
«Ranking» сарапшыларының мәліметінше, Үкіметте бұл салық шетелдік интернет-компанияларды отандық компаниялармен теңестіріп, нарықты бәсекеге қабілетті етеді деген пікір бірнеше рет айтылды. Шындығында, жағдай мүлде басқаша. Отандық компаниялар, соның ішінде интернет-компаниялар мен маркетплейстер ҚҚС-тан бөлек тағы да көптеген салық пен төлем жасауға міндетті.
Шетелдік компаниялар тек ҚҚС төлесе, отандық компаниялар ҚҚС, КТС (корпоративті табыс салығы), әлеуметтік салық, мүлік салығы (егер болса), басқа да салықтар, кеден алымдары (қажет болған жағдайда), әлеуметтік аударымдар, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасы, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аударымын төлейді.
Түсінікті болу үшін шетелдік компаниялардың кейбірін және ҚҚС-ты не үшін төлейтінін айтып өтейік: Мәселен, «Google» компаниясы «Google Play» арқылы жарнама қызметтерін ұсынғаны, сондай-ақ қосымшалар мен медиаконтент сатқаны; «Apple» компаниясы «iTunes» және «App Store» арқылы контент сатқаны, сондай-ақ «Apple Music» және «iCloud» қызметтеріне қосылғаны; «Netflix» үздіксіз бейне тарату қызметі; «Amazon» компаниясы «Amazon Web Services» (AWS) платформасы арқылы сатылатын цифрлық тауарлар мен деректерді желіде сақтау қызметтері үшін салық төлейді. Былтырдан бастап тізімге «Temu», «Garmin», «Twitch», «1688.com Pte Ltd», «Alibaba.com», тағы басқа компаниялар енді.
2024 жылдың қорытындысында 76 шетелдік интернет-компания ел бюджетіне шамамен 41 млрд теңге төледі (бұл тізімге әлемдік IT-алыптар мен онлайн-маркетплейстер кіреді). Мәселен, «Temu» – 5,9 млрд теңге, «iHerb» – 4,6 млрд теңге, «Lamoda» – 1,3 млрд теңге, «eBay Marketplaces GmbH» – 308,2 млн теңге, «Aliexpress Russia Holding Pte Ltd» 151,1 млн теңге.
«Елдегі ең ірі бес маркетплейс мемлекет қазынасына 185,5 млрд теңге аударды. «Kaspi.kz» – 133,7 млрд теңге, «Wildberries» – 37 млрд теңге, «Ozon» – 9,8 млрд теңге, OLX – 3,6 млрд теңге, «Flip.kz» 831 млн теңге салық төледі.
«Көріп отырғанымыздай, «Google салығы» ойын шарттарын тек ішінара теңестірсе де, шетелдік интернет-компаниялар әлі де басымдыққа ие. Шетелдік интернет-компаниялар тек цифрлық қызметке ҚҚС төлесе, отандық компаниялар, яғни ірі маркетплейстер немесе сервистік платформалар бірқатар міндеттемені орындайды. Нәтижесінде, отандық компаниялар қазынаға айтарлықтай үлес қосып, сондай-ақ халықты жұмыспен қамтамасыз етеді, инфрақұрылымды дамытып, мемлекет экономикасына инвестиция салады. Шетелдік онлайн-алыптар өз көлемі мен табысына қарамастан, Қазақстанда тек шартты салық төлеуші болып отыр. Олар тек ең қажетті міндеттемелерді орындап жатқанда, бюджетті толықтыру әрі елдің әлеуметтік және экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз ету міндеті жергілікті компаниялардың еншісінде қалады», дейді сарапшылар.