Білім • Кеше

Келешек мектебі: Қазақстандағы орта білім сапасын арттырудың жаңа парадигмасы

10 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазіргі заманның талабы – балаларға сапалы білім беру. Өйткені мықты мектеп – мықты елдің негізі. Осыны ескерген мемлекет соңғы жылдары білім саласын жаңғыртуға ерекше көңіл бөліп келеді. Соның ең үлкен қадамы – Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде «Келешек мектептері» ұлттық жобасы белсенді жүзеге асырылуда. Бұл жоба жаңа мектептер салумен қатар, оқыту әдісін жаңартып, балаларға заманауи әрі қауіпсіз орта құруды мақсат етеді.

Келешек мектебі: Қазақстандағы орта білім сапасын арттырудың жаңа парадигмасы

Жоба аясында 2026 жылға дейін 460 мың оқушыға арналған 217 мектеп салу жоспарланған. Оның айтарлықтай бөлігі ауылдық жерлерге тиесілі, яғни жүз мыңнан астам ауыл баласы қаладағы құрбы-құрдастарымен тең дәрежеде сапалы білім алу мүмкіндігіне ие болды. Мұндай қадам Қазақстандағы білім беру жүйесіндегі ең түйткілді мәселелердің бірі – ауыл мен қала арасындағы сапа алшақтығын қысқартуға жол ашады. Бұл жоба тең мүмкіндіктер қоғамын құруға жасалған нақты қадам деуге толық негіз бар.

Жаңа мектептердің басты ерекшелігі – бірыңғай заманауи стандарт. Бұрынғы типтік жобалардан олардың аумағы 15-20 пайызға кең, ал техникалық жабдықталуы төрт есеге артық. STEM-зертханалар, робототехника кабинеттері, коворкинг орталықтары, спорт пен өнерге арналған залдар, әскери дайындық алаңдары – бәрі де жас ұрпақтың жан-жақты дамуына жағдай жасау үшін қарастырылған. Әрбір кабинет заманауи жиһазбен, оқу құралдарымен жабдықталып, жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етіледі. Бұл – оқушыны тек теориялық біліммен ғана емес, практикалық машықтармен де қаруландыруға мүмкіндік беретін маңызды фактор.

Қауіпсіздік мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Мектеп ғимараттары бейнебақылау жүйелерімен толық қамтылып, бастауыш пен жоғары сынып оқушылары бөлек блоктарда оқиды. Мұндай шешім білім ортасының жайлылығы мен қауіпсіздігін арттырады. Инклюзивті білім беру талаптары да ұмыт қалған жоқ: ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған санитарлық бөлмелер, пандустар, лифтілер, логопед пен дефектолог кабинеттері қарастырылған. Бұл – барлық балаға тең жағдай жасауға бағытталған мемлекет саясатының көрінісі.

Айта кетерлік тағы бір маңызды жайт бүгінде елімізде тек жаңа мектептер салынып қана қоймай, қолданыстағы ескірген ғимараттар да жаңа стандарттарға сәйкестендіріліп, қайта жаңғыртылуда. 2025 жылға дейін 1000-нан астам ауыл мектебі жөндеуден өтіп, жүздеген пәндік кабинет жаңартылмақ. Соңғы 6 жылда ел бойынша 1 миллионнан астам оқушыға арналған 1000-нан аса мектеп бой көтерген. Бұл Тәуелсіз Қазақстан тарихында бұрын-соңды болмаған көрсеткіш.

Мектеп инфрақұрылымының қарқын алуымен қатар, ауыл мектептеріндегі кадр тапшылығын жою, мұғалімдердің кәсіби деңгейін теңестіру секілді мәселелер де жүйелі түрде шешілуді талап етеді. ілім беру жүйесі тек материалдық негізбен ғана емес, педагогикалық мазмұнмен, оқу бағдарламасының сапасымен, оқушылардың әлеуметтік жағдайымен ұштасқанда ғана нәтижелі болады. Бүгінде бұл бағытта да көптеген бастамалар қолға алынуда.

Әрине, мектептің жүрегі – мұғалім. Жаңа форматтағы білім ордалары үшін үш мыңнан астам педагог арнайы дайындықтан өтті. Олар заманауи технологияларды меңгерген, әр оқушының қабілетіне қарай жеке тәсіл қолдануға дайын болуы тиіс. Басқару ісінде де жаңа серпін бар: мектеп директорларын іріктеуде «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасына қатысқан үміткерлерге басымдық берілуде. Бұл – білім беру сапасына басқару мәдениеті арқылы да ықпал етудің жолы.

Жобаның тағы бір қыры – құндылықтарға негізделген білім беру жүйесі. «Адал азамат» тұжырымдамасы әділдік, еңбекқорлық, адамгершілік қағидаларын дарытса, «Таза Қазақстан» идеясы экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған. Мұндай бағдар тек академиялық біліммен шектелмей, тұлғаның моральдық болмысын тәрбиелеуге мән береді. Сонымен бірге кәсіби бағдарлау да ерте жастан басталады. Бастауыш сыныптарда мамандықтармен таныстыру, жобалық апталар ұйымдастырылса, жоғары сыныптарда бейіндік пәндер тереңдетіліп оқытылады. «Мансап компасы» атты цифрлық платформа арқылы оқушылар өз болашағын ерте кезеңде бағдарлай алады.

«Келешек мектептері» – Қазақстандағы білім реформаларының ең ауқымды әрі болашағы зор жобаларының бірі. Ол білім берудің мазмұнын, философиясын, құндылықтарын дамыта отырып, қазақстандық білім беру жүйесін әлемдік кеңістікте бәсекеге қабілетті етеді.

Майра Мелдебекова,

ҚР Оқу-ағарту бірінші вице-министрі

Соңғы жаңалықтар

Оралу: рух күші

Руханият • Кеше

«Алисаның» қазақша нұсқасы

Ғалам ғажаптары • Кеше