Заң мен Тәртіп • Бүгін, 09:00

Әділетті қоғамның алғышарты

20 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Биыл еліміз Ата заңымыздың 30 жылдығын атап өтті. Конституция – институттар жүйесі ғана емес, құндылықтар да жүйесі. Оның барлық ережесі бостандық, теңдік, әділдік және қоғам мен мемлекеттің өзара үйлесімді іс-қимылының негізгі қағидаттары мен құндылықтарын бекітеді.

Әділетті қоғамның алғышарты

Конституция – бірлік көзі, адам құқықтарының кепі­лі және жалпы мемлекет тұрақтылығының мызғы­мас тірегі. Ата заңның мерейтойы еліміздегі маңызды саяси оқиға – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауымен тұспа-тұс келді.

Мемлекет басшысы ел үшін жаңа бағдарларды белгілей келе, «Заң және тәртіп» тұжы­рым­да­масын іске асыру дамудың бас­ты қағидаты болуға тиіс еке­нін атап өтті. Шын мә­нінде еліміздің саяси және қоғамдық өмірінде «Заң және тәр­тіп» тұжырымдамасы ерекше маңызға ие. Заң – теңдік пен әділеттің кепілі болса, ал тәр­тіп тұрақтылық пен болжам­ды­лықтың негізін құрайтын өз­ара байланысты элементтерді қамтиды.

Әділетті қоғам қалыптастыру, мемлекеттікті нығайту, ең бастысы мемлекеттің ең жоғарғы құндылығы – адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтарын қорғау жүргізіліп жатқан жаңа реформалардың негізгі темір­қазығы.

Әділет министрлігі мемле­кет­тің норма шығару үдерісінің үйлестірушісі бола отырып, құ­қық үстемдігін бекемдеп, «адам­ға бағдарланған» заңнама­ның тұрақтылығы мен болжам­дылығын қамтамасыз етеді. Осы ж­ұмыс аясында және «Заң және тәртіп» тұжырымдамасына негіз­делген нормативтік құқық­тық актілер жобаларының құқық­тық сараптамасын қамтама­сыз ету шеңберінде: заң мен сот ал­дында бәрі тең екендігі (Консти­туцияның 14-бабы); әркімнің Конс­титуция мен заңнама нор­маларын сақтауға, басқа да адам­дардың құқықтарын, бостан­дықтарын, абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеуге деген мін­деттілігі (Конституцияның 34-бабы); заңнаманы сақтау мақсатына қажетті шамада ғана құқықтар мен бостандықтарды шектеу (Конституцияның 39-ба­бы) конституциялық қағи­даттарын ескереді.

Конституцияның басқа да негізгі ережелерімен қатар, осы аталған іргелі қағидаттар да жоғары маңызға ие. Бұл – құқықтық сараптама жүргізілген кезде құқықтық қатынастардың барлық субъектілері бірдей құқықтық жағдайда болуға тиіс, ал олардың арасындағы кез келген айырмашылық объективті әрі ақылға қонымды негіздемеге ие болуы қажет екенін білдіреді. Яғни белгілі бір нормаларды енгізген кезде құқықтық мониторинг нәтижелері, сондай-ақ қандай да бір құқық қолда­ну прак­тикасының қалай қалып­тасқаны, құқықтық қаты­настар субъектілері мінез-құлқы­ның нақты қабылданған ережелерге іс жүзінде бейімделетіні ескеріледі.

Бұл, сайып келгенде, кез келген қабылданған заң ережесі құқықтық тұрғыдан айқын болу­ға тиіс екенін білдіреді. Яғни заң ережелері түсінікті де ай­қын тұжырымдалуға тиіс әрі бол­жамды болуы және пропор­цио­налдылық қағидаттарға сәйкес келуге тиіс.

