Аймақтар • Бүгін, 08:23

Құмшағал халқының қуанышы

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Соңғы жылдары Тараз қаласында көптеген әлеуметтік нысан салынды. Өңір, қала басшылығы тұр­ғын­дармен кездесу барысында көтерілген мәселелерді шешуге қатысты жүйелі жұмыс атқарып жатыр.

Құмшағал халқының қуанышы

Суретті түсірген – Ақәділ РЫСМАХАН

Облыс орталығы Тараз қаласына қарасты Құмшағал тұрғын алабында 8 мыңға жетеғабыл халық қоныстанған. Тұрғындар тығыз шоғырланған Құмшағалға уақыт талабына сай келетін руханият ордасы керектігі ілгеріде жиі айтылатын. Жергілікті атқарушы билік өкілдері халықтың өтінішін назардан тыс қалдырмай, былтыр жыл соңында мәдениет үйінің құрылысын бастаған. Енді сол жаңа нысан пайдалануға берілді.

Тұрғын алабында бой көтер­ген мәдениет үйінің ашылу салтанатына өңір басшысы Ербол Қарашөкеев арнайы барып, құмшағалдықтардың қуанышына ортақтасты. Өз кезегінде жергілікті тұрғындар 140 орындық мәдениет үйінің бой көте­руіне ықпал еткен билік өкілдеріне риза­шы­лығын жеткізіп, ақжарма тілегін айтты.

«Мәдениетсіз ел де, ұлт та бол­майды. Өйткені мәдениет – халықтың рухани қазынасы. Өнері өрістеген өңірде мәдениет саласының қызметкерлеріне қолдау тоқтамақ емес. Себебі Жамбыл жері – ұлттық деңгейдегі мәдениет майталмандарын дүниеге әкелген өңір. Біз тұғырлы тұлғаларымызды қай кезде де мақтан тұтамыз. Жергілікті атқарушы билік өкілдері сала қызметкерлерінің өтінішін назардан тыс қалдырмайды. Қасиет дарып, құт қонған Әулиеата жерінен, Тараз топырағынан талай жас дарын түлеп ұшқан. Сол дәстүр сабақ­тастығының жалғасуына қолдан келгенше жағдай жасаймыз. Құмшағалда бой көтерген жаңа ғимараттағы мамандар жас ұрпақтың рухани мұрамен сусындауына, ұлт­тық өнердің өрістей түсуі­не барынша мүдделілік таныта­ды деп сенеміз. Мұнда жастар­дың шығармашылық дағ­дысын да­мытуға барлық жағдай қарасты­рылған. Енді тек аянбай еңбек ету керек», деді өңір басшысы.

Ресми дерекке жүгінсек, биыл өңірде 16 мәдениет ныса­нының құрылыс жұмысын жүр­­гізуге қомақты қаражат қарас­тырылған. Қазірге дейін 5 нысан пайдалануға берілген. Жыл соңына дейін тағы 6 нысан­ның құрылысы аяқталады.

«Соңғы уақытта Құмшағалға айрық­ша көңіл бөлініп жатыр. Бірнеше әлеуметтік нысан салынды. Жергілікті жұрт асыға күткен мәдениет үйі де бой көтеріп, тұрғындар үшін есігін айқара ашты. Тұрғындардың тілегін қаперден шығармаған өңір басшысы Ербол Қарашөкеев пен Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековке айтар алғысымыз шексіз. Екі азамат бір жыл бұрын Құмшағалда мәдениет ошағы бой көтереді деген уәде беріп еді. Бүгін сол уәденің үдесінен шығып, қуанышымызды бөлісіп отыр. Уақыт сұранысына сай салынған жаңа нысан жастардың бас сұғатын қасиетті шаңырағына айналады деген сенім зор», дейді құмшағалдық қария Рахменбек Рысдәулетұлы.

Мәдениет үйінің құрылыс жұмысы өткен жылдың қараша айында басталып, қазынадан 363 млн теңге қаражат бөлінді. Жұмысты «Әл-Мансұр» ЖШС жүргізген. Мәдениет ошағы уақыт талабына сай салынған. Мұнда декорация қоймасы, әкімшілік бөлме, кітапхана, 12 орындық оқу залы бар. Сондай-ақ балалар мен жастарды шығармашылыққа бау­литын бірнеше үйірме жұмыс істейді.

 

ТАРАЗ 

Соңғы жаңалықтар