Жоба • Бүгін, 08:55

«Alatau City» жобасын жүзеге асыру барысымен танысты

30 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Алматы облысына жұмыс сапары аясында «Alatau City» мегажобасының төрт негізгі аймағында – «Gate», «Golden», «Growing» және «Green» аудандарының құрылысына дайындық барысын тексеріп, бірқатар тапсырма берді.

«Alatau City» жобасын жүзеге асыру барысымен танысты

Өнеркәсіптік-логистика­лық және іскерлік орталықтан бас­тап, ғылыми-білім мен турис­тік кластерлерге дейін әр аудан­ның өзіндік бағыты бар.

Gate District Өтеген батыр, Покровка, Қоянқұс, Ынтымақ және Жаңалық елді мекендерінің арасында орналасқан. Мұнда «PepsiCo», «Caspian Group», Алматы желдеткіш зауыты сияқты ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Ауданның басты орталығы – «Iconic Building-1» халықаралық бизнесті дамыту орталығы бол­мақ. Қанат Бозымбаев ӨҚМ, облыс әкімдігі және инвестор­лар­ға бұл ғимараттың құрылысын жеделдетуді тапсырды. Оның айтуынша, бұл нысан «Alatau City» жобасының ресми бастамасының рәмізіне айналмақ.

«Golden District» Кіші Алматы және Қаскелең өзендерінің ара­сындағы тасжол бойында ор­на­ласқан. Бұл аймақ ғылым, білім және медицина орталығы ретін­де дамытылмақ. Мұнда «K-Park» мәдени-бизнес кешені, халық­аралық білім орталығы, заманауи академқалашық, көпсалалы медициналық кластер бой көтереді. Сонымен қатар «Hyundai Green Food Almaty» және «Mars» сияқты әлемдік компаниялардың жобаларын жүзеге асыру жоспарланған.

«Growing District» «Алматы – Қапшағай» автожолы бойында және «Жетіген – Қазыбек» темір­жол желісінің маңында орнала­сады. Бұл аймақ экспортқа бағыт­тал­ған өндірістік және логисти­ка­лық орталық ретінде дамытылады. Көлік дәліздерінің тоғысында орналасуы және әуежайға жақындығы экологиялық таза өндірістерді дамытуға ерекше мүмкіндік береді.

Қанат Бозымбаев бұл жерде халықаралық «Rhenus Logistics» компаниясының басшылығымен кездесіп, Алатауда көлік-өндірістік хаб құрудағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Аумағы 31 730 гектарды құрайтын «Green District» Қапшағай суқоймасымен, Қаскелең өзенімен және Қонаев қаласымен шектеседі. Мұнда курорт­тық аймақтар мен саябақтар са­лы­нып, болашақта «Формула-1» жа­рыс тасжолы, «Iconic Building-2» ту­ристік орталығы бой көтереді. Бұл аймақ Алматы агломерациясы­ның басты туристік және демалыс орталығына айнал­мақ.

Жұмыс сапары барысында Қанат Бозымбаев министрліктер өкілдері, инвесторлар, бизнес қауымдастығы, халықаралық сарапшылар және Президенттің штаттан тыс кеңесшісі Вонг Хэн Файнның қатысуымен Жобалық офис отырысын өткізді. Жиында отандық және шетелдік инвестицияларды қорғау, келісімшарттардың тұрақтылығын қамтамасыз ету, Қытайдың «CRDI» компаниясымен бірлескен кеңес беру тетіктері, Алатау қаласының даму кеңесін құру және «Alatau City Authority» мемлекеттік қорының Жарғысын бекіту сияқты мәселелер қарал­ды. Сонымен бірге Мемлекет басшысының Алатау қаласын дамыту жөніндегі Жарлығының орындалу барысы және «Алатау қала­сы­ның арнайы мәртебесі туралы» Конституциялық заң жобасының орындалу барысын да талқылады.

Кездесу қорытындысында вице-премьер жауапты мемлекет­тік органдарға Алатау қаласын дамытуда кешенді тәсіл қол­дану­ды және тиімді үйлестіруді қамтамасыз етуді тапсырды.

 

Алматы облысы 

Соңғы жаңалықтар