00

Конституция – теңдік пен әділдік кепілі

20 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Астанада Консти­туциясының 30 жылды­ғына орай «Бейбітшілік пен болашақ құқық арқы­лы» конституциялық сот төрелігінің халық­аралық форумы өтті. Онда сарапшылар мемлекет­ті нығайту мен Конс­титуция құндылықтарын ілгерілетудегі әділеттің әлеуетін талқылады.

Конституция – теңдік пен әділдік кепілі

Конституциялық сот ұйым­дас­­тырған форумға Еуропа­ның, Азия мен Африканың 15 елінен келген конституциялық бақы­лау органдарының төрағалары мен судьялары, адам құқық­тары жөніндегі уәкілдер, жетек­ші заңгер-ғалымдар мен құ­қық қор­ғаушылар, халықара­лық ұйымдардың өкілдері, сон­дай-ақ еліміздегі орталық мемлекет­тік органдардың басшылары, адвокатура мен ғылыми қоғамдастықтың 150-ден аса өкілі жиналды.

Конституциялық сот төраға­сы Эльвира Азимова пленар­лық отырыста форумның өзек­тілігі құқықтың рөлін тек жеке мемлекет шеңберінде емес, әлемдік қауымдастықтың да түсінуі қажет екенін атап өтті. Қазіргі жаһандық сын-қатерлер дәуірінде бейбітшілікті сақтау мен дауларды шешудің ең сенімді тетігі – құқық.

– Конституция – жай ғана заң емес, теңдік пен әділдіктің, адам құқықтарының кепілі. Ол қоғамның билікке сенімін арттырып, диалогті күшейтеді. Конституциялық экономика меншік құқығын қорғайды, инвестиция мен инновацияға жол ашады. Бұл – ұзақмерзімді өсудің берік іргетасы. Сондық­тан бейбітшілік пен құқыққа негізделген болашақ – күшке емес, заңға сүйенетін, әділдік пен тұрақтылықты басты құндылық ететін қоғамға апарар жол, – деді Э.Азимова.

Халықаралық форумның пленар­лық сессиясында Құқық ар­қылы демократия үшін Еуро­палық комиссияның (Вене­циан­дық комиссия) прези­­денті Клер Бази-Малори елімізді Конституцияның 30 жыл­дығы­мен құттықтап, заң үстем­дігінің, адам құқық­тарын қорғаудың және конституция­лық соттар­дың мемлекеттің бейбітші­лігі мен тұрақтылығын сақтаудағы рөлінің маңызын атап өтті. К.Бази-Малори Вене­циандық комиссияның Қазақ­станмен табысты ынтымақ­тастығын алға тартып, оны одан әрі нығайтуға дайын екенін жеткізді.

Ал Біріккен Араб Әмірлік­тері Федералды Жоғарғы сотының төрағасы Мохаммед Хамад Мохаммед әл-Бади әл-Захри өз елінің конститу­циялық әділет тәжірибесімен бөлісті. Оның ішінде азаматтар­дың конституциялық рәсімдер­ге қолжетімділігін қамтама­сыз ету және сот процесін оңтай­лан­дыру үшін цифрлық техно­логиялардың қолда­нылуын айтып берді. Ол конституция­лық әділеттің қоғамның билік институттарына деген сенімін нығайтатынын, мемлекеттің тұрақтылығы мен дамуына ықпал ететінін және бейбітшілік пен әділетті болашақты құрудың негізгі факторы екенін атап өтті.

Сонымен қатар Зимбабве Жоғарғы сотының төрағасы Люк Малаба конституциялық соттардың заң арқылы бейбіт­шілік пен дамуды қамта­масыз етудегі рөліне тоқталды. Оның пікірінше, конституциялық бақылау – конституционализм, заң үстемдігі және биліктің бөлінуі қағидаттарын қолдай­тын негізделген құқықтануды қа­лып­тастыруға мүмкіндік береді және мемлекеттің тұрақ­тылығы мен заңдылығын нығайтудың маңызды құралы.

Форум үш тақырыптық сессия және кәсіби серіктес­тіктерді нығайту мен озық тәжірибелермен алмасуға арнал­ған арнайы блокта нетворкинг форматында жалғасты. Онда Қырғызстан Конституциялық сотының судьясы Чинара Айдарбекова адам құқықтарын қорғау мен тұрақты дамудың негізі ретінде заң үстемдігі­нің маңызын атап өтті. Ал Оңтүс­тік Корея Республикасының Конституциялық сотының судьясы Ким Бок Хён билікті асыра пайдаланбаудың кепілі ретінде конституциялық сот өндірісін ерекше көрсетті. Тәжікстан Конституциялық сотының судьясы Кувватзода Фотех Джума болса Конституцияның ұлт­тық құқықтар мен мүдделерді қор­ғаудағы рөлін баяндады, ал Германияның Рейнланд-Пфальц жеріндегі Конституциялық сот пен Жоғарғы әкімшілік соттың президенті Ларс Брокер конституциялық нормаларға түсіндірме беру арқылы Ата заңның тұрақтылығы мен эволюциясын талдап берді.

Әлемде консти­ту­­циялық соттар немесе олар­­ға баламалы органдары жұ­мыс істейтін 120-дан аса ел бар. Олар өз елдерінің негізгі заңы­ның талаптарына барлық қабылданатын нормативтік құқықтық актілердің, сайлау мен референдумдарды өткізу рәсім­дерінің, сайланатын лауа­зым­дарға тағайындаудың сәй­кес­ті­гін, сондай-ақ азамат­тар­дың құқықтары мен бостан­ды­қ­тарының сақталуын қадағалайды.