Білім • Бүгін, 08:40

Технократ ұрпақты математика пәні қалыптастырады

20 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Елімізде «Цифрлы Қазақстан», «Индустрия 4.0», «Жасанды интеллект», «Ғарыштық деректермен жұмыс» деп аталған ауқымды жобалар жарияланды. Бірақ қарапайым сұраққа жауап беріп көрейікші: болашақтың қақпасын ашатын балалардың қолына берген оқулығымыз бен бағдарламамыз осы биік мақсатқа жеткізе ала ма?

Технократ ұрпақты математика пәні қалыптастырады

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

TIMSS пен PISA сынды халықаралық зерттеулерге қарасақ, жауап көңіл көншітпейді. 2015 жылы математикадан дүниежүзінің ең үздік ондығына кірген қазақ баласы жеті жыл өтпей-ақ 30-орыннан әрі аса алмай қалды. Бұл жай ғана рейтингті қуалау емес,  болашақтағы елдің ойлау деңгейінің айнасы.

Неге бұлай болды? Мұғалім деңгейі нашарлап кетті ме, оқулық қателігі ме, әлде бағдарламаның қисыны ма?

Әңгіме көбіне «оқулықта қате көп» дегенге әкеп тірейді. Шындығында, мәсе­ленің негізі – бағдарламада деп есептеймін.

Бала мектеп табалдырығын аттай сала әліппені меңгеріп үлгермей жатып, математикадан «x» пен «y»-ті көреді. Бірінші сыныптағы «бос жиын», «әріпті өрнек» сияқты ұғымдар кішкентай оқушыға ауыр тиетіні анық.

Бірінші сыныпқа барған бала үшін басты міндет әріптерді танып, оларды қосып буын жасау, буынды сөзге айналдыру. Сол сәтте балаға «анау – а, мынау – б» деп әріпті енді үйретіп жатқанда, үстінен «а + b = c» дегенді енгізу қосым­ша жүк емес пе?

Мектеп психологтері балаға тым ерте абстракция берілсе, ол тек түсінбей қалуынан бөлек, математикадан қорқып, қызығушылығын жоғалтуы мүмкін екенін айтады. Қарапайым мысал: әріпті енді жаттаған бала «x» дегенді не әріп, не сан ретінде қабылдай алмай шатасады.

Ал әлемнің алдыңғы қатарлы елдері қайтеді? Сингапурдың тәжірибесін алайық. Олар да спиральді жүйемен оқытады, бірақ мазмұнды қарапайым үш бөлімге бөледі: сан мен алгебра, геометрия және өлшемдер, статистика. Баланың жасына сай, біртіндеп көтерілетін жүйе. Бізде болса, беске бөлшектеп тастап, абстракцияны тым ерте енгізіп қойдық. Соның кесірінен математика балаға ең қиын, ең түсініксіз пәнге айналып барады.

Бұған қоса, мектептердегі «жеңіл­детілген жүктеме» тағы бір мәселені ушықтырады. 7-сыныптан бастап математика алгебра мен геометрияға бөлініп, аптасына 5 сағат болса, оның 3-еуі алгебраға, 2-еуі геометрияға тиесілі. Ал көп мектепте бұл жүктемені бір сағатқа қысқартып, аптасына 5 сағат математика орнына 3-ақ сағат өткізеді: геометр­ия – 1 сағат, алгебра – 2 сағат. Бұл математикалық тілмен айтқанда, 40 пайы­з жоғалту деген сөз! Осындай жағдайда бала білімінің терең болуы мүмкін бе? Аптасына бір-ақ рет өтетін геометрия сабағын оқушы келесі аптаға дейін ұмытып қалады, түсінбеген тақырыптың орнын қалай толтырасың?

Осының бәрінің шешімі бар. Алгебра мен геометрияны бөлек-бөлек жүргізбей, бір пәнге біріктіріп, «математика» пәні ретінде оқыту керек. Сонда мазмұн бір арнаға тоғысып, бөлімдер шашыраң­­­қылықтан арылады. Бала математика деген біртұтас ғылымды көреді. Логикалық байланыс үзілмейді, бір тақырыптан екіншісіне оңай өтеді. Әлем елдерінің бәрі әлдеқашан осыған көшті. Тек біз әлі де «кеңестік» жолдан шыға алмай келеміз.

Бұл қадамның пайдасы өте көп. Біріншіден, оқушының жүгін жеңіл­детеді. Екіншіден, функционалдық сауаттылықты арттырады. Мәтін есеп, дерек­терді талдау, статистикаға көңіл бөлу­ге мүмкіндік туады. Үшіншіден, халық­­­аралық олимпиада тек мате­ма­­тикадан өтеді. Алгебра-геометрия деп бөлмейді. Одан бөлек екеуіне екі мұғалім даярлау да керек емес, екі пән болса да, бір мұғалім сабақ береді. Ал төртіншіден, мұғалімдердің сағат саны қысқарып қалмайды, керісінше көбейеді. Егер математика біртұтас пән болып оқытылса, жағдай мүлде басқаша болар еді. Апталық 5 сағаттың қысқарып қалуы 1 сағаттан аспайды, яғни 20 пайыз ғана. Бұл – қазіргі жүйеден екі есе тиімді. Сонда математика көлемі сақталады, ал пәннің ішіндегі тақырыптар рет-ретімен жүреді. Баланың ойы шашырамайды, бір сабақ екіншісін толықтырып отырады.

Бізде, өкінішке қарай, «баланың жүгін жеңілдету керек» деген әдемі ұран­ның тасасында нағыз талас жүріп жатыр. Негізінде балалардың жүгі емес, пән сағаттарына бөлінетін қаржыға талас. Бір пәннің сағатын қысқартса, соған бөлінетін қаражат та азаяды. Осыны ойлап, математиканың өзегін жұлып тас­тауға дайын отырғандар бар. Бірақ ұлт­тық мүдде қаржылық есепке байлан­бауға тиіс. Өйткені математика жай пән емес, елдің болашағын айқындайтын сала.

Жоғарыда айтқан Сингапурға қара­ңыз­шы. PISA мен TIMSS зерттеу­лерінде алдыңғы орынға шыққан олар математикаға аптасына 8 сағат бөледі. Яғни бізден бір жарым есе артық. Соның нәтижесінде, әлемдегі ең мықты технократ ұрпақты тәрбиелеп отыр. Ал бізде апта­сына 1 сағатқа қысқарған геометрия­ны көр­ген бала математикаға үркіп қа­рай­ды.

Қазіргі жағдайға қарасақ, мектептегі сағат санын көбейту оңай шаруа емес. Бюджет пен жүктеме мәселесі бар, ата-ананың да, мұғалімнің де қарсылығы бо­л­уы мүмкін. Сондықтан сағатты көбейту қолымыздан келмесе де, бар сағаттың өзін дұрыс пайдалану керек. Оның ше­шімін айтып өттік. Бұл – баланың ғана емес, елдің келешегі үшін керек қадам.

Егер математикаға жаңа көзқараспен қарамасақ, технократ ел боламыз деген сөз құр ұран болып қала береді.

 

Ырысбек МӘУІТ,

Республикалық математиктер клубының президенті, «Zerdeli» ақыл-ой дамыту орталықтары мен мектептер желісінің негізін қалаушы