
– Зиябек Ермұханұлы, ел үшін, ұрпақ үшін тарих ғылымының маңызы неде?
– Тарих – ұлттың санасы, тәуелсіз мемлекетіміздің тұғыры. Кезінде Алаш көшбасшысы Әлихан Бөкейхан: «Тарих – түзу жөнді үйретуші. Тарих тіршілікте жолбасшы дейтініміз осы» деп жазған еді. Тарихымыз түгенделіп, өз халқымызға, әлемге дұрыс жеткізілсе, Қазақ елінің абыройы ешқашан аласармайды.
Президент Қ.К.Тоқаев Ұлттық құрылтайда тарихты – бірегейлігіміздің маңызды факторы деп атап көрсетті.
Тарих ғылымы өткеннің қасиетті де қасіретті кезеңінен сабақ алуға, ата-баба аманатына адал болуға, ел мен жер тұтастығын сақтауға, мемлекетшіл деңгейге көтерілуге шақырады. Тарих – елдік пен мәдениет өлшемі.
Өздеріңізге мәлім, бүгінде жаңа академиялық көптомдықтың сәтті шығуына Мемлекеттік кеңесші Е.Т.Қарин бастаған білікті редакциялық алқа, көшбасшы ғалымдар атсалысып жатыр.
– Қазақ халқы көне заманнан күні бүгінге дейін тарихын қалай сақтап келді?
– Соңғы 6 мың жылда Еуразия даласында көшпелі өркениет өрістесе де, мал мен егін шаруашылығымен бірге қала мәдениеті, сауда қатынасы жақсы дамыды. Екі мың жылдан аса тарихы бар, өркениет белгілері айқын бірқатар қалаларымыз бар. Археологиялық зерттеулер осы шаһарлардың сыртқы өркениет ықпалынан тыс, осы аймақты мекендеген ежелгі халқымыздың жеке табысы екенін көрсетіп отыр. Түрік қағанаты дәуірінде тасқа таңбаланған тарихымыздың құпиясы ашылып, зерттеудің жаңа арналарын көрсетіп отыр.
Дегенмен көнетүрік ескерткіштері мен қазақ шежіресін әлемдік еңбектермен, археологиялық қазба мәлiметтерiмен салыстыра зерттеу – уақыт талабы. Орта ғасырлардағы тарихымыз қытай, араб, парсы жазбаларында сақталып, хатталып қалған. Осы орайда институтымыз шығыс тілдерін меңгерген тарихшыларды тартып, тәржіме мұра арқылы зерттеулерді толықтыра бастады.
XIII-XVI ғасырлардағы тарихымыз Плано Карпиниден Джон Кестльге дейінгі еуропалық саяхатшы, әскерилер мұрасын қайта парықтаумен түгенделмек. Палластан Фалькке дейін XIX ғасыр оқиғаларын көз алдымызға әкеледі. Бұл – толыға беретін деректер.
– Отандық кәсіби тарихшыларға дейінгі бастамашыл тұлғаларымыз ше?
– Дұрыс айтасыз. Сол кездегі уақыт пен жағдайға сай ұлт зиялылары тарихты түгендеді. Мұхамед Хайдар Дулатиден Қадырғали Жалайриге дейінгі, Шоқан мен Абайдан бастап Шәкәрім мен Мәшһүр-Жүсіпке дейінгі біртуарлар еңбегі ұмытылмайды. Ә.Бөкейхан, М.Тынышбайұлы, Т.Рысқұлов, С.Асфендияров, Н.Төреқұлов, Қ.Кемеңгерұлы, Х.Досмұхамедұлы кәсіби тарихшы болмаса да, ұлт тарихын қалыптастырды. Алаш арыстарының мұрасы кешенді зерттеле берсе, көп дүние табылады деп сенемін.
– Енді Тарих институтының өз шежіресіне келейік. Қалың оқырман білсе деген деректерге тоқтала кетсеңіз.
– Тарих институты КСРО Ғылым академиясы Қазақ филиалы төралқасының 1945 жылы 14 тамыздағы қаулысы негізінде құрылды. 80 жылдық тарихымыздың жөні осы. Оның арғы бастауында 1933 жылғы кеңестік Ғылым академиясына қарасты Қазақ ұлт мәдениеті ғылыми-зерттеу институты, 1936 жылғы КСРО Ғылым академиясы Қазақстан филиалының тарих секторы, 1941 жылғы біріккен Тіл, әдебиет және тарих институты тұр.
