Спорт • Бүгін, 08:12

Жарыс күнделігі

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елімізге әйгілі сумошы Хакухо Сё келді. Оның азан шақырып қойған аты – Мұңхбатын Даваажаргал. Моңғолдың алыбы осы спорт түрі тарихындағы ең атақты балуан, 69-ёкодзуна. Спорттық мансабында Хакухо 45 чемпиондық тәжге ие болды. Осыдан төрт жыл бұрын, 36 жасын­да мансабын аяқтағаннан кейін Жапо­ния азаматтығын алып, «Миягино-бэя» сумо мектебінің тізгінін ұстады. Астанада Хакухо Сё еліміздің Ұлттық олимпиадалық комитетінің басшыларымен кездесіп, бірқатар өзекті мәселені талқылады. Бүгінде әлемде сумоның 85 ұлттық федерациясы жұмыс істейді.

Жарыс күнделігі
  • Үндістанда кадеттер арасында өткен Азия кубогінде еліміздің семсерлесушілері қос алтын медаль иеленді. Оны қылыштасу сайысында сынға түскен Айбар Қайым мен шпагашы Полина Лесовская олжалады.
  • 26 қыркүйекте Қытайдың Циндао қала­сында дзюдодан Гран-при турнирі бас­талады. Жарыста еліміздің намысын жеті балуан қорғайды. Олар – Алдияр Қарағұлов, Дәурен Сүйкенов (60 кг), Ердәулет Бозша, Нұрмұхамет Ботабай (66 кг), Қуан Барыс (73 кг), Әділет Алмат, Айғали Қалдыбек (81 кг).
  • 5 қазанда АҚШ-тың Лас-Вегас қа­ла­сындағы «Ти-Мобайл Аренада» аралас жекпе-жектен UFC 320 турнирі ұйымдастырылады. Жарыста Николай Веретенников өнер көрсетеді. Жерлесіміз жергілікті файтер Пуна Сориано­мен сайысқа түседі. Кештің басты бәсекеле­рінде ресейлік Магомед Анкалаев пен бразилиялық Алекс Перейра, АҚШ-та тұрып жатқан грузиялық Мераб Два­лишвили мен АҚШ тумасы Кори Сэндхаген күш сынасып, чемпиондық белбеулерді сарапқа салады.
  • Құрлықтық хоккей лигасында ойнап жүрген «Барыс» өткен аптаның аяғы мен осы аптаның басында сыртта үш кездесу өткізіп, үшеуінде де ұтылды. Жерлестеріміз Магнитогорскіде «Метал­лургке» (1:5), Череповецте «Север­с­тальге», Минскіде «Динамоға» (0:1, овертайм) есе жіберді. Енді астаналықтар төрт матчты өз мұз айдынында өткізеді. 25 қыркүйекте Қазанның «Ақ Барысын», 27 қыркүйекте Новосибирскінің «Сиби­рін», 29 қыркүйекте Владивостоктың «Адми­ралын», 1 қазанда Ярославльдің «Локомо­тивін» қабылдайды.
  • Шайбалы хоккейдің тарихы, статистикасы, барлық маңызды мәселелерін негізге алған «Элитпроспект» сайты 2026 жылғы маусымда Ұлттық хоккей лигасының драфына түсуі мүмкін ойыншылардың тізімін жариялады. Солардың қатарында еліміздің қос өкілі бар. Олар – «Принс-Альберт Рейдерз» клубының шабуылшысы Әлішер Сәркенов пен «Шикутими Сагенинсте» өнер көрсетіп жүрген Корней Корнеев. Бұл командалардың іргетасы Канадада қаланған. ҰХЛ-дың драфы келесі жылдың маусым айына өтеді. 
Соңғы жаңалықтар

Семей-Астана тасжолы тазаланды

«Таза Қазақстан» • Кеше

Жылумен қамту - жауапты міндет

Жұмысшы мамандықтар жылы • Кеше

Алматыда дәмхана өртенді

Төтенше жағдай • Кеше