Экономика • Бүгін, 09:40

Ядролық энергетика экономикаға күш үстейді

10 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Еліміз уран қоры жөнінен әлемде көш бастап тұр. Бүгінде дүниежүзілік қордың 14%-ы біздің жерде орналасқан. Елде ядролық отын өндіруге арналған инфрақұрылым да қалыптасқан. «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясы әлемдік өндірістің 40%-ын беріп отыр. Саладағы елеулі жетістіктің бірі – «Үлбі-ТВС» зауытының 200 тонна жобалық қуатқа жетуі. Бұл көлем 6 ядролық реакторды толық қайта жүктеуге жетеді. Осы арқылы атом энергетикасын дамытуға қажетті алғышарт жасалды.

Ядролық энергетика экономикаға күш үстейді

Кадр даярлау мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Қазір атом саласына мамандарды 18 білім бағдарламасымен даярлау жалғасып жатыр. Сонымен қатар қос диплом алуға жағдай жасайтын бірнеше бейіндік бағдарламаның іске асырылып жатқанын да айта кетуіміз керек. Олардың қатарында ядролық физика, ядролық инженерия, ядролық физика, атом энергетикасы, теориялық ядролық физика бар. Бұл бағдарламалар студенттерге терең біліммен қатар, халықаралық деңгейде танылатын диплом алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ шетелдік оқу бағдарламаларына грант бөлу қарастырылып отыр.

Ядролық ғылым саласында маңызды орынды Ұлттық ядролық орталық пен Ядролық физика институты алады. Бұл мекемелерде жоғары білікті мамандар жұмыс істейді. Екі ғылыми ұйым үш ядролық зерттеу реакторын қауіпсіз пайдалануда көпжылдық тәжірибе­ге қол жеткізген. Әсіресе Ұлттық ядролық орталық базасында реактордың қауіпсіздігін зерттеуге арналған екі реактор тұрақты жұмыс істеп тұр. Бұл қондырғылардың басқару жүйесі өнеркәсіптік атом реакторларымен ұқсас болғандықтан, болашақ атом электр стансаларында қауіпсіздікті сақтай алатын мамандарды даярлауға өріс береді. Соның арқасында елімізде атом энергетикасын дамытуға қажет ғылыми іргетас пен кәсіби әлеует нығая түспек.

Ұлттық ядролық орталық ұзақ уақыттан бері қатты ра­диоактивті қалдықтарды және иондаушы сәулелену көздерін қауіпсіз жағдайда ұзақ мерзімге сақтау ісімен айналысып келеді. Сонымен қатар орталықта пай­даланылған ядролық отынмен жұмыс істеу тәжірибесі бар. Бүгінде БН-350 реакторының пайдаланылған ядролық отыны бұрынғы Семей сынақ полигоны аумағында орналасқан базада сақталған. Бұл үдеріс Атом энергиясы жөніндегі ха­лықаралық агенттіктің бақы­лауымен әрі кепілдігімен жүзеге асырылады.

Ядролық физика институтында мамандарды теориялық және практикалық тұрғыда даярлайтын үш оқу орталығы мен бір зерттеу реакторы жұмыс істейді. Радиациялық қауіпсіздікке ар­нал­ған орталықта дозиметрист мамандар оқытылады. Электр стансалары, зерттеу реакторлары, уран өндіретін кәсіпорындар мен атом реакторларына отын элементтерін шығаратын зауыттар үшін кадрлар даярлайды. Бұзбайтын бақылау әдістерін оқытатын орталық өнеркәсіптік қауіпті нысандардың жабдық сапасын тексеретін мамандарға білім береді. Мұнда визуалды бақылау, радиографиялық тексеру, ультрадыбыстық және капиллярлық әдістерді меңгерген дефектоскопистер даярланады. Бұл тәсілдер атом электр стансалары жабдықтарын тексеру кезінде қолданылады.

Қазір сенімді әрі экология­лық таза энергияға сұраныс артты. Осы жағдайда ядролық энер­гетика елдің энергетикалық жүйесінде маңызды бағыт­қа айна­луы ықтимал. Бүгінде кли­­маттың өзгеруі, көміртекті азайту қажеттілігі, энергетика­лық қауіпсіздікті сақтау сияқты жа­һандық сын-қатерлер біз үшін де өзекті. Сондықтан елде тағы да атом электр стансасын салу мәселесі қарқынды түрде қарас­тырылып жатыр. Бұл қадам ұлт­тық энергетикалық теңгерімді әртараптандыруға жол ашып қана қоймай, экономиканың бә­се­кеге қабілеттілігін арттырады әрі мемлекеттің әлемдік ядролық нарықтағы беделін күшейтеді.

 

Алмасадам СӘТҚАЛИЕВ,

Атом энергиясы жөніндегі агенттік төрағасы