
Жиында Еуропалық қайта құру және даму банкі, Халықаралық қайта құру және даму банкі, Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі және Ислам даму банкі арқылы ірі инфрақұрылымдық жобаларды мемлекеттік кепілдікпен қаржыландыру тетіктері қаралды.
Көлік инфрақұрылымына қатысты ерекше назар «Бейнеу – Сексеуіл» автожолының құрылысына аударылды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Бейнеу – Сексеуіл» және «Бозой – Шалқар» учаскелерін қамтитын, жалпы ұзындығы 765 шақырым болатын жаңа автожолдың техникалық-экономикалық негіздемесі аяқталуда. Көлік министрлігінің мәліметінше, құрылыс жұмыстары таяу уақытта басталады. Ал ЕҚДБ мен ХҚДБ 800 млрд теңгеден астам қаражат бөлуге дайын екенін мандаттық хатпен растады.
Сондай-ақ «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның Трансқазақстандық теміржол дәлізін дамытуға бағытталған Middle Corridor Development жобасын ХҚДБ және АИИБ-мен бірлесіп жүзеге асыру мәселесі сөз болды.
Ислам даму банкімен арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтуға байланысты ынтымақтастық бөлек қаралды. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің болжамынша, бұл қадам 2030 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінің жалпы қосылған құнына 6,1 пайыз өсім береді.
Аталған жобаларды жүзеге асыру Қазақстанның халықаралық транзиттік дәліз ретіндегі әлеуетін арттырып қана қоймай, ел экономикасының тартымдылығын күшейтуге және іскерлік ортаны дамытуға елеулі үлес қоспақ.