Ән • Бүгін, 14:10

«Абай арманы» нотаға түсті

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Дүниені танудың тармағы көп, соның бірі – әуен арқылы әлемге үңілу. Хакім Абайдың ғаламшарына бұл жолы музыка кемесінің зерттеушілері келіп қонды. Француздың көрнекті композиторы Пьер Тиллуа «Абай арманы» атты шығарма жазып, ақын әлемінің көркемдік кеңістігіне бойлады. Саз бақшасы мен сөз патшасының үйлесімі «Қазақконцерт» сахнасында көрініс тапты.

«Абай арманы» нотаға түсті

Бірнеше жыл бұрын белгілі пианист, еліміздің еңбек сіңірген қайраткері Тимур Урманчеевтің ыждағатымен «FORTE TRIO» ансамблі құрылды. Скрипка, виолончель және фортепианоның үндестігімен алғашқы музыкалық ұжым жасақталды. Шығармашылық топ әлемдік сахналарда өнер көрсетіп, көрермен ықыласына бөлене берді. Сондай гастрольдік сапар аясында «FORTE TRIO» Францияның Мюлуз қаласында болды. Бұл турасында ұжым жетекшісі Тимур Урманчеев былай деп айтады:

«Бұл қалада әлемге әйгілі композитор Пьер Тиллуа тұратын. Ол біздің концертімізге келіп, таңданысын жеткізді. Қазақстандағы классикалық музыка деңгейіне жоғары баға берді. Сол сәттен бастап біз тығыз шығармашылық байланыс орнаттық. Ол триомыз арқылы Ұлы Даланың әуен әлемімен таныса бастады. Халық шығармалары мен халық композиторларының мұрасын зерделей түсті. Ізденіс ізімен жүріп ұлтымыздың ұлық данасы Хакім Абай әлеміне тап келді. Оның сан қырлы болмысы, биіктігі мен тереңдігі композитор санасына жаңаша сәуле түсірді», дейді Т. Урманчеев. Оның айтуынша, батыс әлемі үшін шығыс әлімсақтан қызық һәм ғажайып мекен. Пьер Тиллуа да Абайдың өмір мұратына, көзқарас ерекшелігіне аңсар қылып, арнайы триоға арнап «Абай арманы» атты шығарманы жазып шыққан.

Бұған дейін туынды Еуропаның бірнеше шаһары мен Ресейдің Красноярск қаласында орындалды. Австриялық дирежер Мария Бенюмова: «бұл қалалардағы гастрольдер хакімнің туған еліне дайындық деп есептейміз. Ойшылдың 180 жылдық мерейтойына тартуымыз деп білеміз», деді ол.

Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» ұйымының басшысы Альтаир Қожахметов концерттік ұжым Абай тойына жаңа ізденіспен келгенін жеткізді. «Концерттік ұжым хакім мұрасын дәстүрлі, эстрадалық және классикалық бағытта насихаттауды мақсат етеді. Бұл адамдардың музыкалық талғамына сай Абайды жан-жақты таныстыруға мүмкіндік береді. Бұған қоса ақынның шығармашылық зертханасын кешенді таныту үшін, арнаулы дәріс-концерттер өтіп тұрады», деді А.Қожахметов.