
Орталық аумағында төрт жабық қатты жабынды корт, төрт ашық қатты жабынды корт, алты топырақ жабынды корт орналасқан. Көрермен үшін ашық алаңдарда 150 орындық, ғимарат ішінде 100 орындық трибуна бар. Жаңа орталықтың жалпы аумағы 5 мың шаршы метрден асады.
Кәсіби спортшылармен қатар әр жастағы әуесқойларға арналған орталық халық тығыз қоныстанған ауданда орналасқан. Жаттығу үшін білікті жаттықтырушылар тартылып, теннисшілерді даярлауға және бұқаралық спортты дамытуға қолайлы жағдай жасалған.
Мұнда әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балалары үшін кемінде екі топ (әрқайсысы 10 адамнан) тегін сабақтар ұйымдастырылмақ. Сонымен қатар көпбалалы отбасылар мен зейнеткерлер жеңілдікпен жаттыға алады. Орталық толықтай мүмкіндігі шектеулі азаматтарға бейімделген.
Кешенде медициналық кабинет, асхана, заманауи TechnoGym жабдықтарымен қамтылған жаттығу залы, мәжіліс залы бар. Орталық күніне кемінде 400 спортшыны қабылдай алады. Нысан құрылысы Қазақстан теннис федерациясының қолдауымен жүзеге асқан. Кешеннің ресми ашылу салтанаты Қала күнін мерекелеу аясында өтеді.