
Суретті түсірген – Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ
«Шұбаркөл көмірінің» орташа құны (тоннасына) – 19 100 теңге, «Кузнецк» көмірі – 16 500 теңге, ал «Майкүбінікі» – 16 000 теңге шамасында. «Шұбаркөл көмірі» Қарағандының өз басында 15 500-15 800 теңге аралығында саудаға түсіп жатыр. Дегенмен баға тұрақсыздығы да байқалады. Қала маңындағы елді мекендерге көмір арзан бағаға жеткізілсе, қашық ауылдарға сәл қымбатқа тасымалданады. Былайша айтқанда, көмірдің бағасына отынның сапасынан гөрі жолдың алыстығы әсер етіп отыр. Бағаның құбылуына тасымалдау нүктелерінің қашықтығы да әсер етеді. Мысалы, Нұра, Ақтоғай аудандарына вагон-вагон көмір таситын теміржол тұйығы жоқ.
Өңір тұрғындарына сапалы көмір жеткізіп отырған негізгі қойманың бірі – Пришахтинскідегі «ПСВ86» ЖШС айлағы. Мұнда жыл бойы «Шұбаркөл көмірі» саудаланады. Бұл отынның басқа отындардан айырмашылығы – қызуы қатты әрі күлі аз. Қоймада қазірдің өзінде шамамен 5 мың тонна көмір бар. Бұған қоса, тәулігіне тағы 500 тоннаға жуық жеткізіледі.
– Біздің қойма жыл он екі ай жұмыс істейді. Жаз мезгілінде де көмірге сұраныс жоғары. Монша жағып, табыс табатындардың барлығы біздің көмірді тұтынады. Қызу жұмыс енді басталды. Қысқа қамданған халықтың қарасы қалың. Қор жеткілікті. Күніне көмір тиелген 100-150 жүк көлігін жөнелтеміз, – дейді қойма басшысы Никита Аносов.
Мұнда аталған көмір 15 800 теңгеден саудаланады. Былтырғы бағадан сәл жоғары. Қойма басшылығы себебін теміржол тасымалы тарифтерінің өсуінен деп түсіндіреді. Әйтсе де, белгіленген шекті сомадан асқан жоқ. Өңір атырабындағы көмір өндірудің өзіндік ерекшелігі бар кәсіпорындардың бірі – «Рапид» ЖШС. Мұнда қара алтын ашық әдіспен емес, жерасты тәсілімен алынады. Сол себепті, мұндағы көмірдің бағасы да басқаларға қарағанда едәуір жоғары.
– Біздің компания Үкіметпен 2001 жылдан бері келісімшарт негізінде жұмыс істеп келеді. Бұрын жабылған шахталардың орнында қайта құрылып, қазір жаңа технологияларды пайдаланып, жерасты әдісімен көмір өндіреміз. Көбіне біздің өнімді «Ақтау» цемент зауыты тұтынады. Сапа бағаға сай, – дейді кәсіпорын басшысы Андрей Белов.
Қысқасы, қысқы отынның қоры жеткілікті мөлшерде. Тек, алыпсатарлар бағаны шарықтатпаса игі. Делдал қалтаны қағып, ауылды қалтыратпаса, қоймалардағы қара алтын алдағы қысқа жетіп-артылғалы тұр.
Қарағанды облысы