Ғылым академиясы мен Тарих институтының құрылуында Ж.Шаяхметов, Н.Оңдасынов еңбегі мен тұңғыш ҒА президенті Қаныш Сәтбаев бастамасы айқын. Әйгілі Е.Бекмаханов сынды батыл тарихшылардың дәстүрі де ұмытылмайды.
– Ордаларыңыздың елге танытқан ғалымдар туралы не айтасыз? Жазықсыз қудаланған тұлғалар да аз емес қой.
– Бізде тарих, археология, этнография салалары қатар дамыды. Қасаң идеология уысында ұстаған кез аз болмады. Бастапқы іргелі зерттеулерден уақыт табы байқалса да ешқашан құнын жоймайды. Ел тарихы зерттеулерін жүйелеген ғалымдар қатарында академиктер М.Әуезов, Ә.Марғұлан, А.Нүсіпбеков, С.Покровский, Р.Сүлейменов, С.Юшков, Е.Бекмаханов, Г.Дахшлейгер, Б.Сүлейменов, Н.Апполова, Т.Елеуов, В.Шахматов т.б. тұр.
Институттың аты мен затын танытқандар: Н.Сәбитов, П.Галузо, Е.Ділмұхамедов, В.Шахматов, Б.Сүлейменов, Г.Дахшлейгер, Д. Кішібеков, В.Востров, Х.Арғынбаев, М.Асылбеков, М.Мұқанов, Ю.Зуев, Е.Масанов, В.Басин, Ф.Маликов, А.Сабырханов, Э.Герасимова, М.Тұрсынова, Н.Мингулов, В.Юдин, К.Пищулина, К.Нұрпейісов, Т.Сұлтанов, А.Елагин, С.Ибрагимов, Х.Айдарова, М.Сушанло, Г.Супруненко, Т. Бейсембиев, А.Малявкин, В.Моисеев, В.Шуховцов, В.Настич, М.Қадырбаев, З.Қинаятұлы, И.Ерофеева, Н.Масанов, В.Галиев, Е.Уәлиханов, Т.Балақаев, П.Белан, Т.Елеуов, С.Нұрмұхамедов, Ю.Романов, Б.Сужиков, Ә.Төлеубаев, С.Рүстемов, Н.Пан т.б.
Ұжым тарихында тар жол, тайғақ кешу аз емес. «Қазақ КСР тарихы» екі томдығын дайындау барысында кәсіби тарихшыларға «космополитизм, ұлтшылдық» айдары тағылып, қудаланды. Ермұхан Бекмахановтың «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан» (Алматы, 1947) кітабы саяси сыннан көз ашпады. Ақыры Ерекең 1952 жылы 25 жылға сотталды. Бек Сүлейменов сияқты ғалымдарда да бас бостандығынан айырылды. Нақақ қудалауға ұшыраған тарихшылар қатарында бүгінгі академик Оразақ Смағұлов та болды. Оның антропологиялық зерттеулері кітапхана мен дүкендерден алынып өртелді.
– 1943 жылы алғашқы академиялық тарихымыз жазылды. Бұған атсалысқан Мәскеу, Ленинград ғалымдары туралы айта кетсеңіз.
– «Әр нәрсенің қайыры бар» дейді халық. Фашизмге қарсы соғыс басталғанда әйгілі тарихшы А.Панкратова бір топ әріптесімен Қазақстанға эвакуацияланып, осы еңбектің жазылуына мұрындық болды. Академиялық тарих даярлауға М.Әуезов, Ә.Марғұлан, директордың орынбасары Е.Бекмаханов тікелей қатысып, хас батыр Б. Момышұлы пікір білдіргені ақиқат.
Кейін бұл еңбек сынға ұшырап, идеологиялық теперішке түсті. Соғыс аяқталып, тарихи парадигма өзгергенде Абылай, Кенесары «реакцияшыл» тұлғаға айналды. Ауыр жағдайды айтудың өзі ауыр: тарлан тарих кімнің әділ, кімнің әділетсіз екенін көрсетіп берді.
– Жұртшылық «Академиялық тарих талай мәрте шықты. Солар неге тиянақты жазылмады?» деп сұрап жатады.
