
Оның айтуынша, бұған себеп – елдегі қаржылық жағдайдың тұрақсыздығы.
«Егер мемлекеттік қаржының жағдайы сәл тұрақтырақ болғанда, бәлкім, онсыз да істеуге болатын еді. Бірақ постковид кезең келді, біз әлеуметтік салаға айтарлықтай қаражат құюға мәжбүр болдық. Соның ішінде пандемияның салдарын жою үшін де. 2022–2023 жылдары экономикаға едәуір қаржы құйылды, шығыс бөлігі ұлғайтылды», деді Жұманғарин.
Үкіметке бюджет тапшылығын азайту мақсатында шығындарды қысқарту тапсырылған. Министрдің айтуынша, басты міндет – бюджет тапшылығын төмендету, ал болашақта – мемлекеттің қарызға тәуелділігін азайту болған.
«Біз мұны орындай алмайтынымызды анықтадық. Шығындардың 98 пайызы қысқартуға жатпайды. Неге? Себебі соңғы бес жыл бойы қаражат әлеуметтік салаға – жалақыға, зейнетақыға, әлеуметтік төлемдерге бағытталып келді. Дәл осы себептен салық реформасы басталды. Өйткені шығыс бөлігін қысқарту мүмкін болмағандықтан, кіріс бөлігін арттыру қажет», деп түйіндеді министр.