Аймақтар • Бүгін, 08:12

Агрокешен ғылыми шешімдерге зәру

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еліміз алдағы 10 жыл ішінде астықты терең өңдейтін әрі одан алынған өнімді экспорттау бойынша әлемдегі он ірі елдің қатарына қосылуы керек. Бұл – Мемлекет басшысы жүктеген міндет. Қостанайда өткен «Қуатты өңірлік ғылым – қуат­­ты өңір» атты көшпелі отырыста осы мәселе сөз болды.

Агрокешен ғылыми шешімдерге зәру

«Отырыстың күн тәртібіне қойылып отырған мәселе – Қостанай облысындағы өңірлік ғылымды дамытуды шикізат өңдеу мен аймақ экономикасының тұрақты дамуын қамтамасыз ету мәселелерімен үйлестіре отырып қарау. Бұл түйткілдер күн тәртібіне кездейсоқ қойылған жоқ. Себебі олар қазір ең өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Өңірде өңдеу саласында қосымша құн қалыптастырудың пайдаланылмаған зор әлеуеті бар. Бұл өндіріс тиімділігін одан әрі арттыруға және жүйелі негізде импортты алмастыру мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Мем­лекет басшысы осы мәселеге ерекше назар аударып, үш жыл ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі (АӨК) өңделген өнім үлесін 70%-ға дейін арттыру міндетін қойды. Қостанай облысы – ауыл шаруашылығы жер көлемі 10 млн гектардан асатын, еліміздегі ең ірі аграрлық өңірлердің бірі және елеулі индустриялық әлеуетке ие. Өңірдің орнықты дамуы ғылыми тұрғыдан негізделген шешімдерді, климаттық тәуе­келдерге бейім­делуді, ресурстарды ұтымды пай­далануды, эмиссияны азайтуды және эколо­гиялық технологияларды енгізуді қажет етеді», деді Президент жанындағы ҰҒА президенті Ақылбек Күрішбаев.

Академия өңірді дамытуға бағытталған бірқатар шешім­ді ұсынды. Мәселен, өңірде ғылыми-инновациялық қор құрылып, облыстың нақты қа­жетіне негізделген ғылыми зерттеулерді мақсатты қаржы­ландыру тетігі енгізіледі. Осы орайда басым ғылыми бағыт­тарды облыс әкімдігі академия­мен бірлесе белгілейді. Осы­лайша, өндірістік циклдің барлық кезеңі – жаңа сорттар мен тұқымдарды шығарудан бастап, терең өңдеудің кешенді технологиялары мен тиімді бас­қару шешімдерін енгізуге де­йін ғылыми-технологиялық тұр­ғы­дан сүйемелденеді.

Облыс әкімі Құмар Ақсақа­ловтың айтуынша, АӨК саласында келесі жылдан бастап 12 жаңа сүт-тауар фермасы пайдалануға беріледі. Өңір басшылығы өнімді қайта өңдеуге, ішкі нарыққа шығаруға, жаңа жұмыс орындарын құруға екпін қоймақ.

Көшпелі отырыс аясында ғылыми-инновациялық көрме ұйымдастырылып, шетелден, орталықтан келген және жер­гілікті ғалымдардың, бизнес пен мемлекеттік қызмет өкілдерінің қатысуымен форсайт-сессия өтті. Қатысушылар ғылыми қауымдастық пен өнеркәсіп арасындағы өзара іс-қимылдың мүмкіндіктерін талқылады.

 

Қостанай облысы