
Жарыс жолына шыққандар арасында жас бала да, егде тартқан қариялар да, кәсіпқойлар мен әуесқой спортшылар да кездесті.
Әйелдер арасындағы марафонда Анастасия Деркачтың мерейі үстем болды. Желдей жүйткіп келе жатқан ресейлік желаяқ тура мәреге жақындағанда сүрініп құлады. Жанында тұрған волонтер оған көмек беруге әрекет жасады. Бірақ Анастасия оны маңына жақындатпады. Себебі ондай сәтте спортшыға басқа біреу көмек көрсететін болса, онда ол жарыстан шеттетіледі. Сөйтті де өзі орнынан тұрып, мәре сызығын қиып өтті. Деркачтың уақыты – 2 сағат 41 минут 24 секунд. Бұл – «Алматы марафонының» жаңа рекорды. Күміс жүлдені жеңімпаздың отандасы Елена Толстых жеңіп алса, Өзбекстанның өкілі Екатерина Тунгускова қола медальды иеленді.
Ерлердің жарысында Виталий Шафар шашасына шақ жұқтырмады. Украиналық марафоншы 42 шақырым 195 метрлік қашықтықты 2 сағат 19 минут 38 секундта жүгіріп өтті. Екінші, үшінші орын көршілес мемлекеттерден келген спортшыларға бұйырды. Жүлделердің иегерлері – қырғызстандық Илья Тяпкин мен өзбекстандық Андрей Петров.
Жартылай марафонда (21 шақырым 97,5 метр) ерлер арасында Нұрсұлтан Кенешбеков (Қырғызстан) қарсылас шыдатпаса, әйелдердің бәсекесінде Айнұсқа Калидің (Қырғызстан) бағы жанды. 10 шақырымдық сайыста Нодирбек Муталипов (Өзбекстан) пен Жанна Мамажанова (Қазақстан) жеңімпаз атанды.