– Бізде «Айтқанға ғана оңай» деген ойлы сөз бар. Алай-дүлей, біржақты саяси жүйе кезінде қорқыныш пен үрей көп қиындыққа алып келді. Бірақ тарихшылар барынша кәсіби адалдығын сақтап қалды. 1970–1980 жылдары әзірленген 5 томдық «Қазақ ССР тарихын» институтымызды 26 жылдай басқарған академик, майдангер Ақай Нүсіпбеков үйлестірген ғылыми топ он шақты жылдың ішінде жазып шықты. Еңбек өз кезеңіне сай жақсы даярланды. Мемлекеттік сыйлыққа да ие болды. Мұны қалай тиянақты жазылмаған дей аламыз?
Тәуелсіздік жылдары жазылған 5 томдық «Қазақстан тарихы» да қоғамның сұранысын біршама қанағаттандырды. Бұрынғы саяси қателіктер салқыны түзетілді. Оның жазылуына 15 жылдай уақыт кетті. Бұл бес томдық академик М.Қозыбаев директорлығы тұсында басталып, С.Мәжитов әріптесіміздің басшылығы кезінде аяқталды. Бұл көптомдықты даярлауға К.Байпақов, О.Смағұлов, Б.Көмеков, М.Әбусейітова, Ж.Қасымбаев, С.Қасқабасов, М.Қойгелдиев т.б. отыздан аса белгілі ғалым белсене қатысты. Бұдан шығатын қорытынды: академиялық тарихтың әр кезеңде қайта жазылуы – табиғи үдеріс әрі ғылым табысы.
– Жұрт күткен жаңа академиялық көптомдықтың ерекшелігі неде?
– Осыған дейінгі бес томдық тарих шыққалы 15 жыл өтіпті. Содан бері қаншама құндылықтарымыз түгенделіп, көптеген деректер, мұралар елге жеткізілді («Мәдени мұра», «Халық – тарих толқынында», «Архив-2025» бағдарламасы аясында). Отандық тарихқа жаңаша көзқарас, тың әдіснама қалыптасты. Біз аға буынның зерттеуін біржақты сынай алмаймыз. Бәрі – өз кезеңі үшін маңызды еңбек. Бірақ заман талабына сай академиялық басылымды қайтадан жазу – елдіктің борышы. Біріншіден, өзгеріс не үшін керек? 5 томдықты ашып қарасаңыз, бүгінде маңызын жоғалтқан феодализм, капитализм сияқты «формациялық ұғымдар» толып жүр. Екіншіден, Тәуелсіздік жылдарында ел тарихын жаңаша зерделейтін жаңа ұрпақ қалыптасты. Олар бәріне тың талғаммен қарайды және әлемдік тарихи таныммен параллель жүргізеді. Үшіншіден, ғалымдарымыздың бүгінгі дүниежүзі тарихшыларымен байланысы, кәсіби жетілуі ұлт тарихына шынайы қарауды міндеттейді. Жалпы, бұл академиялық көптомдық еліміздің әділеттік ұстанамын, саланың жаңашылдығын көрсетеді деп сенемін.
Тағы бір ерекшелік: бұрын академиялық тарихты саланың кәсіби, аға буын 30-дан аса өкілі жазса, осы жолы 7 томдыққа 300-ге жуық ғалым тартылды. Сондай-ақ бұған Қазақстан тарихын зерттеп жүрген Уямо Томохико (Жапония), Кенжеахмет Нұрлан (АҚШ), Питер Голден (АҚШ), Тұрсын Сұлтанов (Ресей), марқұм Вадим Трепавлов (Ресей), Юлай Шамилоғлы (АҚШ), Александр Николов (Болгария), Ілияс Камалоғлу (Түркия), Пьянчола Никколо (Италия), Паула Майклс (Аустралия), Браун Кейт (АҚШ) т.б. әлем тарихшылары атсалысты. Дәл қазір бірнеше деңгейлі сараптамадан өткен осы басылым өңдеу, жетілдіру үдерісінде. Ғылыми-анықтамалық аппараты, иллюстрациясы күшейтіліп жатыр.
– Зиябек мырза, институттың 80 жылдығы десе, бірінші не еске түседі? Осы межеге қандай жетістікпен келдіңіздер?
– Сексен жылдық – үлкен белес. Әрине, ә дегенде ғылыми дәстүр еске түседі. Институтты әр кездері мықты тұлғалар басқарды. С.Юшков, С.Покровский, И.Горохводатский, А.Нүсіпбеков, Б.Төлепбаев, Р.Сүлейменов, М.Қозыбаев, М.Қойгелдиев, К.Бұрханов, С.Мәжитов, Х.Әбжанов – әр есімнің орны да, жөні де бар. Әрбірі өз дәрежесінде мекемені нығайтуға үлес қосты. Мысалы, 26 жыл директор болған академик, майдангер Ақай Нүсіпбеков – аңыз тұлға.
