Мәдениет • Бүгін, 09:27

Көрерменді тәнті еткен қойылым

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елубай Өмірзақов атындағы облыстық филармония залында «Астана Балет» театрының гастрольдік көрсетілімі өтті. Қостанай тұрғындары екі кеш қатарынан әлемдік классика жауһарларын, заманауи қо­йы­лымдар мен ұлттық хореография өнерінің ғажайып туындыларын тамашалады.

Көрерменді тәнті еткен қойылым

Көрерменге лық толы филармония залында екі күн бойы ине шаншар жер болған ­жоқ. Бекзат өнерге сусап қалған көпшілік ­театр труппасын тік тұрып қарсы ­алып, қойылым барысында қошеметке көміп отырды. Гастрольдік сапар аясындағы алғашқы кеште қалың көрермен ­Жорж Бизенің әйгілі «Кармен» операсы­ның негізінде хореограф Альберто Алон­со сахналаған бір актілі «Кармен-сюита» балетін тамашалады. Кезінде Родион Щедрин оркестрге лайықтаған, Майя Плисецкая үшін арнайы қойылған атақты туынды көрермен қауымға ерекше әсер сыйлады.

Осы кештің екінші бөлімі елі­мізге белгілі композитор Кари­на Абдуллинаның музыкасына Мука­рам Авахри қойған «Тағдыр бұлтарыс­тары» спектакліне жалғасты. Жан тебі­рент­кен әсерлі кеш театрдың бас ди­рижері Арман Оразғалиевтің жетек­шілі­гін­дегі симфониялық оркестрдің сүйе­мелдеуімен өткенін де айта кеткен жөн.

Келесі күні балет театры ынтық көрерменіне Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері Айгүл Тәти қой­ған «Ұлы дала мұрасы» ұлттық дивер­тисментін тарту етті. Бір сәт тарих бедерінен ке­руен боп көшкен сан кезеңнің ты­нысы, сайын дала төсінде салтанат құрған көшпелілер мәдениеті бүтіндей бір сахнаға сыйып кеткендей. Театр ұжымының осыншама көлемді дүниені бір сағаттың ішінде талғампаз көрерменнің көкірек төріне қондыра алғанына тәнті боласыз. Сахнадағы сан алуан хореографиялық миниатюралар, асқан талғаммен тігілген әсем ұлттық киім үлгілері, дәстүр мен қа­зіргі заманның үйлесімі, бишілердің ғажайып қозғалысы – бәрі-бәрі көп­шілікті қайран қалдырып, ерекше бір ғажайып күйге шомдырғаны анық.

«Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері Айгүл Тәти қойған «Ұлы дала мұрасы» қойылымын тамашалап, тілмен айтып жеткізе алмайтын ғажайып әсер алып шықтық. Ұлттық балеттің соншалықты биік деңгейде екеніне көзіміз жетті. Сахнадағы көз­дің жауын алатын әсем костюмдер, бишілер қозғалысындағы қайталанбас пластика, үйлесімділікке тәнті болдым. Әртістер де бой-тұлғасы, түр-сымбаты жағынан бір-бірімен керемет үйлесім тапқан. Мұндай аса күрделі әрі көркем туындыны сахнаға алып шығу үшін, сөз жоқ, асқан дарын, табанды еңбек, жоғары талғам керек деп білемін. Сондай-ақ Қозы Көрпеш пен Баян сұ­лудың сүйіспеншілік тарихын баяндайтын қойылымда бас кейіпкердің бас әншісі орыс қызы болды. Өз рөлін өте тамаша орындап шықты. Бұл да маған қатты әсер етті. Осындай әсерлі кеш, ұмытылмас мереке сыйлаған «Астана Балет» театры ұжымына шын жүректен алғыс білдіремін», дейді көрерменнің бірі Лейла Исаева.

 

Қостанай облысы

Соңғы жаңалықтар

Оралу: рух күші

Руханият • Кеше

«Алисаның» қазақша нұсқасы

Ғалам ғажаптары • Кеше