Аймақтар • Бүгін, 08:12

Кейкі батыр үңгірі

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Азаттық үшін арпалысқан Кейкі батыр үңгірі қашанда жұрт ағылған тарихи нысан еді. Қазір қадір-қасиеті артып келеді.

Кейкі батыр үңгірі

«Кейкі үңгірі» – ұлт-азаттық көтері­ліс­тің қаһарманы Кейкі Көкембай­ұлы жа­сы­рынған тау қуысы. Сайын далаға даң­қы тараған жаужүрек ер осында тұрақ­тап, еркіндік үшін майдан жолына түс­кен деседі. Қуғын-сүргінге ұшыраған 1919–1922 жылдары Ұлытау, Сарлық, Қараторғай өзендерінің бойында жортып жүр­генінде мұнда жиі келіп, пана тауып­ты. Үңгірде жатып айналасын барлап, жан-жағын бақылап отырған. Осылайша, айлалы әдісімен дұшпанның мысын басып, мақсатын жалғап ілгері аттанған. Көнекөз қария­лардың айтуынша, үңгірді жасаған Кей­кінің өзі. Қаланған тастардың ортасын­да мылтық ұңғысы сиятындай орын қалдырылған.   

Ұлытау облысы Ұлытау ауданы Қор­ғасын тауы қиясындағы Кейкі батыр үңгіріне келушілер қатары кейінгі жылдары едәуір артқан. Батырдың ұрпақтары ол орынға айшықты белгі қойып, оған баратын жолға ыңғайлы баспалдақтар жасаған. Биыл Кейкі үңгірінің жаңаша бет-бедерін таныстыру мақсатында, іс-шара ұйымдастырылып, еліміздің түкпір-түкпірінен зиялы қауым өкілдері мен өңірдегі қоғам белсенділері қатысқан.

Жалпы, Кейкі батыр жөнінде бейнелі көркем шығармалар баршылық. Мәселен, Ғабит Мүсіреповтің «Амангелді» пьесасында Кейкі Кете батыр болып бейнеленсе, Мақан Жұмағұловтың «Қыран қазасы қияда» кітабында жұмбақталып айтылады. Ал жазушы Ақан Нұрмановтың «Құланның ажалы» романында батырдың кесек бітімі, айбарлы болмысы жан-жақты ашылады.

Мерген үңгірінің алдындағы ескерт­кіш-белгіге рухты жанитын өлең шумағы жазылыпты. 

«Ел емес пе ек «батыр ортақ» дейтұғын,

Ерлер өткен елдің қамын жейтұғын.

Ей, жолаушы, аттан түсіп тағзым ет,

Үңгірі бұл көкжал − құлан Кейкінің!».

Иә, батыр бабамызға тағзым ету әр қазақтың азаматтық борышы екені даусыз.

Соңғы жаңалықтар

2,4 миллиард несие берілген

Шаруашылық • Кеше