Ғылым • Бүгін, 18:22

Биомедицина саласындағы халықаралық конференция өтті

10 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Nazarbayev University»-де «Life Science Today 2025 – Frontiers in Biomedicine: Infer, Innovate, Impact» атты халықаралық ғылыми конференция өтті. Ауқымды форум «National Laboratory Astana» зертханасының 10 жылдығы мен Өмір туралы ғылымдар орталығының 15 жылдығына арналды. Конференцияның негізгі мақсаты – Қазақстанның ғылыми әлеуетін арттырып, халықаралық ынтымақтастықты нығайту, деп жазады Egemen.kz.

Биомедицина саласындағы халықаралық конференция өтті

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек құттықтау сөзінде, биомедициналық ғылымдардың энергетика және робототехникамен қатар стратегиялық маңызды бағытқа айналғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл салада жасанды интеллекттің рөлі ерекше.

«Жасанды интеллект биомедицина мен фармацевтика салаларында жаңа мүмкіндіктер ашып отыр. Ол сканерленген бейнелерден адам көзі байқамайтын белгілерді анықтай алады, басымдықтар қойып, молекулалық құрылымдарды модельдеуге көмектеседі. Цифрлық технологиясыз бұл үдерістерге жылдар кетер еді», деді министр.

CLS – NLA құрамындағы негізгі бөлімдердің бірі әрі Қазақстандағы жетекші ғылыми орталықтардың бірі. Мұнда ел азаматтарының денсаулығы мен өмір сапасын жақсартуға бағытталған шешімдер әзірленеді. Қазіргі уақытта NLA-да 200-ден астам зерттеуші жұмыс істейді. 2024–2025 жылдары 10 миллиард теңгеден астам қаржыға 111 жоба жүзеге асып, 20 патент алынып, 330-дан астам ғылыми мақала жарияланған.

«Nazarbayev University» президенті, профессор Вакар Ахмад CLS-тің кейінгі 15 жылда еліміздің геномика, биоинформатика, биотехнология, онкология, микробиом және биоинженерия салаларындағы позициясын күшейткенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл орталық Қазақстан ғылымының сапалы базасын қалыптастырып, әлемдік әріптестікке жол ашты. «National Laboratory Astana – пәнаралық идеялар туатын және халықаралық ғылыми ынтымақтастық дамитын орта. Бұл конференция – іргелі ғылым мен клиникалық тәжірибе, академия мен индустрия, Қазақстан мен әлемдік ғылыми қауымдастық арасындағы диалог»,  деді ол.

NLA зертханаларында профессор Дос Сарбасовтың жетекшілігімен ісікке қарсы дәрілік препарат әзірленіп, қазіргі таңда Қазақстанның Онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтымен бірге клиникалық сынақтан өтіп жатыр. Сонымен қатар, CLS ғалымдары Қазақстан мен Орталық Азия халықтарының генетикалық құрылымын зерттеп, дің жасушаларының қартаю үдерісін талдап жатыр. Олар ішек микробиомының саулығын анықтайтын диагностикалық әдістерді енгізіп, микробиом бойынша деректер базасын жасақтап жатыр. «Біздің басты миссиямыз – тиімді, қолданбалы зерттеулер жүргізу. Бұл конференция халықаралық әріптестермен тәжірибе алмасуға және жаңа ғылыми идеялар табуға үлкен мүмкіндік береді. Біз зерттеу бағдарламаларымызды кеңейтуге ниеттіміз», – деді профессор Д. Сарбасов.

«Columbia University» профессоры, генетикалық эпидемиология және нейродегенеративті аурулар саласының зерттеушісі, CLS жанындағы Геномдық және дербестендірілген медицина зертханасының алғашқы серіктестерінің бірі Joseph H. Lee орталықтың 15 жылда үлкен жетістікке жеткенін айтты. «Әлемдік деңгейдегі орталық бір күнде құрылмайды. Алайда CLS бұл жолда зор ілгерілеушілік көрсетті. Алдағы уақытта даму үшін нақты статистика мен халық денсаулығына бағытталған ғылыми сұрақтар қажет. Мен бұл жерде үлкен ынта-жігер мен әлеуетті көріп отырмын. Егер мемлекет қолдау көрсетуді жалғастырса, орталықтың болашағы зор»,  деді ол.

Конференция аясында АҚШ, Еуропа және Азия елдерінен келген ғалымдар 40-тан астам баяндама жасады. Негізгі спикерлер қатарында – Оксфорд университетінің нейроиммунология профессоры Дэниел Энтони, Лойс–Дитц синдромын алғаш сипаттаған клиницист-генетик Барт Луис, Техас университетінің (Сан-Антонио) профессоры, балалар онкологиясы бойынша жетекші зерттеуші Раушан Құрмашева бар. Конференцияда геномика, диагностика, қатерлі ісік биологиясы, микробиом, регенеративті медицина мен биоинженерия, сондай-ақ Альцгеймер, Паркинсон және деменция сияқты аурулардың алдын алу жолдары, соның ішінде тамақтану арқылы ықпал ету тақырыптары талқыланды.Іс-шараға 400-ден астам адам қатысып, жас ғалымдар байқауы мен үздік ғылыми постер авторлары марапатталды.

Соңғы жаңалықтар

Семей-Астана тасжолы тазаланды

«Таза Қазақстан» • Кеше

Жылумен қамту - жауапты міндет

Жұмысшы мамандықтар жылы • Кеше

Алматыда дәмхана өртенді

Төтенше жағдай • Кеше