Спорт • Бүгін, 08:18

Жарыс күнделігі

10 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Халықаралық таеквондо федерациясы (WTF) әлемдік рейтингті қайта жаңартты. 63 кг салмақта күш сынасып жүрген Самирхон Әбубәкіров бірінші орнын сақтап қалды. Еліміздің тағы үш даян шебері ТОП-10-дыққа еніп отыр. Олар – Бейбарыс Қаблан (+87 кг) – 7, Батырхан Төлеуғали (80 кг) 8, Нодира Ахмедова (49 кг) 10-орын.

Жарыс күнделігі
  • Германияның Хинтерцартен қаласында шаңғымен тұғырдан секіруден FIS турнирі аяқталды. Жарыста Даниил Васильев күміс медальды мойнына ілді. Отандасымыз тек аустриялық Юлиан Шмидтен қалып қойды. Қола медальды словениялық Рок Облак еншіледі.
  • Мажарстанның Сомбатхей қаласын­да ұйымдастырылған «Challenge Cup» турнирінің соңғы кезеңінде еліміздің спорттық гимнасшы­лары жақсы өнер көр­сетті. Еркін жат­ты­ғуда Дмитрий По­та­нин жеңімпаз атанды. Шешуші тұста ол басты қарсыластары Кевин Пенев (Болгария) пен Артем Долгопятты (Израиль) басып озды. «Керме» жаттығуын­да Милад Карими топ жар­ды. Шешуші тұ­с­та ол Оңтүстік Амери­кадан келген қос оғылан – Анхель Барахас (Ко­лум­бия) пен Лучано Летельерді (Чили) артқа тастады.
  • Қытайдың Циндао қаласында өткен Гран-при турнирінде отандық дзюдошыларымыз сәтсіз өнер көрсетті. Жарыс жолына шыққан сегіз спортшының арасынан ең тәуір нәтижеге Әділет Алмат қол жеткізді. Қола медаль үшін тартыста ол түркиялық Ведат Альбарақтан ұтылып, бесінші орынды қанағат тұтты.
  • Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) қатарынан төрт кездесуде ұтылған «Барыстың» бұл жолы бағы жанды. Бәсеке барысында Новосібірдің «Сибирь» клубынан екі рет екі шайба айырмашылығымен ұтылып жатқан жерлестеріміз ақырында жеңісті қарсыластардың уысынан жұлып әкетті. Есеп – 6:4. Астаналықтардың сапында Семен Симонов (екі рет), Дмитрий Бреус, Джейк Масси , Иэн Маккошен, Мэйсон Морелли мергендік танытты.
  • Футболдан еліміз чемпионатының бірінші лигасында Ақтаудың «Каспий» клубы топ жарды. Олар 59 ұпай жиды. Осы нәтижесінің арқасында Маңғыстау облысының командасы Премьер-лигаға жолдама алды.
  • Қытайдың бас шаһары Бейжіңде WTA мен АТР 1000 турнирлері жалғасып жатыр. Әлемнің ең үздік теннисшілері бас қосқан жарыстың алғашқы айналымында бос болған Елена Рыбакина келесі кезеңде америкалық Кэти Макнэллиді 7:5, 4:6, 6:3 есебімен еңсерді. Одан кейін еліміздің бірінші ракеткасы германиялық Ева Лиспен шеберлік байқасты. Бұл ойында Елена қарсыласына жол берді – 3:6, 6:1, 4:6. Юлия Путинцева мен Александр Бублик тұсаукесер кездесулерінде жеңілістің кермек дәмін татты. Сербиялық Александра Круничпен жұптасып ойнаған Анна Данилина бірінші кезеңде Магдой Линнет (Польша) пен Клара Таусоннан (Норвегия) басым түсті – 6:4, 6:2.
  • Футболдан еліміздің Премьер-лигасының 24 тур ойындары өте нәтижелі болды. «Жеңіс» өз алаңында «Тұранды» 6:3 есебімен ұтты. Бұл матчта Дінмұхамед Қараман, Всеволод Содовский, Зураб Тевдазде екі голдан соқты. «Атырау» Жезқазғанда жергілікті «Ұлытаудың» 5:1 есебімен тас-талқанын шығарды. Қонақтардың ойыншысы Константин Дорофеев дубль авторы атанды. «Ақтөбе» мен «Қызылжар» арасындағы бәсекенің тағдырын 8-минутта Даниэль Соса соққан жалғыз ғана доп шешті – 1:0. Көкшетауда «Оқжетпес» «Астанадан» жеңілді – 1:2. Елордалық клубтың еншісіндегі екі допты да Назми Грипши салды. Семейде «Елімай» «Ордабасыдан» басым түсті – 2:1. «Тобыл» мен «Қайсар» арасындағы матч 1:0 есебімен қостанайлықтардың пайдасына шешілді. 
Соңғы жаңалықтар