Спорт • Бүгін, 07:57

Жарыс күнделігі

10 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Грузияның Батуми қаласында үстел теннисінен «WTT Youth Contender» турнирі аяқталды. Жарысты еліміздің құрамасы 12 жүл­демен қорытындылады. Жекелеген сайыста Жәния Бекмұхамбетова пен Нұр­дәулет Азаматұлы (13 жасқа дейін), жұптық жарыста Асылхан Мағзұмбеков пен Мария Лукьянова (15 жасқа дейін), аралас жұптар арасында Алан Құрманғалиев пен польшалық Каролина Хольда (19 жасқа дейін) теңдессіз деп танылса, Алексей Маркин (15 жасқа дейін) күміспен күптелді. Дарья Фу (17 жасқа дейін), Абдулла Мамай/Ноила Ханиязова (19 жасқа дейін), Мария Лукьянова, Асылбек Мағзұмбеков, Айназ Әділгереева (15 жасқа дейін), Назерке Болатбек (11 жасқа дейін), Алексей Маркин үндістандық Анколика Чакрабортимен (15 жасқа дейін) бірге қолаға қол жеткізді.

Жарыс күнделігі
  • Қол күресінен Болгарияда өтіп жатқан әлем чемпионатында 16 жастағы Ұлбосын Елмұрат сенсация жасады. Ол финалда әйелдер арасында 13 мәрте төрткүл дүниенің теңдессізі деп танылған словакиялық Люсия Дебранованы айқын басымдық­пен ұтты. Оның алдында ғана Ибрагимдер отбасынан шыққан ағайын­ды үш спортшы – Бекнұр, Азамат, Әділет бас жүлдені олжала­ған еді. Сондай-ақ Нұрсұлтан Алдан мен Ырысты Оразхан да өз сал­мақ дәрежелерінде чемпион атанды.
  • Таэквондодан Польшада шымылдығы түрілген халықаралық турнирде Нодира Ахметова күміс медаль еншіледі. Жартылай финалда болгариялық Александра Гиоргиеваны ұтқан жерлесіміз шешуші сында испаниялық Виолетта Аррибастан айласын асыра алмады.
  • Футболдан еліміздің әйелдер құрамасы алдағы айда Әзербайжанға қарсы жолдастық кездесу өткізуді жоспарлап отыр. Бұл матчтар 24–27 қазан аралығында Шымкенттегі Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионда өтеді.
  • Қазірде еліміздің бірқатар теннисшісі Қытайда бақ сынап жатыр. Ханчжоудағы АТР 250 турнирінде Александр Бублик аустралиялық Александр Вукич, чехиялық Далибор Сврчинаға сан соқтырып, жартылай финалда корт қожайына Ву Ибинді 6:3, 6:3 есебімен қапы қалдырды. Енді Бублик бас жүлде үшін тартыста франциялық Валентен Ройемен күш сынасады. Александр Шевченко Чедудегі жарыстың жартылай финалында сүрінді. Оны италиялық Лоренцо Музетти тоқтатты.
  • 27 қыркүйекте Әзербайжанның Евлах қаласында ТМД ойындарының алауы тұтанады. Бұл жарыста бокстан еліміздің жасөспірімдер құрамасының аға жаттықтырушысы Бағдат Оңғарбеков мына шәкірттеріне сенім артып отыр: 46 кг – Аңсар Үсенхан, 48 кг – Қорғанбек Балтин, 50 кг – Аслан Жеңісбаев, 52 кг – Едіге Нұрқожа, 54 кг – Жалғас Апбаз, 57 кг – Ұлас Әлімжан, 60 кг – Ислам Сүлейменоғлы, 63 кг – Алдияр Баяндинов, 66 кг – Әмір Рамадан, 70 кг – Дарын Төлеген, 75 кг – Төреғали Сейдуллаев, 80 кг – Бауыржан Әлиакпар, + 80 кг – Еркетаң Жарқынбек.
  • Футболдан Қазақстан Премьер-лигасының 8-турының кейінге шегерілген матчында Алматының «Қайраты» Орталық стадионда Астананың «Жеңісін» қабылдады. Бәсеке барысында алғашқы екі голды 11, 37-минуттарда Дастан Сәтбаев соқты. Екінші кезеңнің басында Исламбек Қуат есеп айырмашылығын қысқартқанымен, 80-минутта бразилиялық легионер Рикардиньо ойынның нүктесін қойды. Нәтижесінде, 3:1 есебімен жеңіске жетіп, 52 ұпай алған «Қайрат» жарыс кестесінде жеке-дара көш бастады. «Астана» клубының алматылықтардан екі ұпайы кем.
  • Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) кезекті турында «Барыс» Минскіде жергілікті «Динамоға» қарсы ойнады. Бәсеке айдын иелерінің басымдығымен өтіп, қақпамызға 42 соққы жасады. Астаналықтар сегіз соққымен ғана шектелді. Дегенмен қақпашының сенімді ойынының арқасында негізгі уақытта есеп ашылған жоқ. Овертаймда «Динамо» сапындағы америкалық легионер Сэм Анас нысананы дәл көздеп, командасына жеңіс сыйлады – 1:0.
Соңғы жаңалықтар

2,4 миллиард несие берілген

Шаруашылық • Кеше