
Фото: ҚР Президенті іс басқармасы
Туризм индустриясы комитетінің мәліметінше, қаңтар-шілде аралығында «Бурабай» паркіне 600 мыңнан астам турист табан тіреген.
Екінші туристер таңдауы түсетін мекен - Алматы қаласына жақын орналасқан Іле-Алатау ұлттық паркі. 7 айда оның табиғи ландшафттарын 507 541 турист тамашалаған.
Үштікті Алматы облысындағы «Көлсай көлдері» ұлттық паркі түйіндейді. Бұл табиғи нысанды 350 мыңнан астам адам аралаған. Оның аумағындағы көзтартарлық Көлсай мен Қайыңды көлдері бар.
Туристердің саны бойынша үздік бестікке Шарын және Баянауыл ұлттық парктері енген.
Шарын ұлттық паркі Алматы облысында орналасқан және бірегей шатқалмен көпшілік арасында танымал. Оған фототуризм, джип-турлар мен этноэкспедициялармен айналысатын саяхатшылар жиі келеді.
Ал Баянауыл - Павлодар облысында орналасқан және Қазақстан аумағында құрылған алғашқы ұлттық парк. Бұл аймақ таулы ландшафттармен және көлдерімен ерекшеленеді.