
Фото: bbc.com
Басым дауыспен бірінші орын иеленген «Пари Сен-Жермен» клубының және Франция ұлттық құрамасының шабуылшысы Усман Дембеле алғаш рет «Алтын допқа» қол жеткізді. 28 жастағы футболшы өткен маусымда «ПСЖ» құрамында ішкі лига мен кубок титулдарына қоса, клубпен бірге Чемпиондар лигасы мен УЕФА Суперкубогін жеңіп алды, сонымен қатар FIFA клубтар арасындағы әлем чемпионатының финалына шықты. Осылайша Усман Дембеле француздар сапынан «Алтын доп» алған алтыншы футболшы ретінде тарихқа еніп отыр. Бұған дейін беделі биік марапатқа қол жеткізген француздар арасында Раймонд Копа (1958), Мишель Платини (1983, 1984, 1985), Жан-Пьер Папен (1991), Зинедин Зидан (1998) және Карим Бензема (2022) бар.
Екінші орынды шілде айында ғана 18 жасқа толған «Барселона» ойыншысы Ламин Ямал иеленді. Ямалға 21 жасқа дейінгі үздік аяқдоп шеберіне берілетін Раймон Копа сыйлығы табысталды.
Үшінші орын «ПСЖ» командасының португалдық жартылай қорғаушысы Витиньяға бұйырды.
Ал әйелдер арасында «Барселона» мен Испания құрамасының жартылай қорғаушысы Айтана Бонмати үшінші рет әлемнің үздігі атанып отыр. Ол осы жолы қоржынын үшінші «Алтын доппен» толықтырды.