Қ.Алдажұманов сынды білікті аға буын өкілі бір жылға жақын директор міндетін атқарды. Қазақстанның тарихын түгендеуге қатысты барлық комиссияға біздің институттың ғалымдары енеді. Бұл да – мақтаныш. Кешегі Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия жұмысы – соған дәлел.
Рас, кейбір объективті және субъективті себептерге байланысты институт қиын уақытты бастан да кешірді. Ғылыми жобаларға конкурс үш жылда бір рет жарияланып, мамандар тұрақтылығы әлсіреген кез де болды. Шүкір, қазір бәрі реттелді.
2017 жылы 23 маусымда конкурспен институт директоры қызметіне келгенімде екі ғылыми гранттық жоба ғана бар екен де, оның біреуі аяқталуға жақындапты.
Береке-бірліктің күшімен аз жылда 100-ге жуық қызметкері бар тату-тәтті ұжым қалыптастырдық. Институттың 3 филиалы (Астана, Қызылжар, Көкшетау) және 16 өңірде өкілдігі ашылды.
Ұжым ғалымдарының еңбегіне келсек, 200-ден аса монография, құжаттар жинағын шығарып, кітапханалар мен ғылыми мекемелерге тарту еттік. Соның ішінде Ш.Уәлихановтың таңдамалы еңбегін ағылшын тілінде жарияладық. Жобаны Тарих институты, Ұлыбританиядағы Қазақстан елшілігі, Кембридж университеті бірлесіп орындадық. 3 томдық «Қазақстанның тарихи энциклопедиясын» халыққа ұсындық. Майдангер-академик А.Нүсіпбековтің 5 томдық еңбегін басып шығардық. Кеңестік Қазақстан басшылары Жұмабай Шаяхметов пен Дінмұхамед Қонаевқа қатысты құжаттар жинағы мен ұжымдық монография жария еттік.
Біз – Ғылым комитетінің ғылыми жобалар мен мақсатты бағдарламаларын тұрақты жеңіп алушымыз. Соның арқасында қаржыландыру еселеп өсіп, зерттеулер мен басылымдар саны артып отыр. Қазір институттың Орталық Азия аймағындағы, алыс және жақын шетелдердегі танымалдығы артты.
Ғылым мен білім ықпалдастығына орай 2014 жылдан Абай атындағы ҚазҰПУ мен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да тарихтан PhD даярлап келеміз.
Мемлекеттік кеңесші Е.Қариннің қолдауымен әйгілі шығыстанушы К.Хафизованың «Цин империясы және Қазақ хандығы» атты құжаттар жинағын, 52 томдық «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Мемлекеттік комиссия материалдары (ХХ ғасырдың 20–50 жылдары)» атты жинақты шығардық. Сондай-ақ «ХХ ғасырдың 20–50 жылдарындағы Орта Азия республикаларының аумағындағы қазақтар арасындағы саяси қуғын-сүргін» атты жобаны жүзеге асырып, Алаш қозғалысына арналған 11 том жинақ жарияладық.
Тағы бір жаңалығымыз: шетел архивтерінен шамамен көлемі 110 том «Қазақ хандығының тарихына қатысты архивтік материалдарды» жинақтап, word форматына көшіріп жатырмыз. Профессор Жанымхан Ошан бастаған ғылыми топ Әбілқайыр, Әбілмәмбет, Жолбарыс, Абылай, Уәли хандардың хаттарын ескі жазудан бүгінгі қаріпке түсіруге кірісті. Көрші елдерде сақталған қазақ хандарының эпистолярлық мұрасы едәуір бұрмаланыпты. Осыны қалпына келтіру міндеті тұр. Этнология патриархы Халел Арғынбаевтың үш томдық мұрасын халыққа ұсынбақпыз.
– Ғылымның қара жұмысын атқару үшін мықты мамандар қажет. Ақаң айтқандай, «Ұлт жұмысы – үлкен жұмыс... Үлкен жұмысқа көп жұмысшы керек».
– Тарих ғылымының қара шаңырағы осы салада маман даярлауға және елдік жобалар орындауға ғалымдарды үйлестіруге мүдделі.
