
Мереке аясында өткен кешенді іс-шаралардың ең бастысы – «Тарих. Тағдыр. Тұлға. Жұбан Молдағалиев мұрасы» атты республикалық-аймақтық ғылыми-танымдық конференция болды. Жиынға Батыс Қазақстан облысы әкімі аппаратының басшысы Нұрділдә Ораз, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Ақұштап Бақтыгереева, жазушы, композитор Ілия Жақанов, Жұбан ақынның ұрпақтары мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Конференция мінберінде сөз алған ақын Ақұштап Бақтыгереева Жұбан Молдағалиев шығармашылығына шолу жасап, ақынның азаматтық тұлғасы жайында естелік айтты. Сондай-ақ Қазақстанның Еңбек Ері Ілия Жақанов, ақын, ұстаз, жұбантанушы Үзілдік Елеубаева, республикалық «Үшқоңыр» газетінің бас редакторы Болат Батырұлы, Махамбет атындағы Батыс Қазақстан университетінің қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Гүлшара Бисенова және басқалары да түрлі тақырыпта мазмұнды баяндама жасады.
Осы мерейтой аясында оқырман қауымға «Жұбан Молдағалиев. Естеліктер. Тарихи-ғұмырдеректік анықтамалық» атты кітап таныстырылды.
Бұл күні аудандық мәдени-демалыс орталығы ұсынған «Мен мың да бір тірілдім мәңгі өлмеске» көрме-қойылымы ерекше әсерлі шықты.
Жұбан тойы «Дәуір дауылпазы – Жыр-Жұбан» атты облыстық ақындар айтысымен жалғасты. 12 ақын жұптасып өнер көрсеткен сөз сайысын Ғарифолла Құрманғалиев атындағы филармония директоры Бауыржан Халиолла қорытындылап, аудан әкімі Мұрат Сердалин ақындарға ақшалай сертификат табыстады.
Жұбан ақынның мерейлі тойы дүбірлі дала ойындарына жалғасты.
Батыс Қазақстан облысы