Осы тұрғыдан, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңадан құрылған Конституциялық сот ерек­ше рөл атқарады. Ол өзі­нің барлық шешімінде елдің құқықтық жүйесін дамы­тудың қажетті контурын анық­тайды. Конституциялық ба­қылау органының құқықтық ұста­нымдары нақты істерді қарау нәтижесі ғана емес, соны­мен қатар заң үстемдігі мен адам құ­қықтарын қорғау қағидаттарына сәйкестігін қамтамасыз ете отырып, заңнаманы, сондай-ақ құ­қық қолдану практикасын дамыту үшін де басты бағдар болып отыр.

Тиісінше, құқықтық сарап­тама барысында негізгі консти­ту­циялық қағидаттарға қайшы келетін бастамалардың одан әрі қаралуына жол берілмейді. Сонымен қатар тәртіп идея­сына сәйкес келмейтін қол­да­ныс­тағы заңнамадағы артық, қай­таланатын немесе қарама-қайшы нормаларды жою бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр.

Әділет министрлігіне адам мен азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетігінің тиімді элементі ретінде қызмет ететін адам құқық­тары саласындағы жұмыс­ты үйлестіру жүктелген.

Еліміз 2025 жылы БҰҰ-да құқық қорғау күн тәр­тібі бойын­ша өткен отырыста есептерді ойдағыдай қорғады. Өзінің халық­ара­лық міндеттемелерін, оның ішінде Әмбебап мерзімді шолуды, Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіні дәйектілікпен жүзеге асырып келеді.

Халықаралық бастамалар мен ішкі қайта құрулар заң үстемдігі қағидаттарына негізделген біртұтас жүйені құрайды. «Заң және тәртіп» – абстрактілі идео­логия емес, әрбір адам күнделікті өмірде құқықтық көмекке, әділ сот шешіміне қол жеткізуде немесе өз мүлкін кепілдендірілген қорғауда, сондай-ақ ашық ат­қарушылық іс жүргізу кезінде сезінуге тиіс заңдылық.

Құқық қорғаудың дәстүрлі тетігі заманауи жаңа шешімдерді талап етіп отыр. Осыған байланысты Мемлекет басшысы ауқымды цифрландыру жұмы­сын жүзеге асыруды алға қой­ды. Бүгінде цифр­ландыру тек технологиялық жаңғыру емес, заң­дылық пен ашықтықты ны­ғай­тудың құралы ретінде де қол­данылып, азаматтардың билік өкіл­деріне деген жаңа деңгейдегі сенімін қалыптастырып отыр. Әділет органдары өз қызметінің барлық бағыты бойынша цифр­лық шешімдерді белсенді түрде енгізіп келеді.

Цифрландыру көптеген қыз­метті электрондық форматқа көшіру арқылы жағдайды түбегейлі өзгертті. Азаматтар мемлекеттік органдарға өздері бармай-ақ көптеген қызметті тәулік бойы қашықтан ресімдеу мүм­кіндігіне ие болды. Мұндай цифрлық шешімдерді енгізуге азаматтардың әділет органдарына түскен шағымдарының көп­тігі себеп болды. Қазіргі уақытта шағымдардың болмауы – жаңа енгізілген шешімдердің тиімділігінің көрсеткіші.

Жеке сот орындаушыларының кәсіби қауымдас­тығы­мен бірлесе отырып, «атқарушылық іс жүргізу тарап­тары кабинетін» енгізу маңызды қадамдардың бірі болды. Бұл жүйе сот шешімдерін орындау үдері­сі­нің ашықтығын қамтамасыз ете отырып, теріс пайда­лану мен «көлеңкелі» схемалар қаупін азайтады. Енді ат­қару­шылық іс жүргізу тараптары сот орындау­шы­сы­­ның нақты және жоспарланған әре­кеттерін онлайн ре­жімде қада­ғалап, оның әрекеттеріне немесе әрекет­сіз­дігіне келіспеген жағдайда дер кезінде әрекет ете алады.