Ең бастысы, қиындықтан беті қайтпайтын жүзден астам қызметкеріміз бар. Бұл – зор әлеует. Сондай-ақ парсы, қытай, ескі түрік, мәнжүр, жапон, поляк, ағылшын тілдерін білетін Ж.Жеңіс, Ж.Ошан, О.Қуанбай, Е.Сауырқан, Б.Еженхан, М.Қадылбек, К.Нұртай, Б.Жүнісова т.б. мамандар шақырылды.
Ұжымдағы Б.Көмеков, О.Смағұлов, Қ.Алдажұманов, Ш.Тілеубаев, Ж.Жеңіс, Е.Торайғыров, С.Әжіғали, М.Әбдіров, Н.Әлімбай, Ж.Әбілқожин, А.Тоқтабай, Д.Әлімғазы, О.Мұхатова, А.Құдайбергенова, А.Қапаева, С.Асанова, А.Уалтаева, А.Абдулина, Ә.Шашаев, Г.Орынбаева, З.Садуақасова, С.Борбасов, Д.Қасымова, М.Қалыбекова, А.Қайыпбаева, К.Черепанов, Ғ.Шотанова т.б. елге және әлемге белгілі жетекші ғалымдардың маңында мықты ғылыми мектебі тұр. Жас тарихшылардың беталысы да қуантады.
– Дана Аристотель «Кім ғылымнан алға озып, адамшылықтан артқа кетсе, оның алға жылжуының өзі – артқа жылжу» деген екен. Қазақстанда Қ.Сәтбаев заманынан ғылымның, ғылымда шәкірт тәрбиелеудің дәстүрі болды. Осы істе қандай зәруліктер бар?
– Иә, «Қазақстан ғылымы көштен қалды» деп ешкім айта алмайды. Үлкен зәрулік – ғылым саласын ұйымдастыруда. Мәселен, ғылымнан шашы ағарған академикке жауапты қызметте отырған тәжірибесі аз магистрант не кеңес бере алады? Мұхтар Әуезов пен Әлкей Марғұлан, кешегі Шапық Шөкин мен Салық Зиманов үшін шәкірт тәрбиелеу анық та танық елдік іс болатын. Әлбетте, адамшылық осының астарында.
Стратегиялық маңызға ие үлкен ұжымбыз. Ғылыммен айналысқан соң бүгінгі магистрант, PhD сыртқы ұйымдардың көмегінсіз өзімізде даярлану қажет деп санаймыз. Сонау 1946 жылы академик Қ.Сәтбаевтың табандылығы арқасында Мәскеу рұқсатымен Тарих институты ашылғаннан бар Диссертациялық кеңес 2010 жылы жабылды. Барлық салалық ғылыми институттарда солай болды. Осындай шешім шығарған адам ғылым келешегін ойлады дейсіз бе? Ғылым негізінен ғылыми-зерттеу институттарында жасалатынын ескерсек және қажетті ғылыми маман даярлаудың өзектілігін ойласақ, Диссертациялық кеңес дәл осы ҒЗИ-дың өзінде болуға тиіс.
Ғылым саласы үйлеспесе, көп нәрсе бүлінеді. Бұрын диссертация тақырыптарын жүйелеп отыратын Үйлестіру (координация) кеңесі жұмыс істеген. Бұл жүйе институтта 15 жылдай бұрын жабылып қалған. Қазір әр университет «бас басына би болып» елге де, ғылымға да қажет емес, өзектілігі жоқ, маңызы әлсіз диссертация тақырыбын бекітіп жіберетіні ойлантады.
Институт қарқынды дамып, қызметкерлер саны өсті. Алайда институтымызға «Ғылым ордасы» ғимаратынан бөлінген бөлмелер саны сол күйінде қалды. ХХІ ғасырда Тарих институты аядай бір-екі қабатта емес, жеке заманауи ғимаратта отыру керек деп есептеймін.
Ғалымдар жыл он екі ай ғылыми жобаларды орындау үшін сабылып материал жинайды, жер-жерді аралап, ғылыми экспедицияларға шығады. Біздіңше, ғылыми жобаларды орындау қаржысына тек жазу, басу т.б. офистік техниканы ғана емес, жүріп-тұру техникасын да (көлік) енгізген дұрыс. Мұндай жағдай әлем тәжірибесінде бар.
Әрине, кейінгі жылдары институтымызға салалық министрлік пен ғылым комитеті тарапынан, Президент әкімшілігі тарапынан мүмкіндігінше қолдау көрсетіліп келеді. Ал мына мәселелер кешікпей оң шешімін табады деп үміттенеміз.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан –
Дихан Қамзабекұлы