
Суретті түсірген – Жеңіс ЫСҚАБАЙ
Ақсу мен Көксу қант зауыттары биыл 78 мың тонна қант өндіруге тиіс. Оның 54 мың тоннасы қызылшадан, 24 мың тоннасы қамыс құрағынан алынады.
«Қызылша өсіруге ден қойып, алқапты ұлғайтып жатқандардың қатарында біз, Ақсу ауданының шаруашылықтары да бармыз. Бұл дақылдың тұқымына берілетін субсидия көлемі артты, зауыттар да сатып алу бағасын көтерді. Ақсудағы қант зауытының өнім қабылдау көлемін ұлғайтуы да жағдайды оңалтуға септігін тигізді. Биылғы маусымда әр гектардан 100 тоннадан астам өнім жинаймыз деп жоспарлап отырмыз. Біздің шаруашылықта бұрын-соңды мұндай толымды өнім болмаған еді» дейді«Жаныс-К» ЖШС шаруа қожалығының директоры Ғалбият Самарқанұлы.
Былтырғы маусымдық кезеңде ақсулық кәсіпорында 500-ден астам жұмысшы еңбек еткен. Қант қызылшасының негізгі көлемі Ақсу, Сарқан және Алакөл аудандарынан жеткізілді. Қабылдау және өңдеу жұмыстары 6-7 айға созылып, зауыт үздіксіз режімде жұмыс істеді.
«Мемлекеттік қолдаудың арқасында шаруаларға 1 тонна өнімге 40 мың теңге төленді. 25 мың теңгесі субсидия, қалған 15 мың теңге зауыт есебінен берілді. Бұл шаралар фермерлердің қант қызылшасын өсіруге деген ынтасын арттырып, өнім көлемін ұлғайтуға үлкен әсер етті» дейді облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрдәулет Кененбаев.
Қазір зауыттың автоматтандырылуы мен өндірістік желілерін жаңарту жұмыстары қолға алынып жатыр. Бұл жаңғырту зауыттың жыл бойы үздіксіз жұмыс істеуіне жағдай жасайды. Биыл зауыт 350 мың тоннадан астам тәтті түбір қабылдауды жоспарлап отыр. Сөйтіп, өңірде қант қызылшасын өңдеу қуаты 800-900 мың тоннаға дейін жеткізілуге тиіс. Осыған орай қант қызылшасының егіс алқаптары едәуір ұлғайған. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері тұқым, тыңайтқыш, жанар-жағармай, техникамен толық қамтамасыз етілген. Сонымен қатар жанар-жағармай, тұқым мен тыңайтқышқа жеңілдетілген қаржыландыру және әкімшілік жеңілдіктер қарастырылған.
Ақсу қант зауыты қантпен қатар қант қызылшасынан алынатын жомды (қалдық құрама) өңдеу ісіне де кірісті. Қазірдің өзінде жомды сақтау және кептіруге арналған арнайы қойма салынды, заманауи құрылғылар орнатылып жатыр. Бұл бағыт зауыттың экономикалық тиімділігін арттырып қана қоймай, мал шаруашылығы үшін де маңызды өнім көзіне айналмақ. Ал Көксу қант зауыты жылына 300 мың тонна қант қызылшасын өңдейді. Қазір кәсіпорын толық жүктемемен жұмыс істеп жатыр. Қуаттылықты арттыру үшін 2025–2026 жылдары 29 млрд теңге инвестиция тартылады. Кеңейту нәтижесінде зауыттың жылдық қуаты 500 мың тоннаға дейін жетуге тиіс.
Жетісу облысы