Абай • Бүгін, 15:43

Астанада Ерлан Рысқалидың Абайдың 180 жылдығына арналған жеке кеші өтті

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

21 қыркүйек күні елордада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Қазақконцерт» көркемдік жетекшісі Ерлан Рысқалидың «Abai  Lab» атты жеке шығармашылық кеші өтті, деп хабарлайды Egemen.kz

Астанада Ерлан Рысқалидың Абайдың 180 жылдығына арналған жеке кеші өтті

Ұлы ойшыл, ақын әрі ағартушы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған әдеби-музыкалық кеште көпшілік ұлттық дәстүр мен заманауи өнерді тоғыстырған ерекше кештің куәсі болды. Бұл кештің ерекшелігі сол, әнші әр әнді орындамас бұрын ол туындының жұртшылық біле бермейтін тарихын айтып, көп тың деректі ортаға салды. «Қазақконцертке» жиналған қауымға кеш ұнағаны соншалық, әншінің соңғы әні орындалғанда да ешкім кетуге асықпады. Рухани кеште Абайдың өлеңдері мен әндерін орындаудан бөлек, ұлы ақын төңірегіндегі әнші-композиторлар мен сал-серілердің шығармашылығы туралы біраз дерек айтылды.

Ринат ЗАЙЫТ, Мәжіліс депутаты:

«Ерлан Рысқалидың кешін көптен  күткен тыңдарманның көңілін алдамаған, көпірік емес, көркем сөзбен әшекейленген әдемі концерт болды. Дана Абайдың заманына бір сапарлап қайтқандай болдық. Әр әннің тарихын салмақты сөзбен жеткізіп, Ақан мен Біржанды, Уәйіс Шондыбай мен Шәкәрімді, Мұхамеджан мен Әмірені, Жүсібек, Келденбай, Санақ, Тұрсынғазыларды көрерменнің көз алдына әкеліп , сағынышын басты. Құдіретті Қазақ әні жасай берсін! Ерлан Рысқалиға алғыстан басқа айтарымыз жоқ».

Әлия ҚАНАШҚЫЗЫ, ардагер ұстаз:

«Бүгін «Қазақконцерт» залында дәстүрлі әнші, өнер қайраткері, менiң шәкіртім Жадыраның жан жары Ерланның «Abai Lab» атты шығармашылық кешiнен керемет әсер алып қайттым. Көрерменге әдеби тілмен Абайдың ән құдiретiн, кемеңгерлiгiн жеткiзе бiлгенiне қайран қалдым. Кiшкентай кезiмнен әкемнiң жанынан қалмай, талай жиыннан, Абай елінде болып жатқан тойлардан қалмайтынмын. Халқымыздың атақты  әншілері Ж.Елебеков, Р.Бағланова, Б.Төлегенова, М.Ешекеев т.б. туындыларын тыңдап өстім. Енді міне, сол өнер иелерінің iзiн жалғастырып келе жатқан Ерлан Рысқалидың шығармашылығын қызықтау бақытына ие болдым».

Жефф ГЕРШ, Нью-Йорктан келген музыкант:

«Ерлан Рысқалидың Абайдың 180 жылдығына арналған ән кешін тамашалау мен үшін үлкен құрмет. Ерланның айрықша орындау шеберлігі және оның домбыраның құлағында ойнауы керемет әсер қалдырды және бойыма шабыт сыйлады. Өзім домбыра шертуді үйреніп жүргендіктен, Қазақстанға келген бетімде мұндай сипаттауға сөз жетпейтін, ерекше концерттерді тамашалаудың мен үшін маңызы зор».