
28 жастағы Әбибаның қоржынында әлем чемпионатының бір күмісі мен екі қоласы бар, Азия ойындары мен құрлық біріншілігінің екі дүркін финалисі. 30 жастағы Сәбина қарт құрлықтың басты додасында екі рет үздік үштікті түйіндеді. 23 жастағы Ассунта әлем чемпионы, сол жарыстың күміс, екі дүркін қола жүлдегері. Яғни олардың үздіктер тізімінің алдыңғы легінде тұруы заңды.
Кейінгі бес жылда өрелі өнері, табандылығы, толағай табысымен өз жанкүйерлерін қуантып жүрген Әбиба Олимпия ойындарында ғана жеңіс тұғырына көтеріле алған жоқ. Ол татамиде асқан шеберлік танытады, бәсекенің соңына дейін күреседі. Тартынып қалу, өз-өзін аяу дегенді білмейді. Жеңіске деген құштарлығы ерен спортшыны мұқым Алаш жұрты Лос-Анджелес Олимпиадасының биігінен көруді армандайды.
Өкінішке қарай, еліміздің құрама командасы сапындағы басқа дзюдошылардың қарқыны бәсең. Ғалия Тынбаева 24-орында тұр. Ғалия да Әбибамен бірге аса жеңіл салмақта сынға түсіп жүр.
Өзге қыздарымыз IJF рейтингінде мынадай сатыларға жайғасты: Назгүл Маратова (+78 кг) – 28, Есмигүл Куюлова (63 кг) – 42, Кәмила Берліқаш (+78 кг) – 46, Бақыт Құсақбаева (57 кг) – 58, Толғанай Әбеуова (52 кг) – 61, Екатерина Токарева (70 кг) – 65, Карина Тәкиева (+78 кг) – 65, Ақерке Рамазанова (+78 кг) – 68, Аруна Жанкелдина (78 кг) – 75, Самалай Ерғалиева (63 кг) – 93-орын.
Ерлердің рейтингінде осыдан екі-үш ай бұрын ғана ТОП-10-дықта еліміздің екі балуаны – Елдос Сметов пен Ғұсман Қырғызбаев бар еді. Бірақ олар қазір өз позицияларын біраз әлсіретіп алды. 60 кг салмақтағы Елдос 9-орыннан 15-сатыға сырғып түсті. Күні кешеге дейін үздік ондықты түйіндеп тұрған 66 кг салмақ дәрежесіндегі Ғұсман қазіргі кезде 12-орында. Аса жеңіл салмақтағы Мағжан Шамшаддин 18-орынды еншілесе, Талғат Орынбасар 25-сатыға жайғасты. Нұрқанат Серікбаев – 39, Шерзод Давлатов – 42, Дәурен Сүйкенов – 57, Нұрәділ Әлжан – 96-орында.
81 кг салмақтағы Абылайхан Жұбаназардың да қарқыны жаман емес. Азия ойындарының қола, Гранд-Слэм жарыстарының алты дүркін жүлдегері 15-орынға тұрақтады. Алыптармен айқасып жүрген Ерасыл Қажыбаев 21-сатыға табан тіреді. Ерасыл да бірқатар халықаралық турнирлер мен құрлықтық деңгейдегі жарыстарда жеңіс тұғырына көтерілген.
Еліміздің ерлер құрамасының өзге мүшелерінің IJF рейтингіндегі орындары мынадай: Нұрлыхан Шархан (100 кг) – 29, Мейірлан Максим (90 кг) – 37, Марат Байқамұров (100 кг) – 42, Ермахан Әнуарбеков (90 кг) – 48, Ислам Бозбаев (100 кг) – 50, Азат Күмісбай (81 кг) – 52, Бақытжан Әбдурахманов (73 кг) – 53, Данияр Шамшаев (73 кг) – 60, Есет Қуанов (73 кг) – 61, Бағжан Байтас (100 кг) – 70, Әділет Сапарғалиев (100 кг) – 72, Мәди Еділбаев (+100 кг) – 81, Бейбіт Мәдиев (100 кг) – 82, Ғалымжан Қырықбай (+100 кг) – 83, Мейіржан Жұмабек – 90, Ислам Тоқтасын (73 кг) – 91, Айдар Арапов (90 кг) – 97-орын.