
Облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей мен облыстық спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев те арнайы келіп, жылы лебізін білдірді. Кеншілер шаһарының тұрғындары және жанкүйерлер чемпионға қошемет көрсетті.
Сонымен қоса, Ә.Молдағұлова атындағы мектеп-интернат колледжінің директоры, облыстық мәслихат депутаты Ерден Халилин мен облыстық ұлттық спорт түрлері қауымдастығының атқарушы директоры Темірхан Абылаев та жерлесімізді жарқын жеңісімен құттықтады.
Аиданың әкесі Нұрлан Джапаркулов пен анасы Қарлығаш Абикеева да батыр қыздарын қуанышпен қарсы алды.
– Маған жанкүйер болып, қолдау көрсеткен барша қазақ еліне алғысымды айтамын. Бәріңіздің қолдауыңыз сезілді. Әуелі басқарма басшылығына, федерацияға алғысымды білдіремін. Қолдау көрсетіп, сенім артты. Жаттықтырушыларым барлық қарсыласыма жеке-жеке тактика қойды. Соның нәтижесінде жеңіске жеттім. Осы тұста жаттықтырушыларыма алғыс айтамын. Келер жылы Азия ойындары бар. Соған дайындаламын. Одан кейін Олимпиада ойындары күтіп тұр, – деді чемпион.