
Жобалардың арасында Руна жазуын optical мен intelligent character recognition арқылы тану және талдау бағдарламасы бар. Жобаның негізгі мақсаты – Күлтегін ескерткішіндегі көне түркі руна жазуларын заманауи цифрлық технологиялар арқылы талдау. Бұл үшін оптикалық таңбаларды тану (OCR) алгоритмі негізінде арнайы модель құрылған.
«Алгоритмді құрастыру үшін біз алдымен руна алфавитінің кітапханасын жасақтадық. Бұл – барлық таңбалар мен олардың нұсқаларын қамтитын база. Кейін ескерткіштен түсірілген сурет немесе PDF файл енгізіп, жүйені оқыттық. Осылайша жүйе таңбалардың жалпы санын, жиілігін және таралуын есептеп береді. Осы арқылы мәтін құрылымын статистикалық тұрғыдан талдауға болады», дейді жоба авторлары.
Жобаның ғылыми жетекшісі Күлшат Ақанова алгоритмді жетілдіру үшін жасанды интеллект пен нейрожелілер қолданылғанын айтты. Машиналық оқыту әдістері арқылы жүйе руна жазуын танып үйренген.
«Бұл жүйені тек руна жазуын оқуда емес, басқа да салаларда қолдануға болады. Мәселен, автокөліктің мемлекеттік нөмірін тану жүйесінде, университетке кірердегі Face ID секілді биометриялық бақылауда, видеобақылау кезінде аудиториядағы адам санын анықтау және жынысына қарай жіктеу, қоғамдық қауіпсіздікті бақылау, интеллектуалды жүйелер құру секілді бағыттарда пайдалана беруге болады. Тек алгоритмді оқытса, болғаны», дейді К. Ақанова.
Көрмеде бұдан өзге де түрлі жасанды интеллект негізінде жасалған жобалар таныстырылды.
Дәріс оқитын ЖИ-аватар - онлайн оқытудың мүмкіндіктерін кеңейтетін инновациялық құрал.
Еуразия ұлттық университетінің ғалымдары онлайн оқытудағы басты мәселенің бірін шешу мақсатында жасаған. Қазіргі кезде студенттердің экран алдындағы назарын ұзақ уақыт бойы ұстап тұру – онлайн білім берудегі үлкен қиындықтардың бірі. Дәстүрлі бейнематериалдарда эмоция мен шынайы әсердің жетіспеуі студенттердің қызығушылығын төмендетеді.
ЖИ-Аватардың ерекшелігі – ол тек мәтінді оқып қана қоймай, эмоциямен жеткізеді, қазақ тілінің синтаксистік ерекшеліктеріне сай ым-ишара мен мимиканы бейнелейді. Бұл студентке шынайы ұстазбен сөйлесіп отырғандай әсер қалдырады. Бұл технология онлайн курстарды, мультимедиалық оқу бағдарламаларын дайындауда тиімді құрал бола алады. Тіпті кей жағдайда ол мұғалімді толық алмастырып, оқу барысын автоматтандыруға мүмкіндік береді.