
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының Бас қолбасшылығының Құжаттамалық қамтамасыз ету басқармасының аға офицері Рүстем Байкалұлы егде жастағы ер адамның үй ауласындағы орындықта сүлесоқ және еңкейіп отырғанын байқаған. Басын сүйеп, қозғала алмай отырған азаматқа әскери қызметші келіп, жағдайын сұраған. Ал ол қан қысымы көтерілгенін және көмек керегін әрең жеткізген.
«Қан қысымы бойынша мәселе барын түсініп, сырт киімін шешіп, бірден дәріханаға жүгірдім. Фармацевтің кеңесімен қажетті дәріні алып, сырқат кісіге бердім. Іле жедел жәрдем шақырып, науқасты соларға тапсырдым. Олар қалай алғашқы көмек көрсеткенімді және қандай дәрі бергенімді сұрады. Бәрін түсіндірген соң медицина қызметкерлері дұрыс әрекет жасағанымды айтты. Егер дер кезінде назар аударып, дәрі-дәрмек бермегенде науқастың өмірден өтіп кетуі де мүмкін екен», – деді капитан Рустем Әбішев.
Осылайша, ұландық әскери қызметшінің жедел әрекеті жазатайым оқиғаны болдырмауға септігін тигізді.
Айта кетейік, Р. Абишев Ұлттық ұлан сапында 2007 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Офицер осыдан 10 жыл бұрын да адам өмірін аман алып қалған болатын. Ол кезде ол Өскемен қаласында демікпесі ұстап қалған көлік жүргізушісіне дер кезінде алғашқы көмек көрсеткен.