Мәселен, өткен жылдың тамыз айынан бастап әкімшілік айыппұлдары 20 АЕК-тен ас­пайтын борышкерлерге «оңай­латылған тәртіппен» орындау тетігі іске қосылды. Мұндай тәртіп робот-сот орындаушы арқы­лы жүзеге асырылып, сот орындаушысының қыз­меті үшін ақы төлеуді болдырмайды және азаматтарға шамамен 1,9 млрд теңге үнемдеуге мүмкіндік берді.

Биыл нотариустардың кәсіби бірлестігі жүргізіп жатқан «Е-нотариат» жүйесін цифрлық реформалау нотариустар атқару­шылық жазба жасаған кезде азаматтардың құқықтарын қор­ғау мәселелерін де қозғады. Енді борышкер «тараптардың жеке кабинеті» арқылы онлайн ре­жімде атқарушылық жазбаға қарсылық білдіре алады немесе қарызы бар екенін мойындай алады. Қазірдің өзінде 1 миллионнан аса азамат атқарушылық жазба жасалғаны туралы хабарлама алып, дер кезінде онлайн-қарсылық білдіре алды.

Электрондық форматта нота­риат­тық қызметтер көр­сету жо­ба­сы да өз тиімділігін көрсетті. Әлемнің кез кел­ген түкпірінен биометриялық сәйкестендіру арқылы онлайн сенімхат (мүлік­тік құқықтарға байланысты сенімхаттардан басқа), некеде болмауы туралы өтініш және жұ­байының келісімін ресімдеу мүмкіндігі пайда болды.

Бұдан бөлек, азаматтарға заң­герлік көмектің қолжетімділігін және тиімділігін арттыру үшін «цифрлық көмекші» енгізілді. Азаматтар жалпыға қолжетімді «Әділет» (adilet.zan.kz) платфор­масында онлайн және тегін құқықтық кеңес ала алады.

Авторлар мен өзге де құқық ие­лерінің құқықтарын қор­­­ғау мә­селесі де өзектілігін жоғалт­қан жоқ. Осыған бай­­ланысты авторлық құқықтарды ұжым­дық негізде бас­қаруға арналған бірыңғай цифрлық платформа да­йын­далып жатыр. Бұл платформада авторлар мен өзге де құқық иелері өз туындыларының пайдаланылуын кез келген уа­қытта онлайн форматта бақылап отыра алады.

Бұл – кешенді жұмыстың бас­тамасы ғана: қолданыстағы цифрлық платформалардың функ­циялары кеңейтіліп, жаңа цифр­лық жобалар бір мезгіл­де әзір­леніп жатыр. Әділет орган­дарының цифр­ландырылуы әлеуметтік маңызға ие. Өйткені ол адами фактордың ықпалын азайтады және үдерістердің ашық­тығы мен қолжетімділігі құ­қық үстемдігі қағидасының күн­делік­ті өмірде іске асырылып жат­қанына шынайы дәлел іспеттес.

Бүгінгі юстиция – ашық­тық пен инновациялар, құ­­қық­тық дәстүрлер мен заманауи технологиялардың тоғысуы. Осы орайда 30 қыркүйекте атап өтілетін Әділет органдары қызметкерлері күні ерекше мәнге ие. Бұл күнді бүкіл кәсіби заңгерлер қауымдастығының ме­рекесі деуге болады. Ол – әрбір азаматтың күнделікті өмірінің бөлігі және заң мен тәртіпті қам­тамасыз етіп жүрген ел заңгер­лерінің еңбегін бағалау күні. Олардың еңбегі әрдайым көзге еленбесе де, дәл осы мамандар мемлекеттің тұрақтылығын, аза­маттардың құқықтарын қор­ғау­ға және қоғамның билікке деген се­німін нығайтуға атсалысады.

Бүгінде цифрлық трансформация жағдайында заң­гер­лер қауымдастығының міндеті – құқықтық жүйені сақ­­­тау мен дамыту ғана емес, сонымен қатар әділдік пен әр­бір адамды құрметтеуге негізделген жаңа идея­лар, тех­нологиялар мен құндылықтардың дәнекері болу.

 

Ерлан СӘРСЕМБАЕВ,

Әділет министрі

Соңғы жаңалықтар