Күрес • Бүгін, 08:07

26 жыл аңсаған алтын медаль

30 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Хорватия астанасы Загребте өткен әлем чемпионатында 60 кг салмақ дәрежесінде күш сынасқан грек-рим күресінің шебері Айдос Сұлтанғали бас жүлдені олжалап, қазақ жанкүйерлерін қуанышқа бөледі. Соңғы рет 1999 жылы Афинада Мхитар Манукян жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Одан кейін «классиктеріміз» төрткүл дүниенің теңдессіздері бас қосқан жарыста күміс пен қоланы ғана қанағат тұтып келді. Енді, міне, арада 26 жыл өткенде Сыр бойының саңлағы еліміздің жанкүйерлеріне алтын медаль тарту етті.

26 жыл аңсаған алтын медаль

Бастапқы бәсекелерде Максвелл Хоппер Блэк (АҚШ) пен Мел­камe Фетинені (Израиль) еш қи­налмай ұтқан Айдос Сұлтанғали ши­рек финалда Олимпиада мен Азия ойын­дарының қола жүлдегері, құр­лық чемпионы Се Унг Римен (Солтүстік Корея) күш сынасты. «Тактикалық тұрғыдан өте сауатты ұйымдастырылған айқас сәл ғана басымдықпен жерлесіміздің пай­да­сына шешілді. Жартылай финалда гру­зиялық Амиран Шавадзеге шаң қап­тырды – 10:2.

Финалда қазақтың қайсар ұлы Өзбек­станның өрені, 23 жастағы балуандар ара­сындағы әлем чемпионы Әлішер Ганиевті мерзімінен бұрын, небәрі 1 минут 7 секундта тас-талқан етіп ұтты. Сөйтіп, Айдос Сұлтанғали тәуелсіз елі­міздің тарихын­да осындай дәрежеге жеткен төртінші ба­луан ретінде есі­мін спорт шежіресіне ал­тын әріптер­мен жазды. Айдос Сұлтанға­лиға дейін бұл белес Юрий Мельниченко мен Мхитар Манукянға екі мәрте бағынса, Бақтияр Байсейітов бір рет бас жүлдені қанжығасына байлады.

Грек-рим күресі шеберлері алғашқы жарыс күні төрт жүлде жиынтығын сарапқа салды. Әлмир Төлебаев (82 кг) пен Әлімхан Сыздықов (130 кг) бастапқы бәсекелерінде сүрінді. Марлан Мұқашев белдесудің алғашқы минуттарында Еуропа чемпионы Артем Делянуды (Молдова) 9:1 есебімен ұтып жатты. Марланға енді бір ұпай алса жеткілікті еді. Бірақ қазақ балуаны сол басымдығын сақтап қала алмады. Бір мезетте Артем оны жығып алды да, кілемнің үстінде шыр айналдырды. Қандасымыз дұрыс қорғана алмады. Ұпай санын лезде 14-ке жеткізген Деляну жеңісті жұлып әкетті.

77 кг салмақта күрескен Демеу Жады­раев алғашында Йонни Саркиннен (Финляндия) мен Алекс Иличке (Сер­бия) сан соқтырғанымен, ширек финал­да Нао Кусакаға (Жапония) жол бер­ді. Дәл осы балуан былтыр Парижде Демеуді Олимпиаданың алтынынан айырғаны есімізде. Загребте Боран­бек Қоңыратовтың шәкірті кеткен есені қайтара алмады. Жұбаныш белдесуін­де Игорь Бычковтан (Украина) басым түскен Жадыраев үшінші орын үшін тартыста әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Еуропа чемпионы Роберт Атилла Фричпен (Мажарстан) шебер­лік байқасты. Белдесу барысында едәуір ұпай айырмашылығымен алда келе жатқан Демеу одан кейін болдырып қалды. Шешу­ші тұста ширақ қимылдаған Фрич жеңіс тойын тойлады – 6:5.

«Классиктердің» екінші жарыс күні 97 кг салмақ дәрежесінде сынға түскен Рахат Бержанов Георгий Мелияның (Грузия) алдында дәрменсіздік танытты. 72 салмақтағы Мерей Мәулетханов алға­шында Маттиас Лапастиді (Финляндия) ұтты. Келесі кезеңде әлем чемпионы, жарыстың екі дүркін қола жүлдегері Әли Арсаланнан (Сербия) айласын асырып, өз көрермендерін тағы бір қуантты. Одан кейін Олимпия ойындарының екі дүркін финалисі, Еуропа чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері Парвиз Насибовты (Украина) жолынан ығыстырды. Бұл бәсекенің тағдырын бір ғана ұпай шеш­ті. Жартылай финалда әлем мен Еуропа чемпионы Ибрагим Ганеден (Франция), үшінші орын үшін белдесуде жастар арасындағы әлем біріншілігінің жеңімпазы, Азия ойындарының қола жүл­дегері, құрлық чемпионы Саед Да­нииал Сохрабиден (Иран) жеңілді.

Соңғы күні тағы үш салмақта са­йыстар өтті. 63 кг салмақта сынға түскен Ержет Жарылқасын ширек финалда Өзбек­станның туы астында өнер көрсететін Айт­жан Қалмахановтан ұтылды. Қан­дасы­мыздың финалға шыққанының арқа­сында Ержет жұбаныш белдесуіне қаты­сып, Александр Грушиннен (Украина) же­ңілді. Дәл сондай жағдайды Ислам Евлоев (87 кг) та басынан кешірді. Алғашқы екі айналымда отандасымыз әлем чемпионы Лаша Гобадзе (Грузия) мен жасөпірімдер мен жастардың әлем бірін­шіліктерінде жеті рет жеңіс тұғыры­на көтеріл­ген Вазген Назарянды (Арме­ния) жо­лынан ығыстырды. Бірақ ширек фи­нал­да Еуропа чемпионы Александр ­Ко­ма­­­ровтан (Сербия) айласын асыра ал­ма­ды. Жұбаныш бәсекесінде Пейтон Дже­кобс­сонды (АҚШ) жықты. Бірақ одан әрі­ге 20 жастағы жерлесіміздің шама­сы жет­педі. Қола медаль үшін тартыс­та Ми­лад Әлиризаевтан (Ресей) жеңілді. 67 кг сал­мақта белдескен Дінмұхаммед Қошқар Славик Галстянның (Арме­ния) оңай олжасына айналып, бірінші кезеңнен кейін-ақ көрермендер қатарына қосылды.

Сөз орайында, жарыста Өзбекстанның әнұранын шырқатқан Айтжан Қалмаха­новтың қазақ екенін айта кеткен абзал. Көршілес мемлекетте туып-өскен, не­бәрі 19 жастағы қандасымыз барлық қар­сыласын ұтып, әлем чемпионы атанды. 

* * *

Әйелдер күресінен еліміздің тоғыз спортшысы бақ сынады. Алайда олар­дың бірде-біреуі жүлдеге іліге алмады. Ең өкінштісі, бозкілемге шыққан жерлестеріміздің арасынан жалғыз Вик­тория Хусайнова (59 кг) екінші кезеңге жетті. Бұл межеде оны түркиялық Алтджин Тогтох тоқтатты. Қалған спортшыларымыз тұсаукесер кездесулерінде сүрінді. Атап айтсақ, Светлана Акинчева (50 кг) Менген Воннан (Солтүстік Корея), Зейнеп Баянова (53 кг) Соен Пактан (Оңтүстік Корея), Зүлфия Яхьярова (55 кг) Елвира Камалоғлыдан (Түркия), Лаура Әлмағамбетова (57 кг) Дженна Хемиядан (Финляндия), Тыныс Дүбек (62 кг) Алиса Новасадтан (Польша), Бейбіт Сейдуәлі (65 кг) Хиененг Пактан (Оңтүстік Корея), Жәмилә Бақбергенова (72 кг) Нұрзат Нұртаевадан (Қырғызстан), Елмира Сыз­дықова (76 кг) Энирка Риналдиден (Италия) ұтылды.

Бұрымдылар бәсекесінде 29 жастағы Жәмила Бақбергенованың тұсау­кесер кездесуінде жеңілгені қатты қынжылтты. Алматы облысының тумасы кейінгі төрт-бес жылда отандық әйелдер күресін жал­ғыз өзі өрге сүйреп жүр. 2021–2024­ жыл­дар ара­­­лы­ғын­да қатарынан төрт әлем чем­­пио­на­­­­тын­­­да олжаға кенел­ді. Бір мәр­те топ жа­рып, ­үш рет күміс­пен күп­­телді, бір рет қола ­алды. Оның сыр­­­тында Азия чем­пио­­­на­ты­ның алты жүл­десі тағы бар (4 алтын, 1 күміс, 1 қола). Ханч­жоудағы Азия ойын­­да­­рында үздік үштікті түйіндеді. Бұл жолы Жәмила ал­ғашқы айналымда қыр­ғыз­дың жас ­дарыны Нұрзат Нұртаеваға жол берді.