Үкімет • Бүгін, 08:53

Экономикалық өсім барлық секторда байқалады

10 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Вице-премьер – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төр­ағалығымен эконо­ми­калық өсуді қамта­масыз ету жөнін­дегі штаб отырысы өтті. Жиында биылғы тоғыз айдағы негізгі сала­лар­дың экономика­лық өсуінің алдын ала қо­ры­тындылары талқыланды.

Экономикалық өсім барлық секторда байқалады

Ауыл шаруашылығы саласында 2025 жылғы 8 айдың қорытындысында  жалпы өнім 3,4%-ға артты. Шамамен 3,6 трлн теңге. 9 айдағы болжаммен тағы 2,3%-ға өсуге тиіс. Өсу динамикасы мал шаруашылығы (+3,2%, 2,26 трлн теңге) мен өсімдік шаруашылығында жоғары (+4%, 1,25 трлн теңге). Бұдан кейін  қазан айында дәнді, майлы және басқа да да­қыл­ды жинаудың жалпы  есе­бінен де өнім көлемі артуға тиіс.

Қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібінде азық-түлік өндірісі 8 айда 10,1%-ға (2,5 трлн теңгеге жетті), сусын өндірісі 7,1%-ға (813 млрд теңге) өсті.

Бұл бағытта көрсеткіштің жақсаруына қант (24%-ға, 122,8 мың тоннаға дейін), ет консервісі (29,7%-ға, 5,8 мың тоннаға дейін), өсімдік майы (27%-ға, 595 мың тоннаға дейін), шұжық өнімі (8,8%-ға, 51,2 мың тоннаға дейін), сары май (15%-ға, 25,2 мың тоннаға дейін) өндірісінің артуы септігін тигізді. Енді 9 айдың қорытындысында  азық-түлік өндірісі 10,9%-ға, сусындар 7%-ға өседі деп болжанып отыр.

Тау-кен өнеркәсібі саласында да өнімді жұмыс жүргізілуде.  Қаңтар–тамыз айлары аралығында 67,4 млн тонна мұнай өндірілді Бұл былтырғы жылдың сегіз айымен салыстырғанда 13,4%-ға жоғары. Теңізде мұнай өндіру ісінде де  айтарлықтай өсуі байқалады. Қарашығанақта осы уақыт ішінде 8,38 млн тонна (+4,6%) өндірілді. Қашағанда өндіріс 1,9%-ға, 12,16 млн тон­наға дейін төмендеді. Өнді­ріс­­тің төмендеуіне  жөндеу жұ­мысы айтарлықтай әсер еткен.

Биылғы 9 айда мұнай өндіру  75,6 млн тоннаға (+13%), ал газ өндіру – 51,6 млрд текше метр­ге (+17%) жетуге тиіс. Газ өндіру 2025 жылға арналған жоспарда  – 62,8 млрд текше метр (+6,4%). Сегіз айдағы мұнай өңдеу 12,2 млн тонна (+5,6%), қыркүйектің соңына қарай 14 млн тонна (+5,9%) болуға тиіс. Мұнай өнімін өндіру сегіз айда – 10,2 млн тонна (+8,7%), бір жылда – 13,7 млн тоннаға жетуі керек. Мұнай-газ химиясы: 418,9 мың тонна (+5%), бір жылға болжам – 590 мың тонна (+9,3%).

Сауда-саттық саласында да  оң өсім байқалды. 8 айдағы сауда 8,9%-ға өсіп, 44,9 трлн теңгені құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 14%-ға жоғары. Негізгі үлес Алматы (15,5 трлн теңге), Астана (6,6 трлн), Атырау (4,8 трлн), Қарағанды (2,8 трлн) облыстары және Шымкент (2,2 трлн) қалаларына тиесілі. Өсу негізінен көтерме сауда есебінен қамтамасыз етілді (+3,5 трлн теңге, өткен жылға 109,8%). Оның шінде азық-түлікке жатпайтын тауардың үлесі 80%-дан 82%-ға дейін өсті (мұнай және мұнай өнімдері, фармацевтика, металлургия, техника, автокөлік). Азық-түлік тауарының үлесі 18% (астық, майлар, тамақ өнімі, сусын).

Бөлшек саудада құрылым сақталды: 68% азық-түлікке жатпайтын тауардан (+1,4 трлн), 32% – азық-түлік тауарынан (+0,6 трлн) түсім болған.

Көлік және логистика, оның ішінде көлік саласы экономика жай-күйінің дәлме-дәл көрсеткіші іспетті. Қаңтар-тамызда көлік және қойма саласында көрсетілген қызмет көлемі 21,5%-ға артқан. Биылғы  9 айға болжамда – 21,6%-ға өспек. Тау-кен-металлургия, мұнай-газ, аграрлық, құрылыс және сауда секторында жүк тасы­малының қарқын алу көр­сет­кіштің жақсаруына әсер етті.

Қыркүйектің соңына дейін, яғни биылғы 9 айда жолау­шы тасымалы +7,8% (1,36 млрд адам) болуы мүмкін. Жүк жө­­нел­ту­дегі өсімге ERG (+3%), Бога­­тырь Көмір (+2%), МӨЗ (+3%), Qarmet (+11%), Kaz Mine­rals (+1%) сынды іргелі кәсіп­­орын­дар орасан үлес қосты.

Өңдеу өнеркәсібінде қаңтар-тамыз аралығындағы өсу көрсеткіші  – 6,1%. Метал­лургия, машина жасау, химия, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс материалы, резеңке-пластикалық бұйым, жиһаз өндірісінде оң динамика сақталуда.

Құрылыс өрісінде  биылғы қаңтар-тамыз айлары аралы­ғында 4,8 трлн теңгенің жұ­­мы­сы орындалды (НКИ 118,1%). 9 ай­ға болжам – 17,7%-ға жету.

Штаб отырысының қоры­тын­дысында Серік Жұман­ғарин таяу кезеңдегі барлық салалардың негізгі міндеті микроэкономиканы нығай­ту екенін атап өтті. Яғни өсу қарқынының төмендеуіне жол бермеу үшін саладағы әрбір кәсіпорынның мәселелерін дер уақытында оңтайлы шешу қажеттігін ескертті.

Соңғы жаңалықтар

2,4 миллиард несие берілген

Шаруашылық